"АЛМЭКС": Halyk Bank миноритарлық пакетін сатуға еш кедергі жоқ

5027

Холдинг бақылау пакетін сақтай отырып, еркін айналымдағы банк акцияларының үлесін және олардың өтімділігін арттыру, капиталдандыру мен  оларды ұлғайту жолында инвесторлардың ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін мәлімдеді.

"АЛМЭКС": Halyk Bank миноритарлық пакетін сатуға еш кедергі жоқ Фото: inbusiness.kz

"АЛМЭКС" холдингтік тобы free float акцияларының үлесін кеңейтуге кезең-кезеңімен өтіп жатыр, сондықтан Halyk Bank АҚ-да миноритарлық үлестерді сатып алу бойынша ұсыныстарға әрдайым ашық. Бұл ретте айта кететін басты фактор -  ол  бақылау пакетін, яғни акциялардың кемінде 51%-ын сақтай отырып, акциялардың өтімділігін арттыруға әрі акционерлер тобын кеңейтуге басымдық беру. Бұл туралы inbusiness.kz холдингтің баспасөз қызметінің түсініктемесіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Айта кетейік, біздің компания 2019 жылы да осыған қатысты баспасөз хабарламасын жариялаған болатын. Онда біз халықаралық инвесторлар қауымдастығының көптеген өтініштеріне сүйене отырып, "АЛМЭКС" Halyk Bank акцияларының өтімділігін арттыру бойынша нұсқаларды қарастыруға дайын екенін атап өттік. Яғни "АЛМЭКС" бақылау пакетін сақтай отырып, өзіне тиесілі акцияларды бағалы қағаздар нарығында шағын пакеттермен ішінара иеліктен шығаруға қарсы емес екенін білдірген болатын", - деп атап өтті inbusiness.kz тілшісімен болған сұхбатта.

Осыған байланысты компания кез-келген ұсыныстар бірінші кезекте Банк акционерлеріне тиімділігі жағынан қарастырылып, қазіргі нарықтың жағдайы мен бизнесті капиталдандырудың өсімін ескере отырып жүргізілетінін айтып отыр.

"Жалпы, акцияларды ішінара сату – бұл халықаралық қор биржаларында сауда жасайтын эмитент қағаздары үшін қалыптасқан халықаралық және қазақстандық тәжірибе. Кез-келген ұсыныстар қолайлы нарықтық жағдайды ескере отырып қарастырылатындығын ерекше атап өткіміз келеді.  Біз ірі акционер ретінде акциялардың өтімділігін арттыруға және Halyk Bank капиталдандыруын ұлғайтуға мүдделіміз", - деп қорытындылады "АЛМЭКС".

Halyk Bank АҚ - елдің барлық банк активтерінің үштен бірінен астамын құрайтын және тармақталған қаржы инфрақұрылымын қамтитын кең филиалдық желісі бар Қазақстанның ірі банкі. Мысалы, елдегі әрбір екінші банкомат Halyk Bank-ке тиесілі, осыдан-ақ оның ел қаржы нарығындағы орнын байқауға болады. Өткен жылдың желтоқсан айының басындағы жағдай бойынша банктің активтері 13,7 трлн теңгеден асады, ал салымшылар алдындағы жиынтық міндеттемелер 12 трлн теңгеге жуық. 

"Қазақстан қор биржасы" АҚ деректері бойынша Halyk Bank нарықтық капиталдандыруы 3 млрд АҚШ долларынан асады. Банктің ірі акционерлері - оның жай акцияларының 69,52%-ына иелік ететін "АЛМЭКС"Холдингтік тобы" АҚ және қарапайым акциялардың 28,51% номиналды ұстаушысы The Bank of New York.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу