Алты айда сақтандыру төлемдері 19,3 пайызға артқан

20229

Қаңтар-маусым айларында отандық сақтандыру компанияларына 36,4 млрд теңге түскен. 

Алты айда сақтандыру төлемдері 19,3 пайызға артқан

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанның сақтандыру нарығында 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында автокөлік иелерін міндетті сақтандыру  сыйлықақылары мен төлемдері кезекті рет өсім көрсетті. Отандық 17 сақтандырушы компания 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында 36,4 млрд теңге жинаған. Бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,3 пайызға жоғары.  

Дәл осындай жағдай сақтандыру төлемдері бағытында да байқалып отыр. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша автокөлік иелеріне төленетін төлемдер 19,3 пайызға, яғни 2,3 млрд теңгеге артып, шамамен 14,5 млрд теңгені құрады. Ал 2018 жылдың сәйкес кезеңінде 12,1 млрд теңге болған еді.

Көлікті сақтандыру үшін сақтандыру полисін сатып алу керек. Оның құны автомобильдің шыққан жылына, оны пайдалану мерзіміне, жүргізушінің жүргізуші ретіндегі еңбек өтіліне, жасына және жол апатын жасау тарихына байланысты. Сақтандыру полисі көбінесе көліктің нарықтағы құнына сәйкес бағаланады. Отандық көлікті сақтандыру құны барлық команияда бірдей.

Әрбір зардап шеккен тұлғаның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін 500 айылық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін төлемақы төленеді. 1 айлық есептік көрсеткіш 2 405 теңгеге тең.

Егер көлігін сақтандырған адам жол-көлік оқиғасына ұшыраса, апаттық комиссарлар дер кезінде жетіп, МАИ қызметкерлерінің де, клиенттің де құжаттарын суретке түсіріп алады. Сақтанушы әкімшілік сотқа тікелей жүгінбейді. Комиссарлар барлық құжатты алып, сотқа өздері жинайды. Келтірілген шығынды жол апатынан кейін он күн ішінде ала алады. МАИ қызметкерлерін шақырмай-ақ мәселені шешуге болады. Ол үшін келісім-шартқа қол қойған кезде осы түрін таңдауы керек.

Азаматтар және заңды тұлғалар өз өмірін немесе мүлкін, үшінші тұлғалар алдындағы өзінің жауапкершілігін тек Ұлттық банктің тиісті лицензиясы бар қазақстандық сақтандыру ұйымдарында ғана сақтандыра алады. "Сақтандыру қызметі туралы" заңда сақтандыру компанияларының желілік маркетинг форматындағы қызметі көзделмеген. Алданып қалмас үшін бірнеше маңызды шарттарға назар аударып, ақшаны салғалы жатқан мекемені терең зерттеу керек.

Сақтандыру сыйлықақыларын реттеуші статистикасына сәйкес, 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша үш ірі сақтандыру компаниясы 19,2 млрд теңге жинаған. Атап айтқанда, "Евразия" сақтандыру компаниясы – 7,8 млрд теңге, "Халық" сақтандыру компаниясы – 6 млрд теңге, "НОМАД Иншуранс" сақтандыру компаниясы 5,3 млрд теңге жинаған. Бұл ретте аталған компаниялардың сыйақылары барлық сақтандыру компанияның жиынтық төлем көлемінің 52,6 пайызын құрады.

Сақтандыру төлемдеріне келер болсақ, алғашқы үштікке келесі компаниялар еніп отыр: "Еуразия" сақтандыру компаниясы – 3,1 млрд теңге, "Халық" сақтандыру компаниясы – 1,7 млрд теңге, "Коммеск-Өмір" сақтандыру компаниясы – 1,5 млрд теңге. Осы компаниялардың төлемдері барлық сақтандырушылардың жиынтық төлем көлемінің 44,6 пайызын құрады.    

Атап өтерліші, сақтандыру компанияларының саны азайып, бірігу арқылы іріленіп жатыр. Мәселен, жалпы сақтандырумен айналысатын "Казахинстрах" (Halyk bank) пен "Қазкоммерц-Полис" (Қазком) бірікті. Сондай-ақ "Халық-life" пен "Казком-Life" біріккені белгілі.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу