Алыс көрші елде әйелдер бала тууды қойған

3901

Тұтас бір мемлекетте 1 жылда туылған сәби саны Қазақстанның бір қаласының көрсеткішінен де аз.

Алыс көрші елде әйелдер бала тууды қойған Фото: lt.sputniknews.ru

Халықаралық сарапшылар бүкіл Балтық елдерінде "демографиялық қыс" басталғанына назар аудартуда. Алайда соның ішінде әсіресе, Литваның жағдайы ауыр.

Литваның Мемлекеттік деректер агенттігі (Valstybės duomenų agentūra немесе The State Data Agency) бұл елдің құрдымға құлап бара жатқанын статистика жүзінде паш етті.

Сонымен, Литвада бір жыл ішінде дүниеге келген бөбектер саны:

  • 2020 жылы – 26,6 мың,
  • 2021 жылы – 23,3 мың,
  • 2022 жылы – 22,1 мың,
  • 2023 жылы – 20,6 мың,
  • 2024 жылы – 18,7 мың болды.

Салыстырсақ, Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының дерегінше, республикамызда 2024 жылғы 12 айда жалпы саны 368 670 бала дүние есігін ашқан. Оның ішінде ұлдар – 190 213, қыздар – 178 457.

Мысалы, Литва мемлекетінде былтырғы жылы 18,7 мың бала туылса, Қазақстанның бір ғана Шымкент қаласында 2024 жылы 28 936 бөпе өмірге келді. Оның ішінде 14 837-сі – ұл, 14 099-ы – қыз.

Демография жөнінен ел лидері Түркістан облысында 2024 жылы бала туу көрсеткіші 2023 жылға қарағанда 3,3% кеміді. Бірақ соның өзінде осы бір ғана өңіріміздегі бұл көрсеткіш бүкіл Литваның көрсеткішінен 3 есеге жуық көп. Өткен жылғы қаңтар-желтоқсанда Түркістан облысында 53 807 бала туылды.

Дегенмен, әсіресе, Украина, Беларусь, Ресей сияқты елдерден мигранттарды магниттей тартуы арқасында Литва – былтырғы жыл қорытындысында халқының саны сәл де болса өскен Балтық жағалауындағы жалғыз елге айналды.

"Литва – Балтық елдері арасында 2024 жыл қорытындысында тұрғындарының саны шамалы да болса көбейген жалғыз республикаға айналды. Мемлекеттік деректер агенттігінің мәліметінше, бүгінде Литвада шамамен 2 миллион 890 мың адам тұрып жатыр. Бұл бір жыл бұрынғыдан 4 мың адамға көп", – деп хабарлады "Currenttime.tv" арнасы.

Литва тұрғындарының саны 30 жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз, жыл сайын дерлік төмендеп келе жатқан болатын.

Алайда соңғы бірнеше жылда демография келімсектер есебінен жақсарды. 2022 жылдан бері бұл елге бірінші кезекте, Украина мен Беларусьтен босқындар легі тасқындай бастады. Тиісінше, жергілікті тұрғылықты халықтың үлесі төмендеді.

"Біздің елдің тұрғындарының саны шетелдік иммиграция, сондай-ақ Отанына кері оралған литвалық реэмигранттар есебінен ғана сақталып тұр. Бұл шынында көңілсіз жайт. Ол елдің экономикалық перспективаларын да көмескі етіп тұр", – деді Литваның Мемлекеттік деректер агенттігінің басшысы Юрате Пятраускене.

Бұл жерде реэмигранттар деп отырғаны – кезінде табыс іздеп, өзге елдерге, әсіресе, Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ мемлекеттеріне аттанған литвалықтар.

"Брекзит" болғанда, яғни, британ патшалығы ЕО-дан шыққаннан кейін олардың бір бөлігі виза ала алмай, еліне кері оралған. Бұған қоса, кейінгі жылдары іргедегі соғыс кесірінен Еуроодақтың экономикалық ахуалы нашарлады.

Euronews мәліметінше, 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда, 2024 жылғы қарашада ЕО-дағы жұмыссыздық 6,1%-дан 5,9%-ға дейін төмендеді. Соған қарамастан, Eurostat Еуропалық Одақ блогына кіретін елдерде 13 миллионға жуық адам екі қолға бір күрек таба алмай жүргенін мәлім етті.

Жұмыссыздар армиясы осылай қаптаған жағдайда ЕО-ның өзге елдерінде жүрген литвалықтардың бір бөлігі бағын туған жерінен іздеуге ұйғарған.

"Өткен 2024 жылы – 5-ші жыл қатарынан Литва азаматтарының өз еліне реэмиграциялануы бойынша оң үрдіс жалғасты! Олардың саны біз үшін рекордтық көп болды: шамамен 9,5 мыңдай литвалық Отанына қайтты", – деді Swedbank бас экономисі Нериюс Мачюлис.

Бірақ сарапшылардың айтуынша, басты проблема сол, литвалық айымдар бала тууды қойып барады.

Республикада childfree қозғалысы кең етек алды, әйелдердің, жас отаулардың көбі бала туып, асырауды ары ысырып, алдымен өздері үшін өмір сүріп, ләззаттануды, мансап-карьерасын жасауды алдыңғы орынға қояды.  

Салдарынан, Литвадағы бала туу көрсеткіші антирекордтарды жыл сайын дерлік жаңартады. Өткен жыл қорытындысында тарихи минимум орнады: шамамен 18 700 сәби ғана туылды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2 мыңға аз.

Бұл ретте өлгендер саны туылғандардан екі еседей асып түсті.

Демографтар таяу онжылдықта Литвада бұл саладағы жағдай өзгеріп, ахуал түзеледі деп үміттенбеуге болатынын айтады. Себебі, халық қартайып барады.

"Литвада репродуктивті жастағы әйелдердің саны кемуде. Соңғы бірнеше жылда иммиграция жалпы жағдайды жұмсартты. Бірақ ұзақмерзімді тұрғыда алғанда, бала туа алатын жастағы әйелдердің саны шын мәнінде өте қатты қысқарып қалды", – деп түсіндірді әлеуметтік ғылымдардың докторы Даумантас Стумбрис.

Сарапшылар Батыс елдерінің басым көпшілігі ұқсас тұйыққа тірелгеніне назар аудартты.

"Барлық бай мемлекеттердің ортақ нышаны – отбасылар шағынданып, ондағы бала саны азаюда. Өйткені ауқатты адамдардың басымдықтары өзгеше, мәдени аспектілері ерекшеленеді. Ал, мұндай елдерде тұратын кедей адамдар да көп бала туа алмайды, әсіресе, қалаларда өмір сүру құны, бала асырау шығыны үлкен. Батыс елдерінде урбанизация ғаламат қарқынмен жүруде. Мұның да әсері бар. Себебі, деревняда, хуторда тұратындарға жеті бала тауып алған тиімдірек, олардың бәрі өскен сайын ата-анасына шаруашылық жүргізуге көмектеседі", – деп санайды Swedbank бас экономисті Мачюлис.

Оның байламынша, бала тууды ақшамен, жоғары жәрдемақылармен ынталандыру Литваға жарамайды. Мұның орнына, экономистің пікірінше, мемлекет бір баласы болса да, дәл қазір баласы бар әрбір отбасыға қаржылай көмектескені жөн.

Сонда мемлекеттің балалы отбасыға пәрменді қолдау көрсететінін көріп, жас отаулар да бала сүюге құлшынады.  

Мачюлис адамы қалмай бара жатқан елдерге жоғарғы қарқынмен роботизациялануға және автоматтандырылуға, жасанды интеллектіні барлық салада жаппай ендіруге тура келетінін нықтады. Бұл қорғаныс саласына да тікелей қатысты.

Онсыз шағын мемлекеттер жер бетінен құрып тынады, жері өзге басқыншыларға жем болады.  

Дүние есігін ашқан балалар санының өткен жылы рекордтық көлемде азайып қалғанын сондай-ақ Латвия мен Эстония да хабарлады.

Еуростат мысалы, 2023 жыл қорытындысында Еуропалық Одақта балалардың соңғы 16 жылдағы ең аз саны туылғанын жариялаған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу