Атлант мұхитынан бұлттарды тартып, Аралға жаңбыр қылып жауғызамын

9738

Біздің технология бейбіт елде ауа тазартуға, қуаңшылықты жоюға арналған әдіс. 

Атлант мұхитынан бұлттарды тартып, Аралға жаңбыр қылып жауғызамын Фото: smartnews

Мамандығы инженер Алтай Айнабек құрғап қалған Аралды толтырумен атағы шықты. Ол  арнайы технологияның көмегімен бұлттарды Атлант мұхитынан тартып алады. Сосын оларды бір-біріне қысып-сығымдайды да Аралдың құрғақ жеріне жаңбыр қылып жауғызады. Ал ол  ұстай алмаған бұлттар технологияның әлсіздігінен Қазақстанның оңтүстік шығыс жақтарына қашып, ол бұлттар жаңбыр болып жауып жатыр. Өзінің "Жаңбыр жаудыру" әдісін қарапайым тілмен түсіндіруге тырысқан Алтай Айнабек соңғы 8 жылын климаттық технологиялар саласына арнап келеді. Оның айтуынша, бұрын Кеңес одағы 40-шы жылдары "бұлт егу" әдісін Вьетнамдағы гибридті соғыс кезінде пайдаланған екен. Енді сол "бұлт егу" (бұлттан тамшы түсіру) мен өзінің ойлап тапқан "бұлт шақыру" әдістерін біріктіріп құрғап қалған Аралды суға толтырмақ. Алайда "Жаңбыр Адамның" нано технологиясына күдікпен қарайтын адамдар мен оның іс-әрекетін қолдайтын оқырмандар үшін Алтай Айнабектің өзінен сұхбат алған едік. 

– Алтай қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші. Бұлтты қалай аспанға жинап, оны Аралға жаудырасыз? Төбедегі бұлт сізге қалай бағынып жатыр?

– Биыл еліміздің біршама аймақтарында қуаңшылық болатынын естігенде, мен оны өзіме "вызов" ретінде қабылдадым. Яғни қурап, қуаңшылылық болып жатқан аймақтарды өзіміз жасаған  технологиямен суландырып көрейін деп ойладым. Сөйтіп Аралға екі рет бардым. Аралдағы қуаңшылық пен тұздың желмен ұшып жатқанын өз көзіммен көргеннен кейін, жаңа технологиямды осы жерде сынап көруге бел будым. Біздің Аралға қойған технологиямыз бұлттарды Атлант, Солтүстік мұзды мұхиттан және Парсы шығанағынан тартады. Солтүстік мұзды мұхиттан келген бұлттардан тамшыларды сығып алғаннан кейін, ауа-райы сап-салқын кейде тіпті суық болып кетеді. Біздің Clear Sky Manages New Generation климат басқару жүйесі қазір Арал өңірінде орналастырылған атмосфераның төменгі қабатын иондау технологиясы. Табиғатта жауын-шашын деңгейі жоғары болатын өлкелердегі табиғи процестерді технология көмегімен иммитация жасауға негізделген. Табиғатта мысалы Сібір ормандары оттегіні көп бөледі, оттегімен бірге атмосфераға бір белгілі иондар бөлінеді. Бұл өз кезегінде аталмыш жерлерге жауын-шашынды бұлтарды шоғырландырады. Біз осындай табиғи процесті жазықтықта, қуаңшылық аймақта жасап отырмыз.

– Жаңа технологияңыздың қыр-сырын айтып беріңізші? Бұрын "Жаңбыр жаудыру" әдісі қай елдерде қолданылды?

– Жалпы климаттық технологиялардың шығу тарихы жайлы 19 ғасырдың аяғында пайда болғандығы туралы ғылыми еңбектер бар. Мысалы  1984 жылғы  Ресейлік "Метеорологический вестникте" де жазылған зерттеулер соның дәлелі. 30-жылдары еуропалық ғалымдардың жұмыстарында да кездеседі. 40-жылдары "бұлт егу" (бұлттан тамшы түсіру) технологиясы Кеңес үкіметі кезінде "Тропа хошиминада", Вьетнам соғысында, гибридтік соғыстарда пайдаланылған екен. Бірақ уақыт өте келе климаттық технологиялар: азаматтық және гибридтік соғыс қаруы болып екіге бөлінді. Бүгін де 80-ге жуық мемлекет “бұлт егу” әдісін қолданды. Алайда атмосферадағы бар ылғалды конденсациялау арқылы жауын деңгейін көтеретін бұлт егу методы ескі технология болғандықтан қуаңшылық аймақтарда нәтиже бере алмады. Себебі, бұл атмосфераның төменгі қабатында жұмыс жасайтын, атмосфералық ылғал жеткілікті кезде және жерлерде ғана жұмыс жасай алатын азаматтық технология. Оны Аралда Кеңес ғылым академиясының мамандары және Қазақстандық мамандар жасап та көрген, бірақ жақсы нәтиже бермеген. Ал бүгінде әлем елдері ионосфера арқылы жұмыс жасайтын: HAARP, "лазерное воздействие" қазақша айтсақ, "климаттық қарулар" технологиясы бар екені белгілі. Ол технологиялар БҰҰ ENMOD конвенциясына сай емес болғандықтан біз олар туралы айтпаймыз да, оны қолданбаймыз. Біздің технология бейбіт елде ауа тазартуға, қуаңшылықты жоюға арналған әдіс. Өзіміз құрастырған технология циклондық процестерді "қосады", мұхит акватриясынан ылғал тартады. Бастысы, атмосфераның төменгі қабатында жұмыс істейді, яғни азаматтық технология.

– Яғни "Clear Sky Manager New Generation" нанотехнологияның атауы ма?

– Иә. Жалпы ықшамдап айтқанда, "Clear Sky Manager New Generation" (климат басқару жүйеміздің атауы) климаттық процестерді басқаруда төрт негізгі үдерісті  (конвекция механизмінің гидродинамикалық процестері, заттың сұйық фазалық күйі, литосфералық процестер, суперсұйық электрондар) пайдаланады. Ал бұлар, қазіргі замандағы атмосфералық құбылыстар туралы ғылыми көзқарастарды қалыптастырады. Сондай-ақ, әр жердің өзінің жергілікті климаттық жағдайына және қандай мақсатта жұмыс істеу керек екеніне сай мәселеге байланысты белгілі бір механизмдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, "Clear Sky Manager New Generation" метеорологиялық процестерді басқарудың ең тиімді әдістерінің бірі деп айта аламыз. Біздің ерекшелігіміз – технология құрғақ аймақтарда жұмыс климатын өзгерте алады.

– Бұрын технологияларыңызды басқа елдерде тәжірибеден өткізіп көрдіңіздер ме?

– Қазір бұл технологияны Араб, АҚШ, Қытай, Өзбекстан елдері қатаң бақылап отыр. Біріккен Араб Әмірліктерімен бірігіп жұмыс жасау үшін келіссөздер де жасап жатырмыз. Әзірге тәжірибе жасауды өз елімнен бастап отырмын. Мысалы, біз Пәкістан мен Үндістан арасында орналасқан Чолистан шөл даласында жаңбыр жаудыру конкурсына қатыстық. Бәсекелестеріміз: Австралиядан- Rain корпорациясы, Біріккен Араб Әмірліктерінен магниттік технологиясы,  Швейцариялық Weather Tech технологиялары бақ сынасқан жерде біздің "бұлт шақыру" әдісіміз бәрінен үздік шықты. Себебі олардың ешқайсысының технологиясы шөл мен шөлейт жерлерде, жазықтықтарда жауын-шашын деңгейін көбейте алмады. Олардың технологияларын тек таудың басына орнату керек екен. Ал біздің технология жазықтықта бұлт шақыра алатындығымен ерекшеленді.

– Технологияларыңызды патенттей алдыңыздар ма?

– Технология патенттелген. ЕАПО. Халықаралық жасыл технологиялар орталығының реестіріне кіргізілген. Жүйенің тек бір бөлігі ғана жұмыс жасауда қазір. Басты кезеңге өтіп, дрон, метеоқұрылғыны жасақтап, қазіргі Ц5 елдеріне құйылып жатқан жауынның біршама бөлігін Арал теңізінің тарихи орнына құю керекпіз. Жалпы, климат басқару жүйеміз толыққанды жұмыс жасаса нәтиже бұдан әлдеқайда жақсырақ болар еді

– Неге сіздің жасап жатқан жұмысыңызға кедергі келтірушілер көп? Олар неге аяқтан шалып жатыр?

– Жалпы тарихта қандай да бір жаңа нәрсенің жүзеге асуы, үлкен қиындықпен келген. Ешкім "үйреншікті" нәрседен айрылғысы келмейді. Ғалымдардың барлығы климаттық технологияларды қолданысқа енгізу дәстүрін мойындағысы келмейді. Дүниежүзілік банк пен Азия банкінің құжаттарына сәйкес Қазақстанға жаңа платина, дамбы салу қауіпті делінген. Осыдан шығатыны, біз ұсынып отырған жол – координалды су ресурстарымен қамтамасыз етудің жаңа бағыты.

– Фейсбукте Қазгидромет мекемесін неге көп сынадыңыз?  

– Қазір көп мемлекеттерде қоршаған ортаны қорғау министірліктеріне қосымша "климат өзгеруге қарсы жұмыс жасау" министірліктері деп өзгертілген. Ал бізде әлі өзгеріс жоқ. Соңғы 3 жылда елді қуаңшылықтан шығарып келеміз, ол туралы бұқара енді біліп жатыр. Казгидромет тек ауа- райын болжап қана отыр. Жаһандық жылынуға қарсы қоятын құралы да жоқ.  Бірақ қазір тек болжам жасау аз, қарсы амал жасау керек. Жалпы Казгидромет басшысымен жеке кездестім. Телефонмен 2022 жылдан бері  байланыстамын. Бірге ғылыми жұмыс жасауға үздіксіз шақырып келемін. Әзірге келіспеді. Жақында тағы ресми хат жолдап, ғылыми жұмысқа шақырдым. Сол мекеменің базасында жаңа технологияны іске асырғым келеді. АҚШ ғалымдары қатты ыстықтан қорғануға жасанды бұлт жасаумен де шұғылданып жатыр. Жалпы қазіргі климаттық жағдайда, жаңа технологиялармен, жаңа көзқараспен жұмыс жасау керек. Өмірдегі ең есерсоқ әрекет – ол бір нәрсені қайталап жасай беру.

– Аралды қанша пайызға суға толтырдыңыз?

– Біз жұмыстарымызды басталмас бұрын, Аралдың аймағына метеорологиялық станциялар қою керек деп ескерткенбіз. Ол бізге нақты цифрларды беретін еді. Енді амалсыз халыққа үндеу жасап отырмыз.  "Халайық жаңбыр жауған күні аулаларыңызға шелек қойып, жаңбырдан түскен суды сызғышпен өлшеп, сосын бізге көрсеткішті жазып жіберіңдерші" дедік. Бір күнде 100 мм, кей жерлерде одан көп түскені туралы видео мен суреттер халықтан көптеп  келуде. Ал ол дегенің әжептеуір судың келгенін көрсетеді. Бірақ, шілде су жинайтын кез емес екенін ескерсек, бұл керемет көрсеткіш. Жалпы жоспарымызда өзіміздің нано спутниктерімізді жіберіп космостан бақылау жасасақ  деп,  әзірге Қазақстан Ғарыш сапарымен келіссөздер жүргізудеміз.

– Қанша уақытта Арал қалпына келеді?

– Қазірдің өзінде тұз бен құм тарауын біршама тоқтаттық. Министр құйылатын су көлемі 12,5 рет артты деді. Үкімет қолдап, материалдық техникалық базамыз болған жағдайда 3-4 жылда жап-жақсы нәтиже болады.

– Командаңызда қанша адам бар?

– Осы жобаны бастауға 100-ге жуық адам атсалысты. Басты кезеңге өткенде 1000 шақты адам адам жұмыс жасауы керек.

– Соңғы уақыттары Алматыда күнде жаңбыр жауып кетті. Оған сіздің бұлттарыңыздың қатысы бар ма? Яғни Аралдың төбесінен "қашып келген" бұлттар жаңбыр болып жауды ма деген пікір мазалайды.

– Әрине. Экватордың солтүстігінде атмосфералық процестер батыстан шығысқа жылжиды. Аралдан өткен бұлттардағы ылғалдың біршама бөлігін "сығып" алатын технологиялық мүмкіндіктер әсіресе материалдық технологиялық база болмағандықтан өтіп кетіп жатыр. Сөйтіп тауларда табиғи "восходящии поток" болған соң, таулы аудандарда коагуляция болып түсіп жатыр. Ендігі мақсат, соларды өткізбей, Аралдың табиғи табанына түсіріп алу. Осы үшін үкіметтен қолдау керек.

– Сізді кейбір адамдар Пайғамбарлардың біріне теңеп жатыр. "Жаңбыр адам" деген аңыз атқа да ие болдыңыз. Қазір Фейсбукте сіз үшін үлкен дау жүріп жатыр? Не дейсіз?

– Пайғамбарға теңеу деген ауыр әңгіме екен. Ондайды естімеппін, және ондайға жеке өзім қарсымын. Бұрын менің немен айналысатынымды білетін айналамдағылар ғана "Жаңбыр адам" дейтін, қазір көпшілік айтып жүр. Жастар жекеме жазады, оқуға деген құлшынысымызды арттырып, мықты мотивация беріп жатырсыз, кездесейікші дейді. Меніңше бұл жақсы үрдіс. Мен бір өзімді "супер мықты адам" етіп көрсеткім келмейді. Тек қана технологиялық кванттық серпіліс жасауға шақырамын. Бізде әр салада небір мықты жігіттер мен қыздар бар, солардың мүмкіндіктерін ашуға, шетел асып кетпеуіне, елге пайдасын тигізуге ықпал жасасам екен деймін.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Президентіміз биылдан бастап Аралды құтқару халықаралық қорының төрағасы атанды ғой. Мені қабылдап, Аралға су жобасын қолдаса екен деймін. Өйткені Аралды тірілтуге мүмкіндік бар.

– Негізі Аралды суға толтыру үшін қанша қаржы керек? Ол қаржыға қандай құралдар сатып алмақшысыз?

– Мысалы тек бір метеоролргиялық дрон 650 000 АҚШ доллары тұрады, ал бір метеорадар 3-4 млн АҚШ доллары. Жәй ғана атмосферадағы электр қуатын есептейтін, иондарды есептейтін құрылғылардың өзін ала алмай отырмыз қазір. Жерден әсер ететін иондау станцияларының саны да аз болып тұр. Барлық керекті саймандарды көрсетіп былтырдан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі және Экология министірлігіне ұсыныс беріп келе жатырмыз. Нәтиже жоқ.

Сіздің батыл қадам жасауыңыз елді үркітіп жатқан жоқ па?

– Батыл қадамды тек алаштықтар жасаған. Оның қасында біздікі ойыншық. Қазір заман дамыған, түрлі идеялар жаңалықтар толып жатыр. Соны түртіп ашсаң болды, ешқандай үлкен жаңалық, батыл қадам  жасап керек емес. Тек біліміңді тәжірибеге енгізе алсаң жеткілікті. Арал – Орталық Азиядағы су жетіспеушілігінің индикаторы ғана. Болашақта су тапшылығы орын алуы мүмкін. Орталық Азияда халық саны артқан сайын, ауғандар Кош-Тепа каналын салып Әмударияның суын өздеріне бұруда. Жыл сайын жағдай нашар болатыны сөзсіз. Сол үшін, дәстүрлі технологияларға қосымша қазірден қосымша технолоогиялар енгізіп, су қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысу керек.

– Қызықты сұхбатыңызға рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу