Арқалықта су тасқынынан зардап шеккендерге 68 пәтер берілді

729

Тұрғындарға қайталама нарықтан өздігінен пәтер таңдау құқығы берілді. 

Арқалықта су тасқынынан зардап шеккендерге 68 пәтер берілді Фото: freepik

Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге 68 пәтер берілді. Бұдан бөлек қала тұрғындарына тұрмыстық техника сатып алу үшін сертификаттар табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Atameken business-ке сілтеме жасап.

Екідін және Қызыл Жұлдыз ауылдарында, сондай-ақ жақын маңайдағы аудандарда техникалық сараптама нәтижесі бойынша 98 үй апатты деп танылды. Оның орнына үй иелеріне жалпы сомасы 964 млн теңгеге 68 пәтер берілді. Бұл – үш және төрт бөлмелі үйлер. 

Арқалық тұрғындары өткен айдың ішінде жаңа үйлеріне қоныстанды. 
Atameken business тілшілері жаңа пәтерлерді көріп қайтты. Тұрғындар баспаналы болғандарына мәз-мейрам. Олардың сөзінше, ауылдарда қалған үйлері жөндеуге және қалпына келтіруге келмейді, ал жаңа пәтерлер лайықты өтемақы болып отыр. 

"Қалаға көшеміз деген ой тіпті болған да жоқ. Бірнеше нұсқа қарастырдық, бірақ осы үй бізге ұнады. Енді жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Үкіметтің қолдауымен әрі қарай дамимыз деген ойдамын. Қуанып отырмын, осындай үй беріледі деп ешқашан ойламадым", - деді Арқалық тұрғыны, тасқыннан зардап шеккен Серік Айтжанов. 

"Маусым айының басында "Аяла" бағдарламасы бойынша осы жаққа көшіп келдік, әкімдік арқылы пәтерді бір күнде алдық. Пәтердегі жөндеу жұмысы, барлығы да көңілге қонымды, рахмет, залал қалпына келтірілді", - деді Қазбек Абу.

Пәтерлерден бөлек, зардап шеккендерге демеушілік қаражат есебінен тасқын кезінде бүлінген тұрмыстық техника да өтелді. Қазіргі таңда тұрғындарға электротехника сатып алу үшін  33 сертификат табысталды, әрқайсындағы сома мөлшері 125 мың теңгені құрайды.

Әкімдіктің дерегінше, Үкімет резервінен 405 млн теңгеге 31 пәтер сатып алынған. Қалғаны демеушілік және қайырымдылық қорлары қаражаты есебінен алынды.

Айта кету керек, тұрғындар қайталама нарықта пәтерді өз бетінше таңдауға құқылы болды.

"Барлық тұрғын бұл пәтерлерді өздері таңдады, біздің тарапымыздан қандай қордан немесе қандай бюджеттен ғана нысан болды. Үкімет резервінен ақша бөлінді, сома бойынша белгілі бір шектеу болды - бір пәтер 15 млн теңгеден аспайды. Сәйкесінше, тұрғындар осы сомаға дейін пәтер сатып алды. Екінші кезең – адамдар қандай бағамен келіскендей, нарықтық құнға сәйкес келді. Біз қазір бес пәтерді сатып алмақпыз, олардың үшеуі баға бойынша шешілді, нотариус арқылы мәміле жасалып, "Көмек.kst" арқылы төленетін болады. Жалпы сомасы – 53 млн теңге", - деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов.

Үйлері жөндеуге келмейтін қалған зардап шеккендер екінші нарықтан емес, жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер алады. Үйлер Арқалықта салынып, күзде пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар әкімдікте зардап шеккендерді жұмысқа орналастыру мәселесі де шешімін тауып жатыр. Өткен айда бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 19 адам жұмысқа орналасты.

Айта кетейік, Президенттің бизнесмендер тасқыннан зардап шеккендерге көмек қолын созу туралы тапсырмасынан кейін Қостанай облысының зардап шеккен тұрғындарына алғашқылардың бірі болып кәсіпкер Данияр Әбілғазин қолдау көрсетті. Меценат Қостанай мен Арқалықта пәтер сатып алуға 1,5 млрд теңге бөлді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу