Арнайы экономикалық аймақ жерлерін сату ұсынылды

5863

Іргедегі геосаяси дауыл біраз көзбояушылықтың бетін бүркемелеп келген "бетперделерді" ұшырғанға ұқсайды. Бұған дейін "Қазақстанда жасалған" деп дәріптелгендердің мүлдем ондай еместігі анықталуда.

Арнайы экономикалық аймақ жерлерін сату ұсынылды

Индустрияландырудың 3 бесжылдығында ел қағазға да жарымады

"Отандық өнім" шығарып, импортты алмастырды деген кәсіпорындар қазір дағдара бастады, алды жабылып та жатыр. Себебі Батыс әлемінің Ресейге қарсы санкциялары және Ресейдің халықаралық транзитті тосқауылдауы кесірінен "отандық өнімді" шығару үшін қажетті шикізат, құрауыш бөлшектер және басқасы Қазақстанға да жеткізілмейді.

"Қазақстандық өнім өндіруші", "индустрияландыру жемісі" деп Үкімет қолды-аяққа тұрғызбай мақтаған зауыт-кәсіпорындардың көбі арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) орналасқан. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2002 жылдан бері барлық 13 АЭА аумағында жалпы құны 1,6 триллион теңге тұратын 307 жоба жүзеге асырылды. 21 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. Бүкіл АЭА-лар территориясының толу үлесі 38%. Министрлік өткен жылы осы АЭА-лар жалпы сомасы 3,9 триллион теңгенің өнімін өндіргенін, оның 298,7 млрд теңге өнімі экспортқа шығарылғанын хабарлады.

Соның ішінде оптикалық құрылғылар, түнде көру аспаптары, бронетранспортерлер, локомотивтер, жолаушылар вагондары, құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптер және басқасының өндірісі жолға қойылды делінген. Бұл 2022 жылғы қаңтардағы кеңесте айтылған ақпарат еді. Одан бері заман күрт өзгерді.

Енді АЭА жобаларының жабыла бастағаны белгілі болуда. Мысалы, 2016 жылғы маусымда "Астана – жаңа қала" АЭА-да "Ipek Kagit Central Asia" түрік компаниясының гигиеналық өнімдерді шығаратын зауыты салтанатты түрде ашылды. Оның "Selpak" брендімен шығарған қағаз сүлгілері, майлықтары, дәретхана қағазы отандық өнім ретінде түрлі сый-сияпатқа бөленді, жергілікті телеарналардан насихатталды. Бұл зауытқа елордалық АЭА-да атшаптырым аумақ – 50 мың шаршы метр жер берілді. Оның мақсат-мұраты ғаламат еді. Жергілікті ғана емес, Орталық Азия және Ресей нарығын игеретіні мәлімделді. 2022 жылғы 2 сәуірде Нұр-Сұлтанда бұл зауыттың жабылғаны хабарланды. 

Таяуда Шымкенттегі "Оңтүстік" АЭА аумағында "Kagaz Shahary SEZ" кеңсе қағаздарын өндіретін зауыт та тоқтады. Себебі – шикізат жетпеген. Оны компания Финляндиядан сатып алып келген. Зауыт басшылығы жеткізушіні жылдам ауыстыра алмағанын мойындады. Кәсіпорын бұған дейін жылына А4 форматты 3 млн қорап кеңсе қағазын және А3 форматты 300 мың қорап газеттер басылатын қағазды шығарып келіпті.

Макулатурадан жасалған қағаз сарғыш-қоңыр түсті болып келеді. Кеңес кезінде газеттер де сондай сапасыз қағазға басылатын. Қазір стандарт жоғары А3, А4, басқа форматты қағаздар аппақ болуы шарт. Қағазды ағартатын зат та шетелден тасылады. Шымкенттік зауыттың бас директорының орынбасары Қанат Әлімбаевтың айтуынша, еліміз саланы шикізатпен қамтымайды. Ағаш өңдеу саласы кенже қалғандықтан, олар Ресей, Финляндияның целлюлоза-қағаз комбинаттарынан тасылады.  

Енді Қазақстанда сөрелерден кеңсе қағазы жоғалуда. Шетелдік импорттаушылар сұранысы да, бағасы да бірнеше есе өскен Ресейге қайта бағдарланып жатыр. 2010 жылдан бері Индустрияландырудың 3 бесжылдығын өткерді делінетін республика өзін тіпті сапалы қағазбен де толыққанды қамтамасыз ете алмайтыны аңғарылуда.

Жеңілдікті азайту орнына жаңа жеңілдіктер сұрады

Сарапшылардың айтуынша, Ресейге қарсы жаппай санкциялар кесірінен инвесторлар оның ЕАЭО бойынша одақтасы Қазақстанға да келуден сескенеді. Сондықтан Смайылов Үкіметі инвесторларды қызықтырудың жаңа амалдарын қарастыруда. Ұлттық экономика министрлігі осы орайда АЭА-ларға реформа жүргізуді ұсынды. Тиісінше, АЭА-лар қызметін жетілдіру бойынша шаралар топтамасы әзірленді.

Біріншіден, оған сәйкес, енді әрбір жаңа инвестор үшін жеңілдікті топтаманы қолдануының әртүрлі мерзімдерін белгілеу ұсынылады. Бұл ретте инвестордың қанша қаржы салатыны басты өлшемшарт болмақ. Әйтпесе, қолданыстағы тәжірибе бойынша ірілі-ұсақты инвестордың бәріне бірдей шарттар ұсынылады.

Сонымен егер бизнес АЭА аясындағы жобасына 100 000 АЕК-ке дейін (306,3 млн теңге) ақша құйса, салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды 5 жыл пайдалана алады. 500 мың АЕК-ке (шамамен 1,5 млрд теңгеге) дейін қаржы инвестицияласа – 7 жыл. 500 мыңнан 2 млн АЕК-ке (шамамен 6,1 млрд теңгеге) дейін – 10 жыл. 2 млн АЕК-тен жоғары инвестиция әкелсе, 12 жылға жеңілдікті топтама берілмек.

Ал осының алдында, жыл басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы басыартық салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтарды жоюды ұсынған еді.

Екіншіден және елең еткізерлік өзгеріс, Индустрия министрлігі әзірленген заң жобасында "АЭА қатысушысына жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін" беруді ұсынды. Қолданыстағы тәжірибе бойынша инвестор өндірісін тоқтатса, мемлекет онымен қош айтысып, жерін қайтарып ала алады. Ведомствоның түсіндіруінше, АЭА қатысушысы жерді сатып ала алуы үшін алдымен шартта көзделген барлық объектілерін іске қосуға тиіс болады. Басты критерийі – осы. Бұл мүмкіндік "АЭА-лардың инвестициялық тартымдылығын арттырады және инвесторлардың барлық жоспарланған объектілерін жылдам аяқтауына серпін береді".

Үшіншіден, министрліктің бағалауынша, азды-көпті тиімді саналатын аймақтарды – "Ақтау теңіз порты", Шымкенттегі "Оңтүстік", Атыраудағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" (НИНТ), Қарағандыдағы "Сарыарқа", сондай-ақ "Павлодар" АЭА-ларының жұмыс істеу мерзімдерін 15 жылға ұзарту көзделіпті.

"Мерзімі ұзартылатын АЭА-лардың қазіргі қатысушылары өз қызметін бұрын бекітілген келісімшарттар мерзімінің соңына дейін ғана жүзеге асырады. Бірақ Есеп комитеті құны қымбат жоғары технологиялық өндірісті дамытуды ынталандыру және өнім экспортын ұлғайту үшін АЭА қатысушыларымен арадағы қолданыстағы шарттарды қайта қарауға, мерзімдерді ұзартуға ұсыным берді", – деп хабарлады министрлік.

Төртіншіден, инвестор қызығуы үшін Индустрия министрлігі АЭА аумақтарында дайын өндірістік үй-жайлар, кеңселер болуы керек деп отыр. Оған мемлекет шығындалуы, ал бизнес дайын орынға орналаса салуы қажет. Әрине, дағдарыс салдарынан бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Оның үстіне бұрынғы жылдары қаптаған АЭА-ларға мемлекет миллиардтаған қаражат құйды. Сондықтан меморган ол құрылысты МЖӘ-ға тапсыруға болады дейді. Немесе оны салатындарды ұзақ жылға салықтан босатуды ұсынады. Яғни құрылыс салушы АЭА аумағындағы шаршы метрлерін жалға беріп, пайда таба алады, салық төлемейді.

"Бұл үй-жайлардың құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы да, АЭА қызметінің басым түрі деп айқындау арқылы да іске асыруға болады. Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысында АЭА-ға инвестициялар тартуға кедергі келтіретін негізгі проблемалардың бірі жалға алынатын дайын өндірістік үй-жайлардың болмауы екені атап өтілді. Ұсыныс шағын және орта бизнесті орналастыруға, сондай-ақ жаңа технологиялардың сынақ операцияларына қажетті алаңдары бар табысты әлемдік АЭА-лардың тәжірибесіне негізделген", – деп түсініктеме берді министрлік.

Бесіншіден, шикізатты өңдеу дәрежесі төмен, бірақ Қазақстанда жоқ өндірістер, сондай-ақ шетелден импорталу үлесі 65%-дан асатын тауарлар үшін "АЭА басымдықты қызмет түрлерінің жекелеген тізбесі" қалыптастырылмақ. Тізбе жылына бір рет өзектендірілетін болады.

Бұл қадам сарапшылардың сынына ұшырауда: олар осының кесірінен аймақтардың аумағын Қытайдан әкелінген заттар жайлап алуы мүмкін деп алаңдайды. Мысалы, 2011 жылы "Ақтау теңіз порты" АЭА-сы аймағында Caspiy Electronics зауыты іске қосылды: кәсіпорын "Аққу" брендімен қазақстандық планшеттерді жинайды деп жоспарланған. Ақыр соңында кәсіпорынның отандық деп ұсыну үшін Қытайдан әкеле жатқан дайын планшеттері контрабанда ретінде шекарада ұсталды.

Өңдеуші өнеркәсіптен басқа қызметтер бойынша қолданыстағы "басымдықты түрлер" сақталады және кеңейтілмейді екен: "Ақтау теңіз порты", "TURKISTAN" АЭА-лар үшін – туризм, "Қорғас Шығыс қақпасы", "Ақтау теңіз порты", "Астана – жаңа қала" АЭА-лары үшін – логистика, "Астана-Технополис", "Инновациялық технологиялар паркі" үшін – IT. Былтыр біраз АЭА үшін басым қызметтер түрі онсыз да кеңейтілген еді.

АЭА қатысушылары мемлекеттік қолдауға ие. Резиденттер корпоративтік, жер және мүлік салығын төлемейді. АЭА аумағындағы тауарлар үшін қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 0-ге тең. Жер учаскелеріне барлық қажетті инфрақұрылым тартылады. Учаскелер АЭА режимінің барлық кезеңіне тегін беріледі. Қатысушылар жалдау ақысынан және жер салығын төлеуден босатылған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу