Қазақстандықтарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарына көлік алуға, кредитін жабуға келесі жылы да рұқсат етілмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, азаматтарға біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) тек қана емделуге және баспана алуға шығындауына рұқсат етіледі.
2023 жылы Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Соның жобасын талқылау барысында бірқатар депутаттар жұртшылықтың қорда жинақтаған зейнетақы жинақтарын өз қалауынша жұмсауға мүмкіндік беруді ұсыныпты. Себебі, ол да әр адамның меншігі саналады. Мысалы, бірнеше жүз мың қарызын өтей алмағаны үшін жеке сот орындаушыларының, коллекторлардың қудалауына түсіп, өмірден теперіш көргендер бар. Олар тіпті жұмысқа тұру мүмкіндігінен айырылған, өйткені карталарын ЖСО-лар бұғаттап тастады. Сонымен бірге олардың БЖЗҚ-дағы шотында оны құтқаратын көлемде жинағы жатуы ықтимал. Егер дәл қазір адамға қиын жағдайдан шығуға көмектеспесе, ол зейнет жасына жетпеуі де ғажап емес. Бірақ бұл идеяны Үкімет қолдамады.
"Бекітілген жеткіліктілік шегінен асқан соманы салымшылар тек емделуге және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалана алатын болады. Бұл ретте Әлеуметтік кодекс жобасына салымшылардың өз активтерін басқару құқықтарын кеңейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Бүкіл зейнетақы жинақтарының жалпы сомасының немесе БЗТ-ны алудан кейін қалған соманың 50%-дан аспайтын көлемін салымшылар активтерді басқару компаниясын таңдау арқылы, жеке басқаруға тапсыра алады. Бірақ зейнетақы жинақтарының сақталуын мемлекеттік кепілдендіру тек Ұлттық банк басқаруында қалған зейнетақы жинақтарына таралады", – деп түсіндірді министр Тамара Дүйсенова.
Яғни, егер басқарушы жеке компанияның басшылары арамза болып шығып, бар ақшаны алып, шетелге қашса, онда ондағы барлық зейнетақы күйіп кетуі мүмкін. Дәл осындай тәсіл дамыған елдерде қолданылады. Адамдар болашақта алатын зейнетақысының көлемін тез өсіру үшін оны басқарушы компанияларға аударып, түрлі құнды қағазға салады. Егер акциялары сатып алынған компаниялар банкрот болса, оның клиенттері зейнетақысыз қалуы мүмкін.
Қазақстан жағдайында адамдардың зейнетақысының Ұлттық банк басқаруындағы жартысы қалады.
Жалпы, биылғы жыл соңында Ұлттық банк бақылауындағы БЖЗҚ-да қазақстандықтарға арналған жалпы саны 11 886 659 жеке зейнетақы шоты ашылған.
Статистика бойынша елде бүгінде 9,3 миллионнан астам экономикалық белсенді тұрғын бар. Бұл қатарға оқушылар мен зейнеткерлер кірмейді. Дегенмен, зейнетақы аз болғандықтан, көптеген зейнеткерге жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан қордағы шот саны жұмыс күші санынан асып тұр.
Осы шоттарда орасан зор қаражат – 14 трлн 403 млрд теңге қордаланған. 2022 жыл басынан қазақстандықтар мен жұмыс берушілер БЖЗҚ-ға 1 трлн 536 млрд 796,3 млн теңге жарна аударды. Егер мемлекет осыған уақытша мораторий жариялап, жарна түрінде алым жинауды ең құрыса бір жылға тоқтата тұрса, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер 1,5 триллионнан астам сомаға байып кетер еді. Әзірге, қордағылар ғана ел үстінен бонус, сыйақы алып, байып жатса керек. Ал сол жинақтардың иесінің көбі соған қол жеткізе алмай, арманда қалды.
БЖЗҚ ресми мәліметінше, 2022 жылғы 28 желтоқсандағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері жалпы саны 2 142 957 азамат жеткіліктілік шегінен артылған салымын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алғысы келіп, өтініш жолдапты. Оның ішінде 800 мыңдайының өтінішін қанағаттандырудан бірден бас тартылған.
Нәтижесінде, БЖЗҚ 1 344 514 өтініш иесінің арнайы шотына 3 трлн 169 млрд 644 млн теңге сома аударды. Алайда бұл кезеңде де 204 765 салымшы дегеніне жете алмаған. Сөйтіп олардың 460 млрд 196 млн теңге сомасы БЖЗҚ-ға кері қайтты.
Мұның себептері әртүрлі: арнайы шотқа ақша түскенше, баспана сатушы адам айнып қалған, өтініш иелері берілген 15 күн ішінде жаңа баспананы тауып үлгермеген. Артылған жинағын туысына беруге келісіп, артынан райынан қайтқан адамдар да бар. Ең үлкен проблема – нарықта лайықты пәтер немесе жеке тұрғын үй табу. Бастапқы тұрғын үй нарығында тіпті құрылыс алпауыттарының тұрғын үй кешендері де БЗТ-ны пайдалану талабына сәйкес келе бермейді.
Осылайша, БЗТ тәжірибесі енгізілгелі бері жалпы алғанда 1 139 749 азамат басыартық зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын, баспана алуға пайдалана алды. Олар қордан жалпы сомасы 2 трлн 709 млрд 448 млн теңге жинағын шығарып алған.
Әрине, тұрғын үй жағдайларын жақсарту сыртында, БЗТ-ны емделуге де қолдануға мүмкіндік берілді. Бірақ оның көрсеткіштері мардымсыз. Нақтылай кетсек, осы бастама өмірге жолдама алғалы бері жалпы саны 613 738 азамат зейнетақы жинағын емделуге пайдалануға ынтығыпты. Бірақ БЖЗҚ мен Отбасы банк мамандары оның 211 900-ының өтінішін қанағаттандырудан бірден бас тартқан. Сонда қалған 401 мыңнан астам өтініш иесінің арнайы шотына 318 млрд 459 млн теңге аударылыпты. Ақыр соңында 63 506 адам 32,3 миллиард теңгесін емделуге пайдалана алмай, осы соманың бәрі қорға кері жолданды.
"Айта кету керек, зейнетақы жинақтарын алу қарқыны төмендеп келеді. Мысалы, 2022 жылдың қазан айында 7,5 млрд теңге сомасына 2 993 өтініш орындалды. Бұл былтырғыдан 12 есеге жуық аз. Салыстырсақ, 2021 жылдың қазан айында 87,8 млрд теңге сомасына 35 434 өтініш орындалған еді. Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,61%), Астананың (14%), Маңғыстау облысының (10,33%) тұрғындарына тиесілі", – деп хабарлады қор.
Емдеу бағытында да жағдай ұқсас: 2022 жылдың қазанында шамамен 3 млрд теңге сомасына 2 362 өтініш орындалды. Ал 2021 жылдың ұқсас айында – 10,8 млрд теңге сомасына 12 462 өтініш қанағаттандырылған еді. Көбінесе (өтініштердің 96% астамы) қазақстандықтар өз жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдаланады. Өтініштердің тек 2,8% офтальмологиялық қызметтерді алуға жұмсалған. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% -дан азы пайдаланылды.
Елордалық кәсіпкер Азамат Мұратұлы біржолғы зейнетақы төлемдерін шығарып алу оңай екенін айтады.
"Тек бір қиындық бар: оның талаптарына сәйкес келетін баспана табу қиын. Өйткені таңдау шектелген: тұрғын үй кешені (ТК) Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының кепілдігін алуға тиіс. Қазір ол қор "Қазақстан ипотекалық компаниясының" құрамында. Бірақ ондай объектілер тіпті астананың өзінде өте аз. Мысалы, ірі құрылыс компаниясы салып жатқан біздің ТК-да ондай кепілдік жоқ. Ал маған қордағы 29 миллион теңгені шығарып, ипотекамды жабу қажет. Қайтпек керек? Жеке тұрғын үйде тұрып жатқан таныс әжеймен сөйлесіп, жағдайды түсіндірдік. Оған демеу жасап жүргенбіз, келісе кетті. Отбасы банкінде арнайы есепшот ашу, өтініш беру, оны банк пен қордың қарауы, жинақтың аударылуы, нотариус арқылы сату-сатып алу шартын бекіту, Әділет министрлігінен жеке тұрғын үйдің менің атыма тіркелгені туралы анықтаманы алу сияқты барлық рәсімдерге небары бір аптадан артық қана уақыт кетті. Мемлекетке алғыс айтқым келеді, Барлығы оңайлатылған екен. Оның үстіне қазіргі кезде бұрынғыдай дүрбелең, ажиотаж жоқ. Қарау, құптау рәсімдері жеделдетілген", – деді Азамат.
Ол осының арқасында шешіп алған сомаға баспанасының ипотекасын өтепті. Әйтпесе, алда қандай заман болатыны белгісіз. Ал әжей алаңдамасы үшін үйінің барлық құжаттарын беріп қойған. Әрі демеушілік көрсетуді жалғастырмақ.
Қор салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға бағыттайтынын да хабарлады. Салымшылар арасында танымал келесі негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Бірінші орында "азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу", яғни түпкілікті есеп айырысу, толық төлеу тұр: оған барлық өтініштердің 35,21% тиесілі. Қордан осы мақсатта 473 357 адамның шотына 2 трлн 23,1 млрд теңге аударылды.
Екінші орында "одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинағына салымды толықтыру" шықты: 21%. Себебі, қазақстандықтардың көбінің жеткіліктілік шегінен асқан жинағы баспана алуға да, ипотекаға да жетпейді. Осы мақсатта 281 965 адам 260,1 млрд теңге БЗТ-сын Отбасы банкке аудартқызды. Үштікке "Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті (оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыруы аясында) ішінара өтеу" тұйықтады: 15,75%. 211 703 салымшы 230,1 млрд сомасын шотына аудартты.
Қалай болғанда, келесі жылы өз жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алған азаматтардың саны тіпті құлдырайтыны даусыз. Себебі, Үкімет жеткіліктілік шегін тағы күрт көтерді. Көптеген қазақстандыққа жинағын сол шекке дейін жеткізу де мұң болып қалды. Әйтсе де, Президенттің өзі бастамашы болған бұл жоба жұртшылық үшін қажет. Ол азаматтарды зейнетақы жинағын ұлғайтуға ынталандырды.