Астана халықаралық қаржы орталығы, НЗМ мен Назарбаев университеті бюджетті сақтау жолында күресіп жатыр

2281

Жаңа Бюджет кодексін әзірлеу барысында тікелей қаржыландырудан бас тарту туралы ұсыныстар айтылған.

Астана халықаралық қаржы орталығы, НЗМ мен Назарбаев университеті бюджетті сақтау жолында күресіп жатыр Фото: Inbusiness.kz

Өткен жылдың аяғында Мәжіліс бірінші оқылымда қабылдаған жаңа Бюджет кодексін талқылау барысы туралы inbusiness.kz сайтына Zertteu директоры Шолпан Әйтенова айтып берді. Ол жаңа кодекстің ережелерін талқылау кезінде жұмыс тобының мүшесі болған.

Шолпан Әбдірахманқызы, жұмыс тобында Бюджет кодексінің қандай ережелері қызу талқыланды?

Шолпан Әйтенова

Бюджет кодексінде Назарбаев Зияткерлік Мектебі мен Назарбаев университеті үшін ерекше қаржыландырудың күшін жоюға байланысты мәселелер қызу талқыға түсті. Құжатты әзірлеушілер бұл ұйымдарды барлық мемлекеттік мектеп мен университет сияқты жалпы негізде қаржыландыруды ұсынып отыр. Назарбаев Зияткерлік Мектебі және Назарбаев университетінің өкілдері жеке қаржыландыру арқылы жоғары сапалы білім мен тиімділікті қамтамасыз етіп отырмыз деп алға тартады. Олар жалпы негізде жан басына шаққандағы қаржыландырудан айтарлықтай асып түсетін жеке қаржыландыруды сақтауды талап етіп отыр. Өз кезегінде депутаттар мен заңнаманы әзірлеушілер білім беру жүйесіндегі барлық бюджет қаражатын алушылар үшін ережелер бірдей болуы қажет деген пікірде. Тиісінше егер түзетулерді қарастырар болсақ, онда 2025 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік Мектебі мен Назарбаев университеті ерекше артықшылықтарға ие болмай, ал қосымша қаржыландыру мәселелері Парламентте аталған мекемелердің нәтижелі жұмысына және қызметіне байланысты қаралатын болады.

Сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығын қаржыландыру мәселесі де көп талқыға түсті. Орталықты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыруды алып тастау ұсынылды, себебі әуел басында қаржы орталығы қаржылық тұрғыдан дербес болып, өз қызметін қамтамасыз етуі тиіс делінген. Бірақ та "Астана" халықаралық қаржы орталығының өкілдері бұл нұсқаға қарсылық танытты, олар жұмыс тобына бұл қаражат АХҚО қызметіне емес, оның арбитражын қаржыландыруға бағытталған деп түсіндірді. АХҚО өкілдерінің мәлімдеуінше, объективтілікті қамтамасыз ету үшін халықаралық арбитраж тәуелсіз болуға тиіс, сондықтан оны қаржыландыру АХҚО есебінен емес, бюджет қаражаты сияқты сыртқы көздерден жүзеге асырылуы қажет. Бұдан бөлек олар бұл қаржының бәрі судьяларға жалақы төлеуді қамтамасыз ететінін жеткізді.

Бюджеттің айтарлықтай шығысы АХҚО имиджі мен халықаралық арбитражды қолдауға бағытталады деген ой түюге болады. Меніңше, оны қаржыландыру АХҚО бюджетінен іске асырылуы тиіс. Бұл ретте АХҚО халықаралық арбитражды қамтамасыз етуге жеткілікті түрде табыс таба ма деген сауал туындайды. Егер олар жеткілікті қаржыны ала алмаса, онда бұл арбитраждың қажеттілігі бар ма деген сұрақ төңірегінде ойлану керек.

Квазимемлекеттік секторды қаржыландыруға қатысты мәселе де қызу пікірталас туғызды. Депутаттар Бюджет кодексінде үлкен есептілік пен ашықтық болуы керек деген талап қойды. Талқылау барысында республикалық бюджет қабылданған кезде ұлттық компаниялар өз бюджеттерін қорғауы тиіс. Бірақ квазимемлекеттік сектор әр басқан қадамын халық қалаулыларымен келісу қажеттілігіне қарсылық танытты.

Депутаттардың ұлттық компаниялардың шығыстары негізделген болуы тиіс деп айтқан тұсымен келісемін. Мәселен, "Самұрық-Қазына" компаниясы өзінің айтарлықтай табысынан бюджетке болмашы дивидендтер жібереді. Олардың негізгі шешімдері Парламентпен бірлесіп қабылдануы тиіс әрі Мәжіліс алдында барлық шығыс пен қаржылық нәтижелерді негіздеуі қажет деп ойлаймын.

Бюджеттік кодексті талқылау барысында депутаттардың позициясы ұнады. Олардың бюджет шығыстарын күшейтілген бақылауға алу құқығын белсенді қорғап, жоғары бюджеттік ашықтықты талап ететіні көрінеді. Биылғы шақырылымның депутаттары бюджеттік бағдарламалардың барлық әкімшісінің есептілігін қамтамасыз етуге айтарлықтай табандылық танытады деп үміттенемін.

Өңірлер тұрғысынан алғанда қандай мәселелер талқыланды?

Қызу талқыға түскен мәселелердің қатарында кірістерді орталықсыздандыру да болды. Өндіруші компаниялардың облыстық бюджетке түсетін әлеуметтік инвестицияларды жүзеге асыратыны өздеріңізге мәлім. Ресурстар сарқылғаннан кейін компаниялар кетеді, ал бұл аумақтардың тұрғындарына не қалады? Салдарынан пайдалы қазбалар өндірілетін өңірлердегі жергілікті тұрғындар қолайсыз экологиялық проблемалармен бетпе-бет келіп, назардан тыс қалуы мүмкін. Бұл аймақтардағы әлеуметтік инвестицияларды жергілікті тұрғындардың игілігі үшін пайдалану анағұрлым әділетті. Бюджет кодексінің ұсынылған жаңа редакциясында әлеуметтік инвестицияларды орталықсыздандырып, оларды аудандық бюджеттерге жіберу ұсынылып отыр. Бірақ та, Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан қарсылық болды. Жергілікті атқарушы биліктің сөзінше, бұл аудандарға ауыртпалық болады әрі олар бұл қаржыны тиімді пайдалана алмайды. Мұндай пікірмен үзілді-кесілді келіспеймін. Меніңше, берілген қаражатты игеру үшін елдің аудандары деңгейінде қордаланған инфрақұрылымдық проблемалар жеткілікті.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның бюджет жүйесінің үлкен мәселесі – мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы мен Бюджет кодексі арасындағы мүдделер қақтығысы. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

Егер де мемлекеттік бюджетті басқару тұжырымдамасы мен Бюджет кодексі арасындағы мүдделер қақтығысына келсек, онда бұл мемлекеттің саяси жүйесімен байланысты. Жүйе "Күшті Президент – ықпалды Парламент" қағидаты бойынша құрылып жатыр деп айтылғанына қарамастан, біз әлі де саяси шешімдердің көпшілігін президент қабылдайтын президенттік республика болып қалып отырмыз. Бюджет мемлекеттік саясатты іске асыру құралы әрі бюджет жылының ортасында ол көбінесе саяси шешімдерге тап болады. Оған мысал ретінде қыркүйек айынан бастап мүгедектерге арналған жәрдемақыны, шілде айынан бастап жалақыны көтеру сияқты шешімдер туралы айтсақ болады. Бұл бюджеттік тепе-теңдік ұстанымдарын бұзады. Бюджеттің желтоқсан айында қабылданып, оның өзгеріссіз жүзеге асырылғаны құба-құп, себебі ол мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын іске асыру құралы.

Біздің жағдайымызда саяси шешімдер бюджеттік процестерге ықпал етіп, тепе-теңдікті бұзып отыр. Бұл кезде бюджет саясаты мен балансына теріс әсер етуі мүмкін жәрдемақыларды немесе жалақыны арттыру секілді қосымша шығындарды жүзеге асыру үшін қосымша қаржыландыру көздерін іздеу қажеттігі туындайды. Бюджет дегеніміз жыл сайын білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалар сапасының мақсаттарын айқындайтын мемлекеттік стратегияны іске асыру. Бюджет реттеуші және қайта бөлу сияқты екі функцияны орындайды. Оның реттеушілік қызметі теріс экономикалық үрдістерді жеңілдетуге ықпал ететін экономикалық өсімге бағытталған. Ал қайта бөлу функциясы халықтың әртүрлі тобына көмек көрсету, білім беру және денсаулық сақтау секілді мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін ресурстарды қайта бөлуді білдіреді. Осының барлығы тұрақты әрі ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуге бағытталуы тиіс.

Ұлттық қордың шығындарына ойыссақ. Оған бақылау жүргізіп, қор Парламент алдында есеп беру керек пе?

Ұлттық қордың жұмысына өзгерістер енгізіп, оған бақылауды күшейткен жөн. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қалың көпшіліктің Қор қызметіне деген қызығушылығын оятады деп үміттенеміз. Бүгінде Ұлттық қор өте абстрактілі ұғымды білдіріп отыр. Бұл тек Ұлттық банктегі шот әрі заңды тұлға болып есептелмейді. Қазіргі таңда Ұлттық қорды басқарудың тиімділігіне нақты кім жауапты екенін айқындау өте қиын. Үкімет мүшелерінен тұратын Басқарушы кеңестің шектелген қызметі бар. Олар "Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар ғана әзірлейді".

Ұлттық қордың тиімділігін арттыру үшін бірнеше маңызды өзгеріс енгізу қажет. Біріншіден, Ұлттық қор құқықтық ашықтық пен нақты есептілікті қамтамасыз ете отырып, құқықтық мәртебеге ие болуы керек. Екіншіден, оның бюджеттік процеске интеграциясы оның қызметі аясында бақылау мен есептіліктің айқын тетіктерін белгілеуге ықпал етеді. Бұдан басқа Ұлттық қордың әртүрлі құралға салымдары туралы деректер, тиісті бағалы қағаздардың өсуі мен шығындары туралы есептер ұсынылатын ақпараттық веб-сайт әзірлеген жөн.

Осыған дейін Ұлттық қорды басқару тұжырымдамасы жасалған болатын, алайда биыл ол ескірген деп танылып, Ұлттық банк ұсынған жаңа тұжырымдамамен алмастырылды. Жаңа тұжырымдама тым абстрактілі әрі бұрынғы нұсқаға қарағанда Ұлттық қордың жұмыс істеуінің нақты тетіктерін ұсынбайды деп есептеймін.

Бұдан басқа "бюджеттік ережелер" деген ұғым болады. Меніңше, бұл ережелер формалды түрде қолданылады. Тұжырымдамаға сәйкес, экономикалық өсім кезеңдерінде шығындарды азайтып әрі резервтерді қалыптастырып, ал дағдарыс кездерінде шығындарды көбейту қажет. Десек те, тәжірибе жүзінде мұнай бағасы барреліне 20 немесе 140 доллар болғанына қарамастан, шығындардың тұрақты өсімін байқап отырмыз.

Сарапшы ретінде бюджет қаржысын жұмсаудың тиімділігіне қандай баға бересіз?

Егер Жоғары аудиторлық палатаның есептеріне қарасақ, бюджет қаражатын әртүрлі салада пайдалану тиімділігі төмен екенін көруге болады. Мысалы, 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата 336,5 млрд теңгеге бұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде 180 млрд теңге тиімсіз пайдаланумен, ал 111,5 млрд теңгесі бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлаумен байланысты болған. Бұл өте қомақты сома, сонымен қатар бұл бюджеттік процестің жоспарлау және пайдалану тұрғысынан алғанда тиімсіздігін көрсетіп отыр. Жаңа Бюджет кодексінің жобасы мемлекеттік бюджеттің тиімділігін арттырудың жаңа негіздерін қалыптастыруға бағытталған. Бюджеттің тиімділігі ашықтыққа келіп тіреледі.  

Бюджеттің ашықтығы неғұрлым жоғары болса, пайдалану тиімділігі де соғұрлым жоғары болуы тиіс. Алайда тәжірибе ашықтық шартты болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Қазақстанда бюджет ашықтығының деңгейі айтарлықтай жоғары, ол халықаралық рейтингтерге сәйкес артып отыр әрі бүгінде 100-ден 61 балға тең.

Дегенмен де жемқорлық қылмыстарының көптеген дерегі ашықтықтың қазіргі деңгейі жеткіліксіз екенін байқатып отыр. Білім беру инфрақұрылымын қолдаудың арнайы қоры да құрылған болатын, оған жемқорлардан алынған қаражат түсіп отырады. Биыл қорға 152 млрд теңге түсті. Бұл сыбайлас жемқорлықтың ауқымы. Мәселен, жоспарлардан бастап жасасқан шарттарға дейін бақылауға мүмкіндік беретін мемлекеттік сатып алу порталының ашықтығы өте жоғары деңгейде. Бюджеттік бағдарламалар жарияланатын "Ашық бюджеттер" деген портал бар. Бар күш-жігердің жұмсалуына қарамастан, бюджет қаражатының тиімділігі мен мақсатты пайдаланылуын арттыру үшін қолданыстағы ашықтық жеткіліксіз деуге болады.

Сыбайлас жемқорлықтың әлеуеті бюджетті жоспарлау кезінде қаланып, бюджетті қамтамасыз етуде шығыстардың орындылығы, құнның негізділігі және т.б. жетіспейді.

Бұл қиындықтарды еңсерудің түрлі әдісі бар. Мәселен, Моңғолияда секілді 2 мың доллардан асатын барлық шығын бойынша транзакцияларды жариялауды талап ететін заңды қабылдауға болады. Әрбір салалық министрлік бюджетті жоспарлау кезінде мақсатты топпен қоғамдық тыңдаулар өткізіп, Парламент пен мәслихаттарға жіті талданған бюджет жобаларын енгізіп, мемлекеттік органдардың есептілігін тұрақты парламенттік бақылауды және жүйелілікті қамтамасыз етуге болады.

Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сыбайлас жемқорлық қана емес, бұл қаржы бағытталған мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізілмей жатыр деген сөз. Бюджеттің тиімділігін шектеулі ресурстар жағдайында арттыру дегеніміз жалпылама сөздер емес, мұны шұғыл қажеттілік деп түсінген дұрыс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу