Астанада баспананың 1 миллион еуроға дейін қымбаттауы елді шошытты

3175

Бұдан әлдеқайда арзан сомаға америкалық Флориданың әлемге мәшһүр курорттық қаласында, мұхит жағасында кең сарайдай вилла сатып алуға болады. 

Астанада баспананың 1 миллион еуроға дейін қымбаттауы елді шошытты Фото: inbusiness.kz

2023 жылы дүниежүзінде, дамыған елдерде де жылжымайтын мүлік нарығы құлдырады. Тіпті былтырғы жылы өз елінен үдере қашқан Ресей азаматтарының миграциясы салдарынан баспана құны бірнеше есеге дейін шығандаған Түркияда биыл тұрғын үй бағасы біртіндеп түсе бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Түркияда тұрғын үй сатылымы 2023 жылғы қараша айында өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда, бірден 20,6%-ға құлдырап, небары 93 мың 514 пәтер өткізілді. Ыстамбұлда 15 мың 187 үй сатылды, қала 16,2 пайызбен ең жоғары үлеске ие болды. Одан кейін 8 мың 250 үй сату көрсеткішімен, 8,8 пайыздық үлеспен Анкара орналасты. Бұл жерде 5 мың 105 үй сатылған және ол 5,5 пайыздық үлесті еншілеген Измир үштікке кірді. Тұрғын үй сатылымы ең аз облыстар жетерлік: небары 52 үйі сатылған Хаккари, 57 үй саудасы жасалған Ардахан және 73 үйі өткен Гүмүшхане өңірлері – аутсайдер", – деп мәлімдеді Түрік статистикалық институты (TUIK).

Ал Қазақстанда керісінше, қымбаттауда. Мысалы, әлеуметтік желілерде, ТикТокта жарияланған видеодан қазақстандықтар жаға ұстады. Онда Elite Estate фирмасының агенті, риелтор Әсел Өтегенова Астанадағы ең қымбат пәтерлердің бірі саудаға шығарылғанын хабарлап, оның ішінде не барын, жөндеуі мен жасау-жабдығын паш етті.

"Пәтер "Арай 3" тұрғын үй кешенінде орналасқан. 12 бөлмеден тұрады. 16 қабаттық үйдің 7-ші қабатын толығымен алып жатыр. Жалпы ауданы – 518 шаршы метр. Бағасы 530 миллион теңге тұрады", – деп хабарлады риелтор.

Бұл Ұлттық банктің белгілеген бағамымен 1 миллион 47,9 мың еуроға немесе 1 миллион 152,9 мың долларға тең.

Салыстырсақ, бүкіл әлем бойынша элиталық жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын беделді Tranio компаниясы мамандарының хабарлауынша, қазіргі кезде бұдан анағұрлым аз сомаға, 700–750 мың долларға Майами-Бичте жалпы ауданы орта есеппен 200 шаршы метрден асатын үлкен вилланы сатып алуға болады.

Оның ішіне не кіреді? Жыл он екі ай жасыл желегі жайқалған, гүлзәрлары жұпар иісімен жанға ләззат сыйлайтын бақша, үлкен бассейн, демалыс аймағы, отбасылық мерекелер мен достардың көңілді жиынын өткізуге болатын кең терраса бар. 5 жатын бөлмесі, бірнеше жуыну бөлмесі және басқасы бар.

"Егер гольф ойнаумен әуестенетін болсаңыз, онда осы сомаға гольфқа арналған нормандық алаңы бар вилланы да тауып бере аламыз. Барлық тұрғын үйлерден ауыз ашқызып, көз жұмғызатын, көңіліңізді шалқытатын керемет көріністер ашылады. Аквамаринді көгілдір кәусар суға толы бассейндері өте үлкен, терең, айналасы әсем мраморлық террасамен әдіптелген. Вилла айналасында дәмі тіл үйіретін ас түрлерін ұсынатын түрлі ресторандар, брендтік дүкендер, аппақ құмы мақпалдай жұмсақ тамаша жағажайлар және басқасы бар. Майами-Бич — Американың бүкіл әлемге танымал, ауқаттыларға арналған фешенебельді теңіз курорты. Бұл жеке муниципалитет: ол шулы "үлкен Майамиден" оқшау жатыр, арасы Бискейн бұғазымен бөлінген. Демек, қаласаңыз, мұнда сырт көзден тыс тынығып, жан рахатына бөлене аласыз", – деп қызықтырады Tranio агенттері.

Ал Астанадағы "Арай 3" кешенінің айналасында бұл жоқ. Сондықтан, әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар елордалық пәтердің құнының 1 миллион еуроға дейін шарықтағанын естіп, естен тана жаздады.

"Менің миллион еуром болса, Нью-Йорктегі Орталық парктің жанынан екі бөлмелі пәтер сатып алар едім", – деп армандайды Марс есімді пікір білдіруші.

Оған жауап қатқан қазақстандық әлемдік қаржылық астана саналатын америкалық шаһарда тіпті тек байлар ғана тұратын Манхэттен ауданында да дәл осы сомаға пәтер табуға болатынын жеткізді.

"Коммуналдық төлемдеріне айлығым жетпей қалатын шығар...", – деп уайымдайды тағы бір пайдаланушы.

"Қос бүйрегіңді сатсаң да, бұл баспананың құнын төлеуге жетпейді екен", – деді бірі.

Пікір білдіргендердің бір бөлігі риелтордан бағаны түсіруді сұрады. Прагматик азаматтардың бірі сонша ақшаға ондаған бөлмесі бар зәулім, 5 қабатты коттедж салып алуға болатынын айтады.

Қазнетті қолданушылардың көбі мұндай қымбатшылыққа күңіренбей, күлкіге айналдыруға тырысты. Олар қызығушылық білдірген сыңай танытты, алайда неге сатып алмайтынын әзілмен жеткізді.

"Еденге төселген мәрмәр қара болғанда алатын едім", "Бірден сатып алар едім, тек 530 миллион теңге ғана жетпей тұрғаны", "Кіреберісте тұрған айна шағын екен, сол ұнамады. Ол үлкен болғанда сатып алуға да болатын еді", "12 бөлме аздау, ең құрыса 13 бөлме болғанда...", "Пәтердің нөмірі 777 болғанда, алуға болатын еді", "Қабырғаларда бағдарлаушы схемалар және "Шығу" деген табличка жоқ екен" деп, жұрт саналуан "сылтауларды" алға тартты.  

Риелторға "іскерлік" ұсыныстарын айтқан азаматтар да табылды: "50 миллионға бере салыңыз, қазір барып алып кетем", "Ақсайдағы екі бөлмелі пәтеріме айырбастауға дайынмын!", "Лифтіні бірден пәтерге кіргізіп берсеңіз" деген сияқты ұсыныстар түсуде.

Бағасы удай баспананы әлеуметтік желі арқылы сатуға бел буған риелторды аяғандар да болды: "Автор, ТикТокта отыратын адамдар мұндайды сатып алмайды", – деген бір кісі "комментариядағылар" жай мыжып, босқа тамсана қарап өтіп кететінін еске салды.

Қалай болғанда, Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығында парадоксты жағдай қалыптасуда. Құрылыс компаниялары да, қайталама нарықта сатушылар да бағаны көтеруде. Ал риелторлар Астанада, басқа қалаларда жылжымайтын мүлік нарығы дағдарғанына, баспана көп өтпейтініне назар аудартады.

Өйткені, халықтың сатып алу қабілеті төмендеуде. Нарықтық экономиканың заңы бойынша өтпейтін тауар арзандамай ма? Бірақ арзандамайды. Себебі, құрылыс материалдары қымбаттап жатыр, ал қайталама нарықтағы сатушылар кезекті девальвацияны күтіп отыр.

Ұлттық статистика бюросы 2023 жылғы қараша айының нәтижелерін қорытындылай келе, салада бағаның кезекті рет өскенін тіркеді.

"2023 жылғы қарашада, 2022 жылғы қарашаға қарағанда, жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 3,2%-ға көтерілді. Ал қайталама нарықта пәтерлерді қайта сату бағасы керісінше 5,4% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы қарашада 0,9% төмендеді. Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын-үй нарығында баға жылдық мәнде Павлодар қаласында – 14,8%-ға, Петропавлда 10,6%-ға ең көп қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығындағы баға өсімі бойынша лидер – Атырау (11,8%) мен Семей қалалары (8,3%). Тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (30%), Қарағанды (23%) және Көкшетау қалалары (22,3%) көш бастады", – деп мәлім етті Ұлттық статистика бюросы.

Күлкі-келеке өз ретімен, алайда жыл өткен сайын баспана бұқара үшін қолжетімсіз болып барады. Осыдан он жылдай бұрын елорданың өзінде 9 миллион теңгеге орталықта 3 бөлмелі пәтер алуға болатын. Қазіргі кезде бұл сомаға бір бөлмелі пәтер табу да қиын.

Кезекті сала жылды қымбатшылықпен қорытындылап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу