"Астанаға бәрің сыймайсың": Билік ымдайды – халық тыңдай ма

3003

Жиырма жылдан астам уақыт бойы көшіп келген халықты жатсынбаған елордада ендігі саясаттың өзгеретін түрі бар, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

"Астанаға бәрің сыймайсың": Билік ымдайды – халық тыңдай ма Фото: inbusiness.kz

Қала билігі жұмысты неден бастады

1997 жылға дейін бар-жоғы 300 мыңнан астам адам тұратын Ақмола Астана болған соң демографиялық көрсеткіші күрт өскен әлемдегі санаулы астананың біріне айналды. 20 жыл ішінде халық саны мұнда үш есе өсіп, 2017 жылы елордада миллионыншы бала дүниеге келді. Ең қызығы, елорданы Есілдің бойына көшірген қазақ билігі миллионыншы тұрғын бұл қалада тек 2030 жылдан кейін болады деп болжам жасаған екен. Алайда бюджет ақшасын жылдар бойы Астанаға құя бергеннен кейін, қала геометриялық жылдамдықпен өскен. Рас, Астананы өзінің төл қаласы санаған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордаға келгенде ақшаны аямайтын. Көпқабатты үйлер мен түрлі инфрақұрылым нысандарынан бөлек, қаланы айнала қалың орман егіп тастады. Теледидарда жылдар бойы жарнамасы жарқырап тұратын Астанаға көшу – екінің бірінің арманына айналды.

Десе де кейінгі жылдары қала билігі "Астана резеңке емес" деген месседжді жиі тарата бастағанын аңғарамыз. Жылу мен судың, электр энергиясының алдағы қажеттігінен туған ой болса керек. Биылдың өзінде қалада ірі аудандарда су өшіп қалып, бұған шыдамаған тұрғындар көшені жауып, наразылық білдіре бастаған. Шағымдар жинала келе халықты көшеге шығаратын дәрежеге жеткізгенін, тілемеген наразылық іргеден-ақ бұрқ ете түсуі мүмкін екенін жоғары билік те бақылап отыр, әлбетте. Ол жақтан түскен қоңыраулар қала истеблишментін ойландырса керек.

Ең бірінші кезекте, қала әкімдігі жұмысты рұқсат құжаттары жоқ 70-тен аса нысанның құрылысын тоқтатумен бастады. Биыл наурызда көппәтерлі тұрғын үй кешені нысандарын өз бетінше салу мәселесі жөніндегі жұмыс тобы заңсыз құрылыс салу фактілерін зерттеуге кіріскен. Сол тұста рұқсат құжаттарынсыз құрылысы жүріп жатқан 76 нысан анықталды. Олардың қатарында: "Mars Project" ЖШС, "Aiz Kurylys" ЖШС, "Русалдинг Line" ЖШС, "Билдинг компани" ЖШС, "Expert Consulting Agency Kazakhstan" ЖШС, "Тауекел Инжиниринг" ЖШС, "Global Millennium" ЖШС, "Handan-Astana" ЖШС, "Oreol-Group" және басқа да ірі компаниялар бар. Рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізетін субъектілердің бәріне жұмысын тоқтату туралы нұсқама беріліп, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ тиісті жер құқығынсыз құрылысы жүріп жатқан 20 нысан (76 нысан ішінде) бойынша "сот органдарына демонтаждау жөнінде талап арыз береміз" деп қаһарына мінді қала билігі.

Астанада құрылыс азайса, үй қымбаттай ма

Солай десек те, Астана құрылыс қарқыны жағынан әлі де бірінші орында тұр. Қазақстанда 2023 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында жалпы аумағы 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 10 млн шаршы метрдің төрттен бір бөлігі, яғни 2,3 млн шаршы метрі Астанаға тиесілі. Осы құрылысқа 1,8 трлн теңге жұмсалған. Соның ішінде Астанада үй салу үшін ғана 495 млрд теңге кеткен. Ал жаңадан құрылған Ұлытау облысына 1,8 трлн теңгенің ішінде 16 млрд теңге ғана жұмсалыпты.

Естеріңізде болса, биыл қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау керек деп мәлімдеген еді.

"Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға аударған жөн", – деді Тоқаев.

Демек ірі қалада, оның ішінде Астанада бұдан былай мемлекет қолдауымен баспана берілмейді деп болжам жасауға негіз бар. Кезінде баспана алуға бағытталған көп бағдарламаның қазіргі таңда тек біреуі қалған – ол "7-20-25". Алайда осы бағдарламаның өзіне жылына бар-жоғы 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл соманың Қазақстандағы бүкіл қалаға бөлгенде еш қажеттілікті жаппайтынынан Ұлттық банк те хабардар. Бертінге дейін Ұлттық банктің тізгінін ұстаған Ғалымжан Пірматов ендігі кезекте осы бағдарлама бойынша сома өспейтінін ашық айтқан болатын.

"Біз қаржыландыруды өсіріп, нарықта қымбатшылықты туғызғымыз келмейді", – деді ол.

Үйлердің жаңасы салынбаса, елордада баспана қымбаттауы мүмкін бе? Бұл сұраққа  Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова былай дейді:

"Баспана да тауар. Зор сұранысқа ие, неге десеңіз, Қазақстанда бала табу көрсеткіші өте жоғары. Кейінгі жылдары жылына 420-450 мың бала өмірге келеді. Әлбетте, осыдан кейін әр жас отбасы өзі тұрып жатқан үйдің аумағын кеңейткісі бар. Егер пайдалануға берілетін үйлердің саны азая берсе, онда мұның арты аналитиктердің "үй бағасы арзандайды" деген болжамы орындалмайды. Демек, ұсыныс (сатылатын үйлер) аз болса да сұраныс бұрынғыдай қала береді".

"Құрылысты қысқартамыз"

Биыл Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа ведомство болып құрылды. Оның жетекшілігіне бұрын Бәйтерек холдингін басқарған Қанат Шарлапаев келген. Шарлапаевтың алдына үкіметтің баспасөз орталығында журналистер Астанадағы құрылыс қарқыны жөнінде сұрақ қойды.

"Былтырдан бері құрылыста жүрген азаматтардың жұмысы қысқарып, ірі қалалардан ауылдарға қайтып жатыр. Алдағы уақытта құрылыста қандай да бір жаңалық бола ма? Құрылыс тоқтай ма?",  – деп сұрады журналистер. 

Қанат Шарлапаевтың айтуынша, құрылыс тоқтамайды, жалғасады.

"Халықтың баспанаға деген сұранысы жоғары. Сонымен, біз құрылысты тоқтатпаймыз" ,– дейді ол.

Ведомство басшысының сөзінше, құрылыс материалдары, құралдары бойынша қазіргі таңда Қазақстан өзінің ішкі сұранысын қамтуы керек.

"Астанаға келген азаматтарды азайтамыз" деген месседж жөнінде не ойлайсыз" деген сұраққа Шарлапаев "ішкі миграция менің жауапкершілігім емес" десе де, Астанада алдағы уақытта құрылыс қарқыны азаятынын айтады.

"Қазір инфрақұрылым шектеулеріне байланысты Астанадағы тұрғын үй құрылысы жоспарларын қысқарту қажет. Өйткені біз пәтерлерде тұратын адамдарды негізгі қажеттілікпен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Біз инфрақұрылымды жеткізіп, содан кейін тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуды жоспарлауымыз керек", – деді Шарлапаев.

Мұндай болжамды сарапшылар да айтып жатыр. Астана қаласының кәсіпкерлер палатасын басқаратын Бейсен Жолболдиевтің айтуынша, құрылыс қарқынына кері әсер етіп жатқан факторлар көзге көрініп-ақ тұр.

"Инженерлік желілер бойынша, нысандардың көбінің құрылысы жалғасады, әрине. Алайда көбі инженерлік желілердің тартылуын күтіп отырмыз. Бірде электр энергиясы жетпей, бірде жылу, бірде су... Осының бәрі айналып келгенде қаланың дамуы мен өсуіне кері әсерін тигізіп жатыр", – дейді Бейсен Жолдболдиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу