Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай әлек

5352

Павлодарда ұн тапшылығы туындауы мүмкін бе?

Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай әлек

Бұған дейін ресейлік бидайды өңдеп келген Павлодар облысындағы бірнеше ұн тарту орны көршілес мемлекет астықты экспорттауға қатысты енгізген шектеуден кейін қорда шикізат жоғын алға тартып, дабыл қаққан еді. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдады. Ал жергілікті билік "Өңірде астық қоры жеткілікті" деп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстанның астық өңдеушілер одағының Павлодар облысындағы өкілі Жанар Серімова павлодарлық шаруалар былтыр жиналған астықтың барлығын Орталық Азияға сатуға бейілді болғандықтан, бидайды Ресейден тасымалдауға мәжбүр екенін айтқан еді.

"Ресейден бидайдың бір тоннасын 114 мың теңгеден сатып алатын едік. Ал Қазақстандағы нарықтағы баға 130 мың теңгеге дейін жетеді. Өзіміздің өнім сырттан келетін шикізаттан қымбат болғанына қарамастан, павлодарлық бидайды сатып алуға дайынбыз. Бірақ астық өсірушілерге оны Орта Азия елдеріне, әсіресе Өзбекстан, Тәжікстан мен Ауғанстанға сатқан тиімді болып тұр. Егер мемлекет елде өсірілген астықты экспорттауға шектеу қоймаса, ұн тарту орындары астықсыз әрі тұтынушылар ұнсыз қалады", – дейді Жанар Серімова.

Алайда "Ертіс-Агро" ауыл шаруашылық-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Ерлан Тоқтышақов мұндай пайыммен келіспейді.

"Бұрындары ұн тарту орындары біздің астыққа мұрын шүйіре қарайтын еді. "Сендердікі сапасыз, малға беруге ғана жарайды. Ресейден алғанымыз тиімді" дегенді жиі еститінбіз. Ал енді шектеу қойылып, шекара жабылғанда абдырап қалды. "Аймақта астық жоқ" деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты. Қазірдің өзінде Қалқаман кентіндегі біздің элеваторда 10 мың тонна бидай бар. Бұл – бірнеше айға жететін көлем. Одан бөлек, Павлодар қаласы мен Жолқұдық ауылдарында да астық жеткілікті", – дейді Ерлан Тоқтышақов.

Шенеуніктер жүргізген талдамаға сәйкес, өңірдегі 20-дан астам диірменге өңдеу үшін 80 мың тонна бидай керек. Қазір облыста одан шамамен екі есе, яғни 150 мың тонна сақтаулы. Одан бөлек, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы айына 4 мың тоннадан астам астық жеткізуді жоспарлап отыр.

"Елімізде де, Павлодар облысында да бидай бар. Дабыл қағуға еш негіз жоқ. Тек кейбір диірмендер ұнды арзанға алып, оны сыртқа қымбатқа сатқысы келеді. Жергілікті бидайдың бағасы олардың көңілінен шықпай отыр. Бар болғаны сол", – дейді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов.

Шенеуніктер бүгінгі күні тұрақтандыру қорында екі мың тоннадан астам ұн барын еске салды. Сондықтан нарықта әлеуметтік маңызы бар бұл тауар түрінің тапшылығы болмауы тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу