Ауыл шаруашылығында көптеген бизнес банкрот алдында тұр

8461

Қазақстанда агробизнес нысандары жаппай саудаға шығарылуда. 

Ауыл шаруашылығында көптеген бизнес банкрот алдында тұр Фото: eldala.kz

Агроөнеркәсіп кешеніне маманданған порталдардағы талдау тақырыптарының өзі саладағы торығу мен тоқыраудан хабар беретіндей: "Ресей Қазақстанның сүт нарығына алапат қысым жасауда", "Қазақстанда биыл алма шығымдылығы құлдырайды", "Сарапшылар мемқолдаусыз жұмыртқа өндірісінің 50% төмендейтінін болжап отыр", "Қазақстанның өңдеуші зауыттары етті бүкіл Қазақстан бойынша іздеуге мәжбүр", "Теміржолдағы проблемалар майлы дақылдарды өңдеу өнімдерінің экспортына тежеу болды" деп кете береді.

Әрбір тақырыптың ар жағында бір-бір саланың тағдыры тұр. Сорақысы сол, осының бәрі тек соңғы жеті күн ішіндегі жаңалықтар. Одан ары тереңдесек, ауыл шаруашылығының көп секторын деградация жайлап жатқанын аңғаруға болады.

Бір қарағанда, статистика бұл байламды жоққа шығарады: 2023 жылғы 4 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы өндірісі 4%-ға өсті. Бірақ сарапшылар бұл өсімге негізінен ауыл өнімінің еселеп қымбаттауы салдарынан қол жеткізілгеніне назар аудартады.

Соның кесірінен, Премьер-министрдің орынбасары–Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин апта сайын Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мен қолжетімділігі жөнінде кеңес өткізуге мәжбүр. Яғни, салаға жауапты шенеуніктер өңір әкімдіктерінің өкілдерімен бірге, сенбі сайын Астанада жиналып, бір аптадағы баға ахуалына бас қатырады, бой бермей тұрған қымбатшылықты ауыздықтаудың амалдарын қарастырады.

Өйткені дәл Қазақстандағыдай масқара инфляция мен баға серпіні тіпті соғысқа тартылған елдерде де жоқ. Мысалы, Украинада инфляция биылғы сәуірде 14,8%, Ресейде 3,5% болды. Ал Қазақстан Үкіметі осыдан бес еседей көп инфляцияға мәз.

"Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы жылдың сәуір айында инфляция 16,8%-ға дейін баяулады", — деді таяуда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.  

Бірақ қымбатшылық бұл Үкіметке бой берер емес. Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен соңғы сенбідегі кеңесте айтылғандай, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тағы 0,2%-ға өсті. Көкөністер – қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп бағасының маусымдық өсуі жалғасты. Күріш пен сиыр еті ары қарай қымбаттаған. Нан, тауық еті, май, сүт, айран, тұз, сүзбе бағасы тұрақты.

Күріш бағасының үздіксіз өсуіне қатысты жағдай бөлек талданды. Бір апта ішінде ел бойынша орташа өсім 0,7%-ға жетті. Өңірлер бойынша ең үлкен қымбатшылық Ұлытау, Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелді. Вице-премьер С.Жұманғарин Сауда министрлігіне, яғни өзіне-өзі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жақын арада елдегі күріш өсірушілермен жиын өткізіп, бағаның көтерілу себептері мен бизнестің өзекті мәселелерін анықтауға тапсырма берді.

Яғни, Үкімет әзірге аурудың өзімен емес, симптомдарымен күресіп әлек. Салада парадоксты жағдай қалыптасты: ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізаты, мысалы, бидай, өзге дақылдар арзандады. Алайда одан жасалатын дайын азық-түлік бағасы тоқтаусыз көтерілуде.

Осы орайда келесі жайт назар аудартады: жерді, дайын бизнес пен коммерциялық активтерді сатуға-сатып алуға бағдарланған отандық және шетелдік салалық порталдар Қазақстандағы агробизнесін сататын кәсіпкерлердің хабарландыруларына толып кетті.  

Мысалы, соның бірінде Ақмола облысында орналасқан, 1 мың гектар жері, 250 бас ірі қара малы, екі ірі базасы, ауыл шаруашылығы техникасының бүкіл жинағы, жемазығы және басқасы бар ірі шаруа қожалығын қожайыны небары 156 миллион теңгеге өткізуге дайын. Салыстырсақ, елордадағы Akbulak Riviera тұрғын үй кешеніндегі 4 бөлмелі пәтердің өзі бұдан қымбат тұрады.

Қазақстанда саудаға шығарылған фермалар өте көп екенін ElDala.kz мамандандырылған порталына сұхбатында Aitas Agro холдингінің бас директоры Талғат Алдажаров та жариялады.

Фото: eldala.kz

Оның мәліметінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасының құлдырауы салдарынан көптеген отандық аграрлық кәсіпорындар банкроттық алдында тұр. Сондықтан оның иелері енді табысы төмен, шығынды бизнесінен тездетіп арылуға тырысуда.

Нәтижесінде, нарыққа былтырғы жылдың соңынан бері шаруашылықтарды сату туралы ұсыныстар легі "лық төгілді". Шаруашылықтардың мөлшері де әртүрлі: шағынынан бастап ірісіне дейін бар. 

Талғат Алдажаров бұл мәселеге 2022 жылдың аяғында өзі де бетпе-бет келіпті. Үш шаруашылығы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Aitas Agro холдингі бизнесін әртараптандыру мақсатында Қазақстанның солтүстігінде шаруашылықты сатып алуға шешім қабылдайды. Содан іздестіре бастағанда, Талғат ондай ұсыныстардан аяқ алып жүре алмайтынын көріп, таңданған екен. Әрине, тасы өрге домалаған ауқатты кәсіпкерлер үшін бұл жақсы да шығар: шертіп жүріп, қажеттісін арзандау бағаға таңдап алады. Ал жалпы ел үшін, сала үшін бұл шынымен тіксінтетін жайт.

Aitas Agro Петропавлдің іргесінде 10 мың гектар шабындық жері бар ферманы тыңдап алды.

Салада қалыптасып жатқан ахуал сарапшыларды мазалайды. Өйткені ол ауыл шаруашылығында алапат проблемалар қордаланғанын, фермерлік шаруашылықтар бірінен соң бірі күйреп жатқанын аңғартады.

"Жағдай жалғыз Қазақстанда ғана емес, солтүстік көршіде, Ресейде де күрделі. Ауыл шаруашылығының өсірілген өнімдерінің бағасы жарты жыл ішінде айтарлықтай құлдырады. Мен агробизнесте 20 жылдан артық еңбек етіп келемін. Бірақ маусымаралық кезеңде, сәуір айында бидайдың бағасы астық жинау маусымындағыдан, қыркүйектегіден 30% арзан тұрғанын бірінші рет көріп тұрмын. Қалған дақылдар бойынша жағдай осыған ұқсас. Әдетте бәрі керісінше болатын. Ауқатты кәсіпорындар, қаржысы, қоры барлар бағаның көктемде көтерілуін күтетін. Сонда әрдайым пайдаға шығып, молырақ табыс табушы еді. Енді дәл көктемде баға құлады", – деп аң-таң болды Т.Алдажаров.

Жалпы, ауыл шаруашылығы дақылдарының бағасын жоғалтуының себептері әртүрлі. Оның бірі – санкция астында оқшауланған Ресейдің астығының бітік шығуы, мол өнім жинауы. Оны өткізетін нарығы шектелгендіктен Ресей өнімдерімен Қазақстанға, Орталық Азияға экспансия жасауда. РФ ақпарат құралдары былтырғы өнімнің үлкен бір бөлігі шіріп жатқанын жазып, дабыл қақты.

Біздегі бағаның төмендеуіне кейбір жағдайда Үкіметтің лоббистік қызметі ықпал еткен. Мысалы, Үкімет 2023 жылғы 4 ақпаннан бастап, елден шетелге күнбағыс экспортына шектеу енгізді: сыртқа сатуға тыйым салған жоқ, бірақ 20% көлемінде баж салығын сала бастады. Салдарынан күнбағысты жаһандық нарыққа өткізу тиімсіз болып қалды. Елде бұл өнімнің көп қордалануы ақырында оның бағасына қысым жасап, құлдыратты.

Салдарынан, фермерлер аламын деп былтыр жоспарлап қойған табысының үлкен бөлігінен қағылды, кредиттерін өтей алмай, берешек батпағына батты. Оның үстіне 2021 жылы қуаңшылық және басқа факторлар кесірінен, күнбағыстың шығымдылығы тым төмен болды, оның жаңғырығы да "жұттың жеті ағайынының" бірі болып жабысты. Біраз ауыл кәсіпкері сол жылғы қарызын да төлей алмапты.

Сарапшылар саланың перспективасы бұлыңғыр деп отыр. Әлемдік нарықтарда да ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы төмендеп жатыр. Көрші Ресейде рекордтық қалдықтар жинақталуда, ол онысын біздің аймаққа тықпалауын жалғастырады. Демек бағаға одан әрі қысым жасалады.

Қазақ фермерлерін үлкен сынақ күтіп тұрғандай. Сыннан сүрінгендер амалсыз, хабарландыру сайттарын толтырады. Құзырлы органдар, ел Парламентінің депутаттары арқаны кеңге сала бермей, салаға шығындалып жатқан жүздеген миллиард қаражаттың тиімділігі мен қайтарымын қадағаласа жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу