Ауылда жылына 1 мың үйден салынатын болады

17558

Президент сапарынан кейін қайта қоныстандыру қарқын алады.

Ауылда жылына 1 мың үйден салынатын болады Фото: akorda.kz

Осы аптаның бейсенбісінде Солтүстік Қазақстан облысына барған Қ.Тоқаев Қызылжар ауданына өзге өңірлерден қоныс аударған азаматтармен кездескен еді. Оларға арнап Чапаево ауылында жаңа тұрғын үйлер салынуда. Оларды Мемлекет басшысының өзі аралап көріп, бағасын берді. Қайта қоныстандырылған азаматтарды жұмысқа орналастыруға "Жұмыспен қамтудың жол картасының" әлеуетін молынан қолдану туралы әкімдік пен Үкіметке тапсырма берілді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, еліміздің өзге өңірлерінен көшіп келген дәрігер, мұғалім, механизатор және басқа да мамандық иелеріне грант – қайтарымсыз ақша беріледі, олар жаңа жалдамалы баспанамен және жұмыспен қамылады.

СҚО-да осы пилоттық жоба 2 жылдан бері жүзеге асырылуда. 2019 жылы оның аясында облыс ауылдарында 428 үй салынса, 2020 жыл соңына дейін 788 баспана тұрғызылады. Былтыр облысқа 736 отбасы, соның ішінде барлығы 2,2 мың адам көшіп келген. Биыл 700 отбасы немесе 2,4 мың адам қоныс аудармақ. Келесі жылдары қарқын артады. Президент сапарынан соң Үкімет осындай шешім қабылдады.

Бұл ретте 2018 жылғы 12 қыркүйектегі "Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018–2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы" №562 қаулысына өзгерістер енгізетін Үкіметтің жаңа қаулысы әзірленді.

"Көші-қонның теріс сальдосын жою және халықтың табиғи түрде кемуін тоқтату үшін қазақстандықтарды елдің оңтүстік өңірлерінен көшіру жөніндегі бағдарламаны жалғастыру қажет. Осыған байланысты 2022–2024 жылдары республикалық бюджеттен қаржы бағыттап, жыл сайын 1000 үйден салу, ауылдық жерге қоныс аударушылар үшін кейін жекешелендіру құқығымен арендалық тұрғын үй құрылысын салуды жалғастыру ұсынылады. Бұл қоныс аударушылардың санын жылына 4 мың адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір ол 2 мыңнан асады", – дейді ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.

Оның мәліметінше, қоныс аударушылар үшін үйлер тұрғызу Қазақстанның жұмыс күші артық өңірлерінен алда 20 мыңнан аса адамды қабылдауға жол ашады. Әйтпесе, үй бермесе халық келмейді.

"Осының арқасында елде еңбек нарығындағы жағдай жақсарады, ауылдағы білім беру мектептерінің желісі сақтаймыз. Өйткені мысалы, СҚО-да тұрғындардың азаюы кесірінен шағын жинақты мектептерге жабылу қаупі төнуде", – дейді ол.

Сондықтан Үкіметтің жаңа қаулысы жобасында "переселендер" үшін СҚО-да үй салуға республикалық бюджеттен молырақ қаражат бағыттау көзделіп отыр. Мәселен, 2018 жылы бұған 3 миллиард теңге, 2019 жылы 4 млрд 853 млн теңге бөлінсе, келесі жылдан бастап ол 7 миллиард 700 млн теңгеге дейін арттырылады. 2021–2023 жылдары жыл сайын осынша қаржы жұмсау жоспарланған.

Дегенмен, сырттан көшіп келушілерге жаппай баспана берілуі жергілікті үйсіз-күйсіз жандардың ашынысы мен жеккөрінішін туғызатыны байқалуда. Олар арасында қақтығыс туып, әлеуметтік шиеленіс күшеймеуі үшін ел Үкіметі СҚО-ға бұл мәселені де шешуге қаржы жолдайтын болды. Атап айтқанда, 2021–2024 жылдар аралығында жыл сайын 6 миллиард теңгеден бөлінеді.

Әкімдіктің дерегінше, бүгінгі таңда облыстағы аудандардың және облыс орталығы Петропавл қаласының әкімдіктерінің кезектерінде баспанасыз 19,7 мың адам тұр. Оның арасында 3,5 мың жетім бала, 7,5 мың аз қамтылған отбасы, 0,6 мың көп балалы отбасы және өзге 8,1 мың адам бар.

"Жетім балалар, толық емес отбасылар, көп балалы отбасылар секілді халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жыл сайын СҚО-да 200–300 пәтер ғана пайдалануға беріледі. Бұл өте аз, себебі әкімдіктердегі үй кезегі жыл сайын 500 адамға дейін артып отырады! Мысалы, 2020 жылғы 6 айда кезек 280 адамға тағы өскен. 2019 жылғы 27 ақпанда "Nur Otan" партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы берген тапсырманы орындау үшін Үкімет көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, табысы төмен отбасылар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдық 2–3%-бен ипотека берудің жеңілдікті тетігін әзірледі. 2019 жылы оны 178 отбасы пайдаланды. Қазіргі кезде 300-ге жуық отбасы осындай ипотекамен үй алуға дайын", – деді вице-министр.

Оның мәліметінше, осы проблеманы шешу үшін жылына тағы 1000 пәтер салу керек және ел бюджетінен қаржыландыру көлемін 6 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет.

Бұдан бөлек, СҚО-да жабылып жатқан болашағы жоқ ауылдардың 2 мың 404 тұрғынын облыс ішіндегі өзге елді мекендерге көшіру және оларға арнап үй салу үшін 8,4 млрд теңге республикалық бюджеттен аударылады деп күтілуде.

Қалай болғанда, Солтүстік Қазақстан облысы ірі құрылыс компанияларын пайдаға қарық қылатын алып құрылыс алаңына айналатын түрі бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу