Ауылдағы ағайын малын биліктен жаппай жасырып жатыр

5601

Үкімет ауылдықтарға жасырулы малын заңдастыруға үш ай мерзім берді.

Ауылдағы ағайын малын биліктен жаппай жасырып жатыр

Көктем келгелі мал өретін өрістің тапшылығына қатысты түйткіл қайта ушықты. Мұны биік лауазымды шенеуніктер де мойындап отыр.

"Жем-шөппен және жайылымдық жерлермен қамтамасыз етудің қазіргі проблемалары жыл сайын шиеленісе түсуде. Елді мекендердің айналасында бос жерлер жоқ, бөлінген жайылымдық жерлер негізінен оларды қалпына келтіру және жақсарту жөніндегі мақсатты жұмыстардың жоқтығынан тозған", – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстан фермерлерімен онлайн режиміндегі кездесуінде.

Шаруаларды не шошынтып отыр?

Әкімқаралар да, бірқатар сарапшылар да жайылымға қатысты проблеманың туындауына ауылдықтардың түсініксіз тірлігі де түрткі дегенді айтады. Қорасында мал ұстайтын ауыл тұрғындары қолында нақты қанша жылқысы, сиыры, қой-ешкісі және басқасы барын құпияда ұстағысы келеді. Мал санағынан жасырады. Төрт түлігінің құлағына сырға салғызбайды.

Салдарынан, жергілікті атқарушы органдардың үй жануарларына қатысты статистикасы көбіне тым төмендетілген болып шығады, шындық ауылынан алыс жатады. Бұл әкімдердің қарамағындағы және қоғамдық пайдалануға – мал жаюға, шөп шабуға арналған жерлердің алаңдарын, осы "қоғамдық жайылымға" деген мұқтаждықты дұрыс бағамдауға кедергі. Көктем-жазда есептегі және жасырулы малдың бәрі жайылуға жамырайды, ауылдың айналасын тез-ақ тақыр етеді.

Осы орайда облыс әкімдіктерінің мәліметінше, ауылдықтарға 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап, тура 3 ай мерзімге "есепке алынбай қалған аналық мал басын тіркеуге" мүмкіндік беріліпті. Әйтсе де, ауыл тұрғындары оған асығар емес.

Оның мәнісін жылқы өсіруші атыраулық жеке кәсіпкер Ерлан Шеруенов түсіндірді.

"Қазір "Жасыл дәліз" бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бірақ шаруалар малын тіркеуге қоюдан қорқады. Өйткені біріншіден, шенеуніктерге сенім жоқ, малдың толық санағын алып, ертең халықтан әр басы үшін салық талап етеді деген күмән бар. Екіншіден, ауылдықтар жан-жақтан қыспаққа қалды. Мысалы, бұрын малды машина күндіз қағып кетсе, жүргізуші кінәлі болып танылатын. Ал енді тәулік бойы мал иесін кінәлі етіп қойды. Тіпті абсурд жағдай болды. Шаруаның несиеге алған малын көлік соғыпты. Содан жүргізуші заңның өз жағында екенін пайдаланып, ол малды сойып алып кеткен. Салдарынан мал иесі жануарынан да айырылды, сондай-ақ айыппұл төлеуге мәжбүр болды, – деп түсіндірді Е. Шеруенов.

Бұл мәселе шешуді қажет етеді. Парламент депутаттарының құлағына "алтын сырға". 

Билік не дейді?

АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев ауылдықтардың "малымызға салық салады" деп үрейленуі негізсіз деген пікірде. Ол "Қазақстанның салық саласындағы заңнамасында бүгінде ауыл шараушылығы жануарларына салық салынбайтынын" ескертті.

Ал қолындағы малын тіркеуге қою – әр азаматтың міндеті: "Ветеринария туралы" заңының 25-бабының 5-тармақшасына сәйкес, "жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етуге міндетті". Бұл жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасы үшін қажет, сондай-ақ мал індеті таралмауы үшін әрбір жануарға қадағалау жүргізуге мүмкіндік береді.

Атап өтетін жайт, АШМ бүгінде "Жасыл дәліз-3" жобасын іске асыруда. Нақтылай кетсек, "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" ақпараттық жүйесінде осы аттас функционал іске қосылды. Ол 2022 жылдың 31 мамырына дейін жұмыс істейтін болады.

Соған дейін әрбір ауыл-аудандағы әрбір мал тіркеуге қойылуы шарт. Бұл үшін жергілікті әкімдіктердің салалық басқармалары фермерлік шаруашылықтарды, тіпті үй-үйді аралауға кірісті. Соның барысында мал ұстайтын отбасыларға 2000-2021 жылдар аралығында туылған барлық малын тіркеуге қою керектігін түсіндіруде екен.

"Жасыл дәліз" – АЖБ ақпараттық жүйесінде тіркелмеген жануарларды сәйкестендіру және тіркеу жұмысын аяқтауға бағытталған.

Алдын ала деректер бойынша қазіргі кезде елімізде шамамен 432 мыңға жуық тіркелмеген мал басы бар деп есептеледі.

Мұның алдында, "Жасыл дәліз-2" аясында жүргізілген жұмыстардың қорытындысында қосымша 71 343 ауыл шаруашылығы малы тіркелді.

АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне жүйеге тіркелмеген мал басын АЖБ деректер базасында заңдастыруды, ақпараттық жүйенің мобильді қосымшасын пайдалану бөлігінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ережелері мен деректер базасын қалыптастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу тапсырылды.

Цифрландыру арқылы "қосып жазудан" құтылмақ

Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі Президенттің тапсырмасымен, саланы толыққанды цифрландыруға күш салуда. Соның аясында ветеринария жүйесіне реформа жүргізіледі. Әйтпесе, соңғы жылдары үй жануарларының түрлі індеттері, бұрын болмаған "құс тұмауы" секілді кеселдер қаптап кетті. Бұған елімізде ветеринария саласының деградацияға ұшырауы да ықпал етуде.

Министрлік саладағы проблемаларды шешу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасындағы өкілеттіктердің ара-жігін нақты ажыратпақ.

Бұған қоса, ветеринария саласын цифрлық форматқа көшіруде. Күйреген ветқызметтер нарығын қайта дамыту үшін жағдай жасалатын көрінеді. Осы бағыттағы алғашқы қадамды ветеринар қызметкерлердің жалақысын арттырудан бастамақ.

"Цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бағдарламасы аясында "Мал дерек" бағдарламалық өнімі әзірленіп жатыр. Аталған ұялы қосымша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер базасына жануарлар туралы ақпаратты қалыптастыру және беру процестерін автоматтандырады. Ветеринарларды қағазбастылықтан босатады, мал шаруашылығы өнімдерінің эпизоотиялық жағдайын және қауіпсіздігін бақылау бойынша жұмысты сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді", – деп мәлім етті министрлік.

Ведомство саланы цифрландыру арқылы ақпараттың шынайылығы мен өзектілігіне адами фактордың ықпалын барынша жоюға тырысады. Өйткені ауыл шаруашылығының басты бір "індеті" – қосып жазу. Соның кесірінен мысалы, біраз жыл бұрын Қазақстанда есепке қойылған 1,5 миллион сиырдың тек қағаз жүзінде ғана болғаны, шынында ойдан шығарылғаны анықталды.

Бұған көбірек субсидия алу үшін фермерлер мен шаруа қожалықтары барады. Яғни жеке адамдар қорасындағы малын азайтып көрсетсе, бұлар керісінше, артық қосып көрсетеді. Осылайша, осы бір салада бір-біріне мүлдем қарама-қайшы қос құбылыс өрбуде.

Министр "бүгінде жануарларды есепке алуда жөнсіздік бар" дейді, жаңа шаралар соны да ретке келтіруге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу