Ауылға арналған ұлттық жоба жойылады, ал қолдау күшеюге тиіс

2879

Қазақстан, Еуропалық Одақ және Қытай – астық жөнінен жаһандық өсім драйверлеріне айналды. 

Ауылға арналған ұлттық жоба жойылады, ал қолдау күшеюге тиіс Фото: inbusiness.kz

Біріккен Ұлттар ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (Food and Agriculture Organization, FAO) Қазақ еліне жоғары бағасын берді. Бұл туралы ФАО-ның шілде айына арналған бюллетенінде айтылады.

Онда осы жылға арналған болжам бұрынғыдан біршама жақсартылды. Нәтижесінде адамзатты асырап отырған елдер 2023-2024 маркетингтік жылда бидайды 0,8%-ға артық өндіріп, жалпы көлемі 783,3 миллион тонна астық жинауы мүмкін. Бұған дейінгі ФАО болжамы бойынша 776,7 млн тонна бидай ғана алынады деп күтілген. Себебі, Еуропалық одақта, әсіресе Пиреней түбегінде биыл жауын-шашын аз болды. Ал Қазақстанда және өзге елдерде қуаңшылықтың күшеюі байқалды.

Салыстырсақ, 2021/2022 маркетингтік жылда әлемдік өндірушілер жалпы жиынтығы 778,3 миллион тонна бидайды қамбаға құйған еді. Яғни, адамзаттың асыраушылары саналатын елдер жаһан жұртшылығын тамақтан тарықтырмау үшін еселі еңбек етуде. Ол еңбегі жанған сияқты.

Бұл ретте АҚШ ауыл шаруашылығы департаментінің (USDA) болжамы оптимизмге толы: биылғы астық көлемі 800,2 миллион тонна межесінен асуы ықтимал.

Мысалы, Қазақстан қазірдің өзінде 1 миллион тоннадан артық астық орды. Бұл дән ерте пісетін оңтүстік және батыс өңірлерінің алдын ала көрсеткіші. Ал еліміздің солтүстігі мен орталығындағы астықты басты 5 өңір күзгі жиын-терім жұмыстарына әлі толыққанды кіріскен де жоқ.

Сондықтан ФАО Қазақстанға қатысты болжамдарын жақсартты. Тұтастай алғанда, биылғы негізгі өсімді Қазақстан, Қытай және Еуроодақ береді деп тұспалдануда.

Осы орайда қолданыстағы салалық басты "бағдарламаны" – "Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны" жою жоспарланып отырғаны туралы хабар аграршыларды алаңдатты. Себебі, оның аясында салада ірі реформалар жасалып, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мол субсидиялар берілді.

Ұлттық жобаны бекіткен Үкіметтің №732 қаулысы 2021 жылғы 12 қазанда қабылданған болатын. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі оны жоюға қоятын Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарды.

АШМ құжатқа түсініктемесінде Үкіметтің жаңа қаулысы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың биылғы 22 маусымда, Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында берген тапсырмасына сәйкес дайындалғаны айтылған.

АӨК дамыту ұлттық жобасында бес жыл ішінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігін 6,2 млн теңгеге дейін ұлғайту міндеті қойылды. Өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 6,6 млрд долларға дейін ұлғайту жоспарланды.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылғы 115,4 мыңнан 2025 жылы 230,8 мың теңгеге дейін арттыру қарастырылды. Экожүйелерге 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, 1 миллион ауыл тұрғынының табысы ұлғайтылуға тиіс еді.

Бұдан бөлек ауыл шаруашылығында 500 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылуы шарт.

Министрліктің мәліметінше, ауыл шаруашылығына, ауылдағы өндірушілер мен кәсіпкерлерге қолдау жаңа қарқынмен жалғасады. Атап айтқанда, Үкімет бір ғана ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту бағытына 1 триллион теңге бөлетін болады.

Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте жоюға қойылатын ұлттық жоба міндеттерінің үлкен бөлігінің орындалғаны айтылды. Сала алдына жаңа міндеттер қойылып отыр.

Жаңа биік белестер, межелі мұраттар, сондай-ақ ұлттық жобадағы әзірге қол жеткізілмеген индикаторлар 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың қолданыстағы тұжырымдамасына көшіріледі.

ElDala.kz мамандандырылған порталына түсініктемесінде АШМ ұлттық жоба аясында бекітілген негізгі жоспарлар сақталатынын, ал тұжырымдама аясында аграрлық саланы қаржыландырудың қосымша шаралары қарастырылатынын жеткізді.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданыстағы Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның нысаналы индикаторлары мен іс-шараларын 2030 жылға дейінгі тұжырымдамаға интеграциялау бойынша жұмыс жүргізді. Осыған байланысты аграрлық қызметтің қолданыстағы негізгі тәсілдері мен бағыттары, соның ішінде АӨК-ті мемлекеттік қолдау шаралары белгіленген тәртіппен жалғасатын болады", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Мысалы, ұлттық жоба сияқты тұжырымдама аясында да 1 миллион ауылдықтың әл-ауқатын арттыра отырып, ауыл шаруашылығы кооперативтері желісін құрып, өрістетуге 1 триллион теңге бағытталмақ.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру үшін мынадай мемлекеттік қолдау шаралары енгізілді:

  • инвестициялық субсидиялау;
  • дайындалған ауыл шаруашылығы шикізатының құнын арзандату;
  • кооперативтер үшін барлық салықтар бойынша 70%-дық жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі белгіленді;
  • жеңілдетілген тіркеу рәсімі енгізілді;
  • ақпараттық және қаржылық қолдау қарастырылған;
  • жергілікті бюджет қаражаты есебінен кооперативтер сатып алатын техника мен жабдықтың құны 50% дейін субсидияланады;
  • кооперативтер "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымдары арқылы жеңілдікпен кредитке қол жеткізе алады.

Соған қарамастан, Қазақстанда әзірге 3 мыңнан астам ғана ауыл шаруашылығы кооперативі және олардың 50 мыңдай мүшесі тіркелген.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, көптеген кооперативтердің қызмет тиімділігі өте төмен деңгейде қалып тұр. Мысалы, жүргізілген аудит қорытындысы көрсеткендей, кооперативтердің 18%-ы жұмыс істемейді. Тағы 42%-ы мемлекеттік субсидиялар алу үшін құрылған жалған кооперативтер болып шықты.

Ауылдағы кооперацияның негізгі проблемалары - кооперативтерге деген сенімнің төмендігі, кооперативтік модель туралы ауылдықтардың ақпараттандырылмауы, нормативтік-құқықтық актілердің жетілдірілмеуі болып отыр.

Әрине, табысты кооперативтер де бар. Мәселен, Павлодар облысында 40-қа жуық шаруа қожалығын біріктіретін "Ертіс-Агро" мүшелері ЖЖМ, тыңайтқыштар мен гербицидтерді арзан бағамен сатып алады. Өсірілген өнімді пулмен, партиямен сатады. Кооператив тіпті элеватор сатып алды және кооперативтің барлық мүшелері оның ортақ иесі болып табылады. Элеватордың жұмыс істеу қағидаларын "бір мүше–бір дауыс" қағидаты бойынша өздері айқындайды.

Қостанай облысында жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін, сүт өндіретін және өткізетін "Успеновка Сүт" кооперативіні "МИЛХ" ірі сүт өңдеу кәсіпорнымен шарт жасасты. Зауытқа шикі сүтті тұрақты белгіленген бағамен кепілдендірілген түрде өткізеді.

Еліміздің оңтүстігінде бұзау өсіріп, бордақылайтын кооперативтер жетерлік. Жамбыл облысында жеке қосалқы шаруашылықтар жайылымның тапшылығы, инвестицияның, арзан, ұзақ мерзімді несиенің қолжетімсіздігі, шөп, жемазық тапшылығы сияқты жалпы мәселелерді бірлесіп шешу үшін кооперацияланудың табысты тәжірибесі бар.

2 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 21 сүт-тауар фермасы салынды. Нәтижесінде шамамен 648 мың тонна сүт немесе ел бойынша барлық сүттің 10,3%-ы СҚО-да өндіреді.

Сонымен қатар ұлттық жоба жойылғанымен, елде сүт, құс еті, балық өндірісін өркендету ісі, суару жүйелерін салу, жылыжайлар мен көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы және басқа да зәкірлі инвестициялық жобалар қаржыландырылатын болады.

2023 жылдың өзінде бұл мақсатта 100 миллиард теңге жұмсалады.

Бұдан өзге, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі, "Аграрлық несие корпорациясы", "ҚазАгроҚаржы", "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" арқылы аграрлық саланы қаржыландыру көлемі арттырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу