Автонесие: Көлік тапшылығы, ескі және жаңа мәселелер

6668

Бүгінде жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша көлік сатып алуға 31 538 өтініш қабылданған, 12 483-і мақұлданыпты. 10 015 автокөлік берілді деген ресми ақпарат тағы бар.  

Автонесие: Көлік тапшылығы, ескі және жаңа мәселелер

Өздеріңізге мәлім, 19 тамыз күні Индустриялық даму қоры жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында "Еуразиялық банкке" қалған 10 млрд теңге лимитті бөлді. Сонымен бұл бағдарламаға деп қарастырылған 100 млрд теңге жоқ болды. Кімнің қанша қаражат алғанын басын ашып, анықтап алайық. "Еуразиялық банк" – 35 млрд, "Банк ЦентрКредит" – 27,5 млрд, "Қазақстан Халық Банкі" – 22,5 млрд, "Forte Bank" – 15 млрд теңге. Барлығы да қордан қаражат ала отырып, оны 4 пайызбен халыққа көлік алуға берді. 

Соңғы транштың сыры

Көлік алғандардың бар екеніне ешкім күмән келтірмейді, бірақ жаңа авто мінгендердің саны 10 мыңнан асты деген ақпаратқа сену қиын. Оны былай дәлелдеуге болады. Қордан соңғы бөлінген транш – 10 миллиард теңге. Еуразиялық банк бұл қаражат тек қана "Hyundai" брендінің өнімін алуға болады деп кесіп айтты. Бұл бір компанияны ғана алға сүйреп отырған лобби емес пе деген заңды сұрақ туындайды. Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева неге бұл сома тек біржақты жұмсалатынын түсіндіріп көрді.

"100 миллиард теңге екі көлік өндіруші компанияға теңдей бөлінді. Әуелі "СарыарқаАвтоПром"-ға берілді. Қалған бөлігі "Hyundai Trans Kazakhstan"-ға тиесілі. Соңғы аударымға келер болсақ, ол тек екінші компанияның үлесі. Бұл жерде Сарыарқаны шеттетіп тастады деген сөз емес. Олар өзіне тиесілі қаражатты игеріп қойды", – дейді қауымдастық өкілі.

Сөз бен іс сәйкес келе ме?

Бір қарағанда ойға қонымды ақпарат. Бірақ көлік өндірушілердің Үкіметке беретін есебіне күмәнмен қарайтын азаматтық қоғам өкілдері бар. Олар тіпті, өздері кезекке тұрып, бағдарламаның іске асу процесін көріп отыр. Журналист, қоғам белсендісі Диас Нұрақын, "Hyundai" маркалы көлікті салоннан жеңілдетілген несие арқылы алуға кезекке тұрған. Банктың мақұлдауын алған. Алайда одан бері 5 ай уақыт өтіпті. Компания уәде еткен темір тұлпары әлі жоқ. Соған қарап, компанияның ай сайын 4 500 емес, 450 көлік шығара ма деп күмәнмен қарайды. Себебі журналистің 5 ай ішінде кезегі 416-шы орыннан 109-ға әрең жылжыған.

"Бұлардың көлікті қарқынды шығарып жатырмыз дегені өтірік. Үкіметке ақпарат беріп қойып, министрліктен отандық автоөндірісті дамытуға деп субсидия алып, тып-тыныш отыра беретін сияқты. Қазір салондарды байқасам, көлік шығарумен емес, көлікті алып-сатумен айналысып кетті. Жалпы менің ойымша, салондар мен банктер ауыз жаласып алған сияқты. Себебі жеңілдетілген несие де жоқ, көлік те жоқ деп алып, 20-22 пайыздық автонесиені ұсынатынды шығарған. Мұны тексеру қажет" – дейді қоғам белсендісі.     

"HYUNDAI"-дың хәлі қалай?

Жеңілдетілген автонесиеге бөлінген транштың соңғы бөлігі, 10 миллиард теңгені алған "Hyundai Trans Kazakhstan" қазір қандай хәлде? "Astana Motors" компаниясы баспасөз қызметі Қазақстандағы зауыт "Hyundai Accent" және "Hyundai Creta" модельдерін шығаруды уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Оған "геосаяси жағдай себеп. Көктемнен бері Ресейден жабдықтар жеткізілмейтін болды. Осы уақытқа дейін кәсіпорын қорда қалған жабдықтарды пайдаланып жұмыс істеді" дейді. Жаңа бөлшек жоқ, бары біткен. Яғни бөлінген қаражатты игеру өз алдына, кезекке тұрып, жаңа автодан дәмелі азаматтар өзі таңдаған жоғарыда аталған маркаларды ала алмай қалуы мүмкін. Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті алаңдауға негіз жоқ деп бұқараға басу айтты.

"Hyundai-ға сұраныс бар. Кезекте 57 мың адам тұр. Шықпайтын екі көліктің орнын алмастыру ойда бар. Одан бөлек, "Elantra", "Sonata", "Tucson" көліктері бар", – дейді Анар Мақашева.    

Таңдау бар болса, неге шағым азаймай тұр?! Ресми тұлғалардың келтірген көлік түрлерінің нарықтағы бағасына тоқталайық. "Elantra" 13-14 миллион теңге, "Sonata" 15-18 миллион теңге, "Tucson" 18-22 миллион теңге. Ал банктер 10 миллион теңгеге дейін ғана қаржыландырады. Артылған сома сатып алушы өзі табуы керек. Мұның несі жеңілдетілген несие деген заңды сұрақ туындайтыны анық.  

Концерннен жеткен "inside"

Геосаяси оқиғаның кесірінен зардап шеккен, автоөндіруші компания (егер осылай атауға келсе) конвейерден түсіп қалған маркалардың орнын жаңа өніммен толықтырмақшы. Ресейдегі зауыт тоқтады, енді жаңа көлік түрі мен бөлшектер Түркиядан әкелінеді. Бұл ақпаратпен автоблогер Олжас Оқас бөлісті.

"Екі жаңа модель ұсынылайын деп жатыр. Таяуда сертификаттаудан өтті. Атауы – "Hyundai Bayon" және "Hyundai i20". Осы "Creta" мен "Accent" деңгейіндегі көліктер. "Hyundai" балама нұсқа іздеп, Түркиядағы әріптестерімен сөйлесіп, сол жақтан көлік комплектілерін әкеліп, Алматыда құрау туралы келісім шартқа қол қойды. Бұл инсайд ақпарат", – деді маман.

Түйін

Яғни компания жаңа көлік түрін әкеліп, тапшылықтың орнын толтырмақшы. Өндірістен алынып тасталған авто түрін таңдаған азаматтар не істейді? Қайта құжат жинауы тиіс пе? Кезектегі орнын жоғалтып алмай ма? Жаңа модельдер қашан жинала бастайды? Оның бағасы қандай болады? Көріп тұрғандарыңыздай, сұрақ өте көп. "Hyundai Trans Kazakhstan" болса үнсіз. Жұрттың шыдамы шегінен жетуге жақын.

100 миллиард теңге бөлінген бағдарлама револьверлі несие жүйесі аясында, "айналымды" механизге айналуы тиіс. Түсінікті тілмен айтсақ, автонесие алған азаматтар ай сайын төлем жасайды. Жиналған сома қайтадан 4 пайызбен кезекке тұрғандарға жеңілдетілген пайызбен берілуге тиіс. Бұл бағдарлама қыркүйектен бастап іске асатынын білдік. Оның өзі "өзім" дегендерге беріліп, жоққа айналмаса жарар еді. Неде болса, келер айда автонарықта жаңалық көп болатын сияқты.  

Айбек Қосан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу