Азамат өзін банкрот деп жарияламас бұрын оның ықтимал салдары туралы ойланған жөн - министр

3716

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын таныстырды. 

Азамат өзін банкрот деп жарияламас бұрын оның ықтимал салдары туралы ойланған жөн - министр Фото: google.com

Оның айтуынша, аталған заңды жүзеге асыру азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдетуге және қаржылық сауаттылықты арттыруға ықпал ете алады, деп жазады inbusiness.kz.

Ведомство рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отыр. Айта кету керек, барлық рәсімді борышкер ғана бастай алады. Бұл несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ дегенді білдіреді.

"Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық рәсімі, оған азаматтар келесі шарттар бойынша өтініш бере алады. Біріншіден, банктер арқылы – микроқаржылық ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден аспаса, ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы болса – 36 018 теңге. Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Соттан тыс банкроттық "Электрондық үкімет" веб-порталында басталады. Ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады", - деді ведомство басшысы.
  

Ал, сомасы 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылатын болады.

Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.

"Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің жаман пиғылы болмаса есептен шығаруға жатады", - деді ол.

Сот банкроттық рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады:
- заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
- кәсіби бухгалтерлер;
- заң консультанттары;
- аудиторлар.

"Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам "банкрот" деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды", - деп атап өтті министр.

Ерұлан Жамаубаев банкроттықтан кейін пайда болатын салдарға да тоқталды. Атап айтқанда, жобада 5 жылға несиелер мен кредиттер алуды шектеу көзделген; азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Сонымен қатар банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді. 

"Сол себептен, азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлану қажет", - дейді спикер.

Айта кету керек, Мәжілісте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы және ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу