Балабақшаларға қатысты даулы бастама жаңа жылда жаппай енгізіледі

10441

Бастаманың үш өңірде өткізілген сынағының қорытындысы шықты. 

Балабақшаларға қатысты даулы бастама жаңа жылда жаппай енгізіледі Фото: egemen.kz

Қазақстанда кейінгі жылдары демография құлдырап келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 223 218 адамды құрады. Соның ішінде қала тұрғындары – 12 704 977, ауыл тұрғындары – 7 518 241 адам. 9 айда халықтың жалпы өсімі 189 376 адамды құрады.

Бұл ретте 2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келді. Қайтыс болғандар саны – 99,5 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адамды құрады.

Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (1000 тұрғынға 25,04 бөбектен), Маңғыстау облысында (24,84) және Шымкентте (23,68) тіркелді. Салыстырсақ, 2022 жылғы 9 айда – 299 711 бала, былтыр 280 мыңнан астам сәби өмірге келген.

Демографияның төмендегеніне қарамастан, елде балабақша тапшылығы күшеймесе, мәселесі сол бойы шешілмеді. Бұған ата-аналар, солармен бірге депутаттар алаңдап отыр. Олар егер Үкімет балабақшаларды келесі жылы жаппай ваучерлік қаржыландыруға көшірсе, бұл проблема тіпті өршиді деген пікірде.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларды 100% балабақшамен қамту тапсырмасы орындалмады, өзекті мәселе болып қалды. Кейбір білім басқармалары мен әкімдіктер бөлінген қаржыны дұрыс игермейді, мемлекеттік тапсырысты тиісті деңгейде орындамайды. Бұл аз болғандай, Оқу-ағарту министрлігінің ваучерлік қаржыландыру тетігін енгізу бастамасы қоғамда резонанс тудырып, үлкен сынға ұшырауда. Ваучерлік механизмнің енгізілуі ата-аналар мен жекеменшік бала-бақша құрылтайшыларының қарсылығын туғызып отыр. Олардың айтуынша, пилоттық жоба толыққанды дайындықсыз жүзеге асырылуда", – деді мәжілісмен Қайрат Балабиев.

Кәсіпкерлердің байламынша, бұл жобаның қаржыландыруында да, балаларды тізімге алу тетігінде де көптеген кемшілік бар.

Депутаттың айтуынша, бизнестің пилоттық жобаға сын-ескертпелері тікелей министрдің қолына ұстатылыпты. Сонда да ескерілмеген.

"Оқу-ағарту министрін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жекеменшік балабақша құрылтайшылары әлі күнге тосып жүр. Шымкентте, Түркістан және Жамбыл облыстарында мыңдаған балабақша құрылтайшыларын ваучерлік қаржыландыру жүйесіне мәжбүрлеп қосу жүргізілген. Бұл жобаны қаржыландыру, балалардың тізімін жасақтау, кезегін күту механизмінде шикілік өте көп! Тізімді жергілікті білім басқармалары бекітеді, ал, Оқу-ағарту министрлігі ваучерлік қаржыландыруды "Қаржы орталығына" сырғыта салған, мұны орынсыз деп санаймыз. Жекеменшік балабақшалардың көпшілігі пилоттық жобаның жөнсіздіктері кесірінен мемлекеттік тапсырысты орындаудан бас тартуға мәжбүр", – деді Қайрат Рахымұлы.

Оның айтуынша, егер балабақшалар мектепке дейінгі білімді мемтапсырыспен тегін беруден кетіп, жаппай коммерциялық негізде бала қабылдауға ауысса, халықтың қалтасы мұны көтермейді. Өйткені ақылы негізде бір бала үшін 70 мың теңге сұралады екен. Өңірлерде халық 85 мың теңгенің ең төменгі жалақысына өмір сүріп отыр. Олар оның басым бөлігін бір баланың балабақшасына жұмсай алмайды.

Бұлай бара берсе, бала атаулы бірінші сыныпқа хат танымай, сауатсыз барады. Елдегі білім беру деңгейі ары қарай құлдырайды. Оның үстіне өңірлерде көп балалы отбасы жетерлік, олардан балабақшаға бір емес, бірнеше баласы барады.

Сондықтан кәсіпкерлер мен бизнесмендердің байламынша, Оқу-ағарту министрлігінің ваучерлік қаржыландыруы ("дербестенген-персонификацияланған қаржыландыру" деп те аталады) ата-аналар үшін қосымша қаржылық ауыртпалық түсіргелі тұр.

Сондықтан Мәжіліс Үкіметтен біріншіден, ваучерлік қаржыландыру жобасын тоқтатуды, екіншіден, балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту үшін мемлекеттік тапсырыс аясын кеңейтуді талап етті.

Бұған Үкімет басшысының білім саласына жауапты орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді. Ол бұл бастамадан бас тартпаймыз деп табандап отыр. Вице-премьер депутаттар мен бизнестің балабақшаларда дербестендірілген қаржыландыруды енгізуді доғаруды сұраған ұсынысы қаралғанын жеткізді.

"Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін балабақшаларда ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын енгізу басталды. Мәнісі неде? Біріншіден, ата-аналарға балабақшаларды өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Бюджет ақшасы баласының соңынан ере жүреді. Екіншіден, бұдан былай меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйым заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келсе ғана мемлекеттік тапсырысқа өтінім бере алатын болады", – деді Тамара Дүйсенова.

Үшіншіден, "баланың соңынан ақша" қағидаты аясында қаржы тек баланың балабақшаға бару фактісі бойынша ғана төленеді. Мысалы, әлдебір ата-ана баласын балабақшаға тіркеткенімен, ол бала бір-екі рет барып, соңынан оны доғарса, қаржыландыру да тоқтатылады. Мұны білім басқармалары білуі үшін ата-аналар табель толтырады, баласының қандай да бір балабақшаға баратынын растайды.

Төртіншіден, Үкіметтің ұстанымынша, бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Өйткені мысалы, өңірлерде балабақшаларға "жалған" тәрбиеленушілерді тіркеп, солар үшін бюджеттен қаражат алу схемалары қолданылған.

Сондықтан болса керек, бұл жоба ең алдымен оңтүстік үш өңірде сынақтан өткізілді.

"Мысалы, бір ғана Тараз қаласында іске асырылған жоба қорытындысында, тек 2 айда – тамыз-қыркүйекте 600 миллион теңге үнемделді. Нәтижесінде, балабақшаларға бармайтын балалар тізімнен алып тасталды. Ең бастысы, осы уақытқа дейін бірнеше жыл кезекте тұрған, 2 жастан асқан 17 мыңнан астам бала балабақшаларда орындармен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта пилоттық жоба Шымкентте және Түркістан облысында жалғасуда. Келесі жылдан бастап оны барлық өңірлерде кезең-кезеңмен енгізуді жоспарлап отырмыз", – деді вице-премьер Тамара Дүйсенова.

Ол кәсіпкерлердің "балабақшалар жабылу қарсаңында тұр", "мемтапсырыспен бала қабылдауды тоқтатты" деген дабылын жоққа шығарды.

"Пилоттық жобаны іске асыру барысында мектепке дейінгі ұйымдардың жабылу фактісі анықталған жоқ! Тек қатыспайтын, бармайтын балаларды тізімнен алып тастау немесе жалған деректерге тосқауыл қою есебінен бала санының және қаржыландырудың төмендегені байқалады", – деді Тамара Дүйсенова.

Ол Үкіметтің "еститін мемлекет" қағидатын бұзып, кәсіпкерлердің жанайқайына құлақ аспады деген пікірмен де келіспеді. 2024 жылғы 13 тамызда "Атамекен" палатасы алаңында мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік жүйені енгізудің пилоттық жобасы талқыланғанын алға тартты.

Отырысқа жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың құрылтайшылары мен қауымдастықтары, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысыпты. Жиын хаттамасында "Қатысушылар пилоттық жобаны іске қосуды қолдады" және "ваучерлік қаржыландыруға көшу мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысының ашықтығын қамтамасыз ете алады деген пікірмен келісті" деп жазылған.

Осыған байланысты Үкімет басшысының орынбасары "ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыру өз жалғасын табатынын" мәлімдеді. Ендеше оңтүстік үш өңірде балабақша саласын астаң-кестең етіп, елді әбігерге салып жатқан жаңалық келесі жылы барлық өңірге таралмақ.

Мәжілісмендердің айтуынша, онсыз да бюрократиялық тексеруден көз ашпайтын жекеменшік балабақшаларға осыдан кейін жаппай жабылып қалу қаупі төніп тұр.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мыңға жуық жекеменшік балабақша құрылтайшылары ваучерлік жүйенің енгізілгеніне қарсылық танытып, Президентке үндеу жолдады. Олардың айтуынша, мемлекет бұдан былай ваучерді тек тұрмысы күнкөріс деңгейінен төмен, ауру, мүгедек балалардың ақысын төлеуге ғана бермекші екен.

Осы орайда бұл мемлекеттік сатып алу порталына енгізіліп, жекеменшік балабақшалардың жүйеге қосылуға келісім беруі талап етіліп жатқаны айтылды. Келіспесе, мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылып, бұрын бекітілген келісімшарттардың күші жойылады.

Сондықтан, сынаққа іліккен Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларының жекеменшік балабақшаларының бір бөлігі ваучерлік қаржыландыруды тоқтатуды сұрайды. Алайда Үкіметтің бұл локомотиві ілгері жөнеп кетіпті және енді тоқтамайтын түрі бар. Олай болса, оны жаңа жылда өзге өңірлер "қарсы алады".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу