Балаларға арналған ұлттық қор қалай жұмыс істейді?

5400

БЖЗҚ балаларға арналған есепшоттардың операторы болмақ. 

Балаларға арналған ұлттық қор қалай жұмыс істейді? Фото: yandex.kz

Президент айтқандай, әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан биыл Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылының аясында "Ұлттық қор – балаларға" атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Жобаның мақсаты – Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударып отыру. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.

"Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық банктің inbusiness.kz-тің журналистік сауалына берген жауабына сүйенсек, жобаны жүзеге асыру тетіктері мен регламенті Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе отырып пысықтағаннан кейін жария болмақ. Әзірше бұл жайында бірдеңе айту орынсыз. 

Дегенмен, жақында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры балаларға арналған есепшоттардың операторы болатынын хабарлады. Сондай-ақ жинақталған қаражатты кәмелетке толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік барын ескертті.

Жоба 2024 жылы іске қосылатын болса, келер жылы қалайда қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдануы керек. Қазіргі уақытта инвесторлардың шығындарын азайту және инвестициялық шешімдер қабылдауды жеделдету үшін ready-built factory типі бойынша дайын өндірістік алаңдарды ұсыну бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

"БЖЗҚ салымшылардың номиналды есепшоттарын жүргізу бойынша тиісті құзыретке ие. Тиісінше, кәмелетке толмаған қазақстандықтарға есепшот ашу уақыт жағынан да, қаржылық тұрғыдан да қиын болмайды. Есепшот Қазақстан азаматтығы бар барлық балаға автоматты түрде ашылады. Бұл ретте қаражатты есептеу номиналды, яғни жазба түрде жүргізіледі. Ал ақшаны нақты аудару 18 жасқа толғаннан кейін ғана жүзеге асырылады", – Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшысы Рамазан Досов.

Оның пікірінше, инвестициялық табыс тұрақтылық шамасына жатпайды. Тиісінше, оған кепілдік те берілмейді. Мәселен, егер былтыр инвестициялық табыс 800 млрд теңгені құраса, биылғы шығын 635 млрд теңгеге тең болуы мүмкін. Мұндай жағдайда балаларға ештеңе де тимейді.

Рамазан Досовтың айтуынша, болашақ инвестициялық кіріс негізінен Ұлттық қор активтерінің негізгі көлемі инвестицияланған қор нарықтарындағы жағдаймен, ұлттық валюта бағамының өзгеруімен, сондай-ақ Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемімен анықталады.

"Айталық, ретроспективада 2000-2004 жылдар аралығында туған әрбір қазақстандық 18 жасқа толғанда Ұлттық қордың іс жүзінде қалыптасқан инвестициялық кірісінің 50 пайызынан орташа есеппен 1,9 млн теңге алар еді. Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс бағамдық қайта бағалауды ескере отырып, 2000-2021 жылдар ішінде 25,5 трлн теңгені құрады. Ал елдегі балалар саны осы кезеңде 4,96 млн-нан 5,96 млн-ға дейін өсті. Егер 10 пайыздық мөлшерлемемен пайыздарды капиталдандыруды қосатын болсақ, онда орташа сома 2,4 млн теңгеге дейін өседі. Осы жерде БАӘ, Кувейт және Катар елдеріндегі секілді шот-фактуралардың да жинақталуының маңыздылығы туындайды", – дейді сарапшы.

Қазір Президент ұсынған жобаларға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Мәселен, белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Ұлттық қордан үлес түсетін әр баланың есепшоты "Отбасы банкінен" ашылғанын жөн санап отыр.

"Осындай ұқсас жобалардың екі түрі бар. Біріншісі – Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында, онда мұндай жоба "Ана капиталы" деп аталады. Бірақ бұл мемлекеттерде бірден шамамен 10 мың доллар бөлінеді, оны бала 18 жасқа толғанға дейін қолдануға болмайды. Бұл қаржыны да тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады. Сондай-ақ Аляска мұнай қорының осыған ұқсас тәжірибесі бар. Алайда олар балаларға ғана емес, Алясканың әр тұрғынына жылына 2 мың доллар төлейді. Ал бұл төлемді алушылар қалағанынша жұмсай алады. Төлемнің жалғыз шарты – алушы адам сотталмаған болуы керек. Ал елімізде Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын әрбір балаға бөлетін болды. Бұл жылына шамамен 250 доллар болады. Осы орайда тұрғын үй сатып алуды одан әрі жоспарлау оңай болуы үшін есепшотты бірден "Отбасы банкінен" ашылатындай етіп жасаған дұрыс деп ойлаймын. Жалпы алғанда, бұл бастаманың теріс ықпалы бар дейтіндей қауіп жоқ, инфляцияға да қысым болмайды", – дейді Олжас Құдайбергенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу