Жаңалықтың мәнісін түсіну үшін мына жайтқа назар аудара кеткен жөн. Көрші Ресейде 16 банк 65%-ға дейінгі ең жоғарғы ставкамен халықтан және бизнестен қаржы тартады. Барлық салымдар сақтандырылған.
Бұл жерде әрине, ең жоғарғылары – бір реттік акцияларға тиесілі. Тұрақтыларына келсек, "Локо-Банк" бір жылдық депозитке – 20,7%, "МТС Банк" – 22,57%, "БыстроБанк", "ПСБ" – 23%, "Московский Кредитный Банк" – 23,5% және сол сияқты болып кете береді.
Мысалы, ресейлік "ВТБ" ресейліктерге "Двойная выгода" аталған депозиті бойынша 30%-ға дейін сыйақы ұсынады. Яғни, 10 миллион салып, 3 жылда шамамен 30 миллионға жуық ақша ала алады.
Сол ВТБ-ның қазақстандық филиалы қазақстандық клиенттеріне салымы үшін бұдан екі есе төмен, ең жоғары дегенде 15,2% сыйақы ғана ұсынады. Өйткені қазақстандық банктердің және шетелдік банктердің Қазақстандағы филиалдарының төл депозиттері бойынша сыйақы ставкаларын шектен тыс өсіруіне шектеу қойылған.
Салдарынан, мемлекет бекіткен сыйақы мөлшерлемелерінің "төбесін" тесіп, одан жоғары % ұсынатын банктер "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының" (ҚДКҚ) резервіне өзге банктерге қарағанда әлдеқайда көп қаржы – жоғарылатылған жарна төлеуге мәжбүр.
Бұл тетіктер барынша көп клиентті тартуды, тиісінше, оларды өзге банктерден тартып алуды мақсат тұтқан кейбір банктердің агрессивті депозиттік саясатын құрықтап ұстады. Осы арқылы мемлекет бұқара мен бизнестің астатөк ақшасын жинап алып, шетелге тайып тұруы мүмкін банкирлерге тосқауыл қойды.
Сонымен бірге, бұл шектеу барлық дамыған елдерге, тіпті дамушы елдерге тән нарықтық процестерге тұсау болып келді.
Сондықтан ҚДКҚ бұдан былай теңгедегі депозиттердің ставкаларына белгіленген ставкаларды жояды. Бұл тарихи бетбұрыс келесі аптада, 2025 жылғы наурыздың алғашқы жұмыс аптасында болады.
Еске сала кетсек, банктер банкрот болса да ондағы жеке тұлғалардың салымдарын қайтаруды кепілдендіретін аталған қор 2025 жылғы ақпанға жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша сыйақының келесі шекті мөлшерлемелерін бекіткен болатын.
- Мерзімсіз салымдар – 14,8%;
- Толықтыру құқығымен мерзімді салымдар, оның ішінде жинақ салымдар: 1 айға – 16%, 6 айға – 17%, 12 айға – 14,5%, 24 айға – 8,2%, 24 айдан асса – 8,1%;
- Толықтыру құқығынсыз мерзімді салымдар, оның ішінде жинақ салымдар бойынша шекті ставка: 1 айға – 16,6%, 6 айға – 18,8%, 12 айға –16,6%, 24 айға – 13,2%, 24 айдан асса – 11,7%.
Бұл Қазақстан тарихындағы банктік депозиттердің соңғы шекті мөлшерлемелері болса керек. Енді ҚДКҚ теңгедегі жинақтар бойынша банктердің пайыздық сыйақысын еш шектемейді, ешқандай шек бекітпейді. Оның орнына қор депозиттік нарықтағы нарықтық ставкалар туралы мәліметтерді жариялаумен, талдаумен айналысады.
"Қазаннан қақпақ кеткен" соң, банктер өз салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесін өз бетінше, нарықтық факторлардың ықпалымен қалыптастыратын болады. Яғни, банкирлерге біршама еркіндік берілуде.
Олай болса, қазақстандықтарға да жинағын банкке 30 пайыз және одан жоғары ставкамен салып, күреп табыс табатын күн жақындағанға ұқсайды. Айта кету керек, мемлекеттің банктерге жоғары сыйақы ұсынуын қатты шектеуі кесірінен азаматтар "табысыңды 30 пайызға өсіріп берем!" деп уәде еткен қаржы пирамидаларына, блогерлерге, "инвесторларға", курс сатушыларға және басқа да қаптаған алақол жандарға ақшасын апаруға мәжбүр болды.
Енді оның бәрін банкке салып, кепілді түрде табыс табуға мүмкіндік ашылатынға ұқсайды. Депозиттер бойынша сыйақы көлемі әрі қарай мемлекеттік реттеуге емес, нарықтағы жағдайға, банкирлердің жомарттығы мен бақталасын жолда қалдыруға деген құштарлығына байланысты болады.
Алайда салымдар саласы мүлдем реттеусіз қалмайды. Егер банктер депозиттер бойынша ставканы нарықтағы орташа шамадан жоғары көтерсе, оларға сол бұрынғыдай кепілдендіру қорына жоғарылатылған жарна төлеуге тура келеді. Орташа нарықтық межеден айырмашылық неғұрлым жоғары болса, онда жарна көлемі де соғұрлым өсе түседі.
Өз түсініктемесінде ҚДКҚ мөлшерлемелердің шегін "директивті түрде" белгілеуден кетіп, нарықтық белгілеуге өтетінін мәлімдеді. Биылғы 1 наурыздан бастап, қор шекті ставкалардың мәндерін жариялауды тоқтатып, депозит нарығындағы нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялай бастайтынын түсіндірді.
Сонда кезінде бұл шектеу не үшін енгізіліп еді?
"Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) қызметінің басымды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл шара бастапқыда халықты банктердің депозиттерді жоғары мөлшерлемелер есебінен басқыншылық-агрессивтілікпен тартудан қорғауға бағытталған еді. Сонымен бірге, қазақстандық банк секторының дамуына және бизнесті жүргізу стандарттарының жоғарылуына қарай ҚДКҚ депозит нарығын реттеуді ырықтандыру жағына қарай бағыт ала бастады", – делінген қордың түсініктемесінде.
Оның мәліметінше, бас тартылған демократиялық емес тәжірибенің қолданылғанына биыл 17 жыл болыпты. ҚДКҚ 2008 жылдан бастап барлық банктер үшін шекті ставкаларды бекітті.
"Банктер өз депозиттік өнімдерінің мөлшерлемелерін сол деңгейден асырған жағдайда, ҚДКҚ-ның кепілді өтем төлеу үшін құрылған арнайы резервіне айтарлықтай көтеріңкі жарна төлеуге міндетті болды. Ставкалардың шекті мөлшері банктердің басқыншы депозиттік саясатын тиімді шектеді, бірақ соған қарамастан бұл нарықтың жұмыс істеуіне тікелей араласу болғаны еді", – деп мойындады қордағылар.
ҚДКҚ нарықтық реттеуге алғашқы қадамды 2018 жылы жасады. Теңгелік және валюталық депозиттер бойынша екі шекті мөлшерлемені белгілеудің орнына нарықтық ставкалар негізінде шекті ставканы салымдардың топтары бөлінісінде ай сайын белгілеуге кірісті.
Сонымен бірге, нарықтық және шекті мөлшерлемелер арасындағы уақыттың едәуір кешеуілдеуі депозит нарығына ақша-несие саясатының трансмиссиясын баяулатты. Сондықтан бұл тетік те бұрынғысынша бәрібір директивті араласуды талап етті.
Бұл тәжірибеден бас тартып, нарыққа бейімделген икемді механимздерді енгізу үшін ҚДКҚ 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, банктердің көпшілігі үшін теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуді жойды.
Оның орнына 2025 жылдың ақпан айында тек "капиталдануы жақсыдан төменірек банктер үшін" сыйақының шекті ставкаларын бекітті. Жетекші банктерге сыйақы көлемін өз еркінше бекітуіне сонда алғаш рұқсат етті.
"Осылайша, шекті ставкалар ҚДКҚ-ның әдістемесі бойынша капиталдануы жақсыдан төменірек деп танылған санаттағы санаулы ғана банктер үшін сақталды. Мұндай тәжірибе АҚШ-та ойдағыдай қолданылып келеді. Онда депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер сондай-ақ жеткілікті капиталдандырылмаған банктер үшін де белгіленеді. Бұл ретте мөлшерлемелердің айтарлықтай құбылуын және салымдардың депозит нарығында бір банктен екінші банкке ағылуын болдырмау мақсатында барлық банктер үшін жүйелік тәуекелге арналған жарна енгізілді. Оның мөлшері олардың ставкаларының нарықтық деңгейден қаншалықты ауытқығандығына тәуелді", – деп түсіндірді қор өкілдері.
Енді міне, қор ырықтандыру-либерализация бағытында келесі маңызды қадамды жасап отыр. Яғни, тіпті капиталдануы жақсыдан төмен, әлсіз банктер үшін де теңгелік депозиттер бойынша шектеуді жойды.
"2025 жылдың 1 наурызынан бастап, ҚДКҚ теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілемейтін болады. Капиталдануы жақсыдан төмен банктер сондай-ақ өздерінің депозиттік саясатын басқа банктер секілді нарықтық жағдайға сай белгілей алады. Сонымен бірге егер капиталдануы жақсыдан төмен банктер төл депозиттері бойынша ставкаларын айтарлықтай өсіретін болса бұл отандық банк жүйесіне қосымша қауіп. Осыған байланысты мұндай банктер жүйелік тәуекел үшін төлейтін жарнаға қосымша ретінде мөлшерлемелердің шектен тыс асырылу дәрежесіне және депозиттерді тарту көлеміне қарай көтеріңкі жарна төлейтін болады", – деп мәлім етті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.
Тиісінше, депозит нарығындағы мөлшерлемелерді реттеу реформасын жүзеге асыруға байланысты 2025 жылдың ақпан айынан бастап, ҚДКҚ өз сайтында теңгелік депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер туралы ақпаратты жариялауды тоқтатады.
Оның орнына 2025 жылдың наурызынан бастап, ҚДКҚ ресми сайтында бөлшек саудалық депозит нарығында қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялайтын болады.
Айта кету керек, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер сол бұрынғыдай барлық банктер үшін белгіленеді.
"Бұл реформа өз депозиттеріне сыйақы ставкаларын белгілеу барысында банктерге көбірек еркіндік береді. Теңгелік депозиттер ставкасы нарықтық факторларды ескеріп белгіленеді. Мұнда банктер ұстанатын басты бағдар – нарықтық мөлшерлеме болады. Оның көлемін нарықтың барлық қатысушылары белгілейді. Бұл банктер арасында адал бәсекелестіктің дамуына жағдай жасайды және бөлшек саудалық депозит нарығының, әсіресе санаулы банктер ғана қатысатын сегменттің дамуына жаңа серпін береді", – деді ҚДКҚ басшысы Әділ Өтембаев.
Оның айтуынша, мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанда 12 айдан асатын мерзімді және жинақ салымдарды тарту көлемі мардымсыз. Халықтың басым көпшілігі барынша қысқа мерзімді депозиттерді таңдайды. Өйткені олардың сыйақысы жоғарылау.
Егер Ресейдегідей, ұзақ мерзімділеріне, айталық, бір жылдық салымға 30 пайыздық сыйақы ұсынылса, бұл сегменттің бағы ашылады, әлеуеті ұлғаяды, клиенттен арылмайды.
Бірақ қор сонша жоғары ставка болмайды деп үміттенеді. Әділ Өтембаевтың байламынша, теңгелік депозиттер ставкасының шегі жойылғанымен, жүйелік тәуекелге тосқауыл қою үшін банктер төлейтін жарна мен көтеріңкі жарна "теңестіруші-тежеуші рөлін" атқаратын болады. Бұл банктерді "депозиттер мөлшерлемелерін шектен тыс көтеру ниетінен бас тартқызады".