Сарапшылар құрылыс саласында қосылған құн салығы жеңілдігін алып тастау онсыз да қымбат баспана бағасын шарықтатып жіберуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков құрылыс саласындағы қосылған құн салығы жеңілдігі баспана сатып алу кезінде азаматтар ие жеңілдік дейді.
"Әр заттың бағасында қосылған құн салығы бар, бірақ пәтер бағасында ҚҚС жоқ. Бұл шешім шаршы метр кұнының қосымша қымбаттауына әкеледі. Құрылыс қарқынын төмендетіп, тұтастай алғанда құрылыстың дамуына теріс әсер етеді. Егер ҚҚС 16 пайыз деңгейінде болса, тұрғын үй 14 пайызға қымбаттайды", – дейді ол.
Сала маманының пікірінше, қосылған құн салығын енгізу эконом және комфорт тұрғын үй сегментіне соққы болып тиюі мүмкін.
"Себебі дәл осы сегменттерде шығындар айырмашылығын маржамен өтеу мүмкін емес. Яғни, мұнда құрылыс компаниялары аз пайда табады. Олардың маржасы – 6 пайыздан 15 пайызға дейін. Бұл өте төмен. Сәйкесінше мұндай жобалардың саны төмендейді немесе қымбаттайды деп күтіледі. Салдарынан сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін. Яғни, бұл осы санаттағы пәтерлердің аз сатылуына әкеледі", – деп түсіндірді сарапшы.
Виктор Микрюков пәтерді қаражат жинақтаған соң ғана сатып алған дұрыс деп санайды. Оның айтуынша, баспана сатып алуға ыңғайлы сәт деген болмайды.
"Қанша қаржы жинау керек дегенге келсек, бәрі де адамның қандай пәтер сатып алғысы келетініне байланысты. Бұл талқылауды қажет ететін сұрақ. Мәселен, кейбіреуі шалғай аймақта орналасқан үйді 6 миллион теңгеге сатып алуы мүмкін. Ал енді бірі Астанада бір бөлмелі пәтерді жоқ дегенде 16 млн теңгеге сатып алады. Баға әр жерде әртүрлі", – деді Құрылысшылар қауымдастығының басшысы.
Құрылыс саласындағы сапа қатаң бақылауды қажет етеді
Экономист Расул Рысмамбетов құрылыс компаниялары бөлшектену тәжірибесін тоқтату керек деген пікірде.
"Үш нәрсені қолға алу қажет. Біріншіден, саладағы бөлшектенуді тоқтату керек. Екіншіден, құрылыс материалдары ресми әрі ашық түрде сатып алынуы тиіс. Содан кейін шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде заңсыз жұмыс күшін жұмылдыруды тоқтату қажет. Жалпы Қазақстандағы құрылыс саласындағы сапа қатаң бақылауды қажет етеді. ҚҚС бойынша жеңілдіктер мүлдем жойылып кетеді деп ойламаймын, оларды қалдыруы да мүмкін", – деді ол.
Қаржыгердің айтуынша, құрылыс компаниялары ашық қаржылық есептілікті жүргізуі тиіс.
"Бұл ірі, орта және шағын компанияларға, яғни, бәріне қатысты. Олар халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша есеп беруі қажет. Бұдан бөлек отандық құрылыс материалдарының өндірісіне де назар аударылғаны жөн. Бұл маңызды", – деп атап өтті экономист.
Расул Рысмамбетов баспананы ақша жинап немесе ипотека арқылы алған жөн дейді. Сарапшы қазақстандықтарға баспана сатып алу үшін біртіндеп қаражат жинауды кеңес берді.
Айта кетерлігі, құрылыс саласында қосылған құн салығы жеңілдігін алып тастау бойынша нақты шешім қабылданбады. Осыған қатысты ұсыныстар жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілгені туралы белгілі болды. Парламент пен атқарушы билік бұл мәселеде қандай шешімге келері әлі белгісіз.