Мұнда тәулігіне 8 тоннадан 10 тоннаға дейін уран өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс қуатын 20 пайызға арттыру жоспары бар. Редакция тілшісі аталмыш кеніштің жұмысымен танысып қайтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан уран өндіру және оны сату бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі. "Қазатомөнеркәсіптің" 27 кен орны мен 14 уран өндіруші кәсіпорны бар. "Инкай" бірлескен кәсіпорны 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның акцияларының 60%-ы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясына, ал қалған үлесі канадалық Cameco корпорациясына тиесілі. Бұл еліміздегі ең ірі уран кен орындарының бірі. Кеніштің өзі Шымкенттен 500 шақырым жерде Созақ ауданындағы Тайқоңыр ауылында орналасқан. Мұнда ядролық отын жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен тәулік бойы өндіріледі. Мамандар оны экологиялық жағынан ең қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімді тәсіл деп отыр. Себебі бұл әдіс арқылы кенді өндіру қоршаған ортаны ластауына жол бермейді.
"Табиғи уран өндірісі жер қойнауында 350 метрден 500 метрге дейінгі тереңдікте жүргізіледі. Осы мақсатта арнайы геотехнологиялық ұңғымалар салынады, олар арқылы күкірт қышқылы бар ерітінділер жер астына жіберіледі және айдау ұңғымаларынан табиғи уран минералдарымен қаныққан ерітінділер алынады. Уран еріген күйде болады. Бұл қоршаған орта үшін ең қауіпсіз тәсіл болып саналады. Бүкіл технологиялық процесс жер астында жүреді. Жердің бетінде тек технологиялық құбырлар жатыр. Яғни, уранның өзі қоршаған ортамен байланысқа түспейді", - деді өндіру басқармасының бастығы Степан Третьяков.
Уран өндірісі бұрғылау, өндіру, өңдеу секілді сатылардан тұрады. Ұңғыма арқылы сорып алынған ядролық отын құбырлар арқылы зауытқа айдалады.
Полигондағы жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Мұнда барлығы 3 мыңнан астам ұңғыма бар. Жер бетінде тек кабельдер мен құбырларды ғана көруге болады. Байлықтың бәрі жердің астында жатыр.
Осында істейтін қызметкерлерге технологиялық процесті бақылау міндеті жүктелген. Жерасты ұңғымалық шаймалау кезінде өндірістік қалдықтар болмайды. Степан Третьяковтың сөзінше, кен орнында 140-150 мың тонна табиғи уран қоры бар. Мұндағы уран қоры 2056 жылға дейін жетеді деген болжам бар.
Пернебек Дауылбаев геотехнологиялық құрылыс бойынша супервайзер болып еңбек етеді. 2001 жылы қарауыл болып жұмысқа кірген. Оның компанияда істегеніне 24 жыл болыпты.
"Жер астынан сору ұңғымасы және сілтемені айдау ұңғымасын құрап, тораптар жасаймыз. Радиациялық қауіп болмайды. Бәрі жабық жағдайда істелінеді. Өздеріңіз көргендей, уран құбыр арқылы келеді", - деді ол.
Геотехнологиялық алаңның ұзындығы – 25 шақырым, ал ені – 12 км.
"Жер астынан шығарылған уран бар ерітінділер өңдеу цехында бірнеше сатыдан өтіп, дайын өнімге – уран концентратына немесе сары кекке айналады. Мұнда тәулігіне 10 тоннаға дейін уран өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс қуатын 20 пайызға арттыру жоспары бар", - деді кеніш директоры Әлібек Асауов.
Компанияның мәліметінше, осы күнге дейін барлығы 40 мың тоннаға жуық уран өндірілген.
Ұңғымалардан сынамалар алынады
Техник-зертханашы Гүлнұр Сандыбаева сынамаларға зерттеу жүргізеді.
"Жер асты ұңғымаларынан және зауыттан шығып жатқан ерітінділермен жұмыс істейміз. Әр талдауға белгілі бір уақыт кетуі мүмкін. Мысалы, біреуі жарты сағат ішінде дайын болса, келесісі бір сағатқа созылады. Экспресс зерттеу де жасаймыз. Талдау жүргізу арқылы ерітінді құрамында қандай элементтер бар екенін анықтаймыз. Ұңғымалардан алынған сынамалар сұйық түрде келеді. Ол түссіз болады. Онда уранды көзбен көре алмайсыз. Себебі ол толық дайын өнім емес", - деді ол.
Физико-химиялық зертханадағы талдау нәтижесі арнайы базаға енгізіліп, басқа бөлімдер тиісті ақпаратпен таныса алады. Үш кеніш бойынша екі зертхана бар. Мамандар екі ауысыммен жұмыс істейді.
Бір ерітінді құрамында 100 миллиграмм уран болады
Геотехнологиялық полигоннан келетін ерітіндінің ішінде 100 миллиграмм уран болады. Бұл туралы өңдеу басқармасының бастығы Айбек Айдымбеков айтты.
"Біз оны тауарлы дисорбат ретінде өңдейміз. Осылайша 100 миллиграммнан 100 граммға аударамыз. Одан соң уран пероксиді деп аталатын дайын өнім шығарамыз. Оның құрамындағы уранның үлесі 70-72 пайызға дейін жетеді. Дайын өнім арнайы бөшкелерге салынады", - деді ол.
Оның сөзінше, продуктивті ерітіндімен бірге жердің астынан радон газы шығады.
"Ең қауіптісі – радон газы. Одан қалай қорғанамыз? Бізде "Рамон" деп аталатын радиометр бар. Ол төрт сағат сайын анализ жасап отырады. Мысалы, жасыл түсті индикатордың жануы қалыпты деп есептелінеді. Сары түс болса, бұл бізге ескерту болады. Яғни, вентиляциядан немесе басқа жерден ауытқу болып жатыр деген сөз. Ондай кезде вентиляцияны тексереміз. Қызыл түс жанған жағдайда зауыттан шығып, жұмысты тоқтатуымыз керек. Цехтың ішіндегі еден әрдайым ылғалды болуы тиіс. Себебі альфа бөлшектер қауіпті, олар ауада жүреді. Егер біз оны жұтсақ немесе онымен тыныс алсақ, онда сәулеленуге ұшырауымыз мүмкін", - деді өңдеу басқармасының бастығы.
Әлемде уран өндірісінің 40%-ға жуығын Қазақстан қамтамасыз етеді
Соның ішінде "Инкайдың" үлесі – 7-8%.
"2024 жылдың қорытындысын әлі шығармадық. Бізде алдын ала деректер бар. Былтыр 3 мың тоннаға жуық уран өндірдік. 2025 жылы 3,2 мың тонна отын өндіруді жоспарлап отырмыз", - деді "Инкай" БК" бас директоры Біржан Жылқайдаров.
Дайын өнім Еуропа елдеріне және Канадаға жіберіледі. Ол негізінен Транскаспий халықаралық көлік бағытымен Ақтау арқылы экспортталады. Бұл – Ресейді айналып өтетін бағыт. Компания өнімді соңғы тұтынушыға дейін жеткізеді.
Біржан Жылқайдаров жылына шамамен 182 мың тонна күкірт қышқылы сатып алынатынын айтты. Өндіріске қажет реагент – отандық өнім, дейді ол. Дайын өнім шығару үшін негізінен төрт реагент қолданылады. Оларға күкірт қышқылы, аммиак селитрасы, пероксид пен аммиак жатады.
Өндірісте радиациялық қауіпсіздік жіті сақталады
Кәсіпорында барлығы 811 қызметкер еңбек етеді. Оның үшеуі ғана шетелден келген мамандар, қалғаны – Қазақстан азаматтары. Жұмысшылар вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олар вахталық елдімекенде тұрады. Қызметкерлер алатын жалақымыз жоғары дейді. Жатын орындармен және тамақпен қамтамасыз етілген.
"Кеніш қызметкерлеріне қосымша экологиялық төлемақы және әр жыл сайын компания қызметкерлеріне санаторлық-курорттық өтемақы беріледі. Одан бөлек жұмысшылар күн сайын ауысым алдындағы міндетті медициналық тексеруден өтіп отырады", - деді компанияның бас директоры Біржан Жылқайдаров.
Мекеме басшылығы өндірістің барлық деңгейінде радиациялық қауіпсіздікке жіті мән берілетінін айтты. Өндіріс пен кеніш аумағында арнайы киіммен жүруге ған рұқсат етіледі. Қауіпсіздік техникасының сақталуын қадағалау үшін бейнеаналитика жүйесі енгізілген. Учаскелерде 39 камера орнатылған. Сонымен қатар кеніш аумағында GPS-трекерлер де қолданылады. Бұл көлік құралдарының бағыты мен жылдамдығын бақылауға мүмкіндік береді. Себебі көліктер рұқсат етілген жылдамдық режимдерін сақтауы тиіс.
Айта кететіні, Қазақстан ураны атом электр станцияларының отыны ретінде өндіріледі. Яғни, бейбіт мақсатта ғана қолданылады.