Билік халықтың бәтеңкесін санап шықпақ

7377

Келесі жылы аяқкиімнің көп түрін сатуға тыйым салу жоспарлануда.

 Билік халықтың бәтеңкесін санап шықпақ

Қазақстандағы ең көлеңкелі сектордың бірі – аяқкиім саудасы екен. Мемлекет жыл сайын бұл өнімнің нақты қанша данасы сатылатынын шамалап болса да білмейді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, саладағы заңсыз айналымның 3 бағыты да дамыған. Біріншіден, контрабанда қанат жайған: Қытайдан, Қырғызстаннан, Ресейден және өзге елдерден бұл бұйым заңсыз тасылуда. Екіншіден, контрафакт белең алды: шетелдік, мысалы, италиялық брендтер еліміздегі жасырын цехтарда қолдан жасалады. Үшіншіден, көлеңкелі сауда жолға қойылған: барлық базарда, тіпті дүкендер мен сауда орталықтарында бұл өнім кассада ресми тіркеусіз, салығын төлеусіз сатылады.

"Қазіргі кезде Қазақстанда аяқкиімнің көлеңкелі нарығының көлеміне қатысты нақты сандар жоқ. Оны бағалау үшін әртүрлі тәсіл қолданылды. Мысалы, бизнес өкілдері мен кедендік брокерлердің бағалауынша, салада сұр импорт ішкі нарықтың 48,5%-ын құрайды. "Айналы статистикаға" жүгінсек, Қазақстан өзара сауда-саттық жасайтын елдердің кеден органдарының мәліметтерімен салыстырғанда бұл саладағы біздің статистика 140%-ға өзгешеленеді. Осылайша, егер статистикадағы айырмашылықты негізге алсақ, ішкі нарығымыздағы көлеңкелі айналым үлесі 69,3%-ға дейін жетеді. Бірақ айналы статистика шынайы көріністі сипаттамайды. Себебі, кедендер арасындағы деректердің алшақтығына ықпал ететін өзге де себептер бар: мәселен, тауар экспорттаушы елді 2019 жылы тастап шығуы, ал Қазақстанға 2020 жылы ғана келуі мүмкін", – деді ИИДМ.

"Transparency Kazakhstan" зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстан мен Қытайдың аяқкиім түрлері бойынша статистикалары арасындағы сәйкессіздік 90%-ға, ал Италиямен арада – 53%-ға дейін жетеді. Себебі, жемқорлыққа қарсы осы жаһандық ұйым елдер арасындағы кедендік статистиканы сомасына қарай салыстырады. Ал ел Үкіметі көлеміне, яғни тоннасына мән береді.

Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитеті мен Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша саладағы "сұр нарықтың" үлесі 73,1 миллиард теңгеге (жалпы нарықтың 40%-ы) бағаланады. Бірақ бұл ақпаратқа контрабанда қосылмаған.

Бұдан бөлек, сарапшылар бағалауы да бар: оған сәйкес, аяқкиім нарығында көлеңкелі айналым 48,5%-ды құрайды. Сарапшылар бағасы кәсіпкерлердің жеке тәжірибесіне сүйенеді. Бұл ретте әрбір қазақстандық жыл сайын орташа 4 жұп аяқкиімді (2 бәтеңке-туфли және 2 етік) тоздырады деп есептеледі. Сонда 18,9 миллион қазақстандық жылына шамамен 75-80 миллион аяқкиім сатып алады. Сарапшылық бағалау билік тарапынан "ең консервативті және барынша дәл" деп танылған және көптеген есептемелерде қолданылады.

Дегенмен, оның өзі болжамды нәрсе. Ал билік әрбір қазақстандықтың қанша бәтіңке мен етік сатып алатынын нақты білгісі келеді.

Сондықтан елде әрбір аяқкиім бірлігін цифрлық таңбалауды жаппай енгізуді қолға алынуда. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде өнімнің осы түрін жасайтын 58 шағын өндіруші бар. Бұған қоса, 446 импорттаушы сауда орындарының сөресін күн сайын шетелдік тауармен толтырады. Демек, жаңа бастама осы өндірушілер мен  импорттаушыларды, дистрибьюторларды және бөлшек сауда нүктелерін қамтитын болады.

Индустрия министрлігі келесі ендіру кезеңдері мен мерзімдерін ұсынып отыр: І-кезеңде – биылғы 1 шілдеден бастап, елде өндірілетін және шетелден тасылатын әрбір аяқкиім бірлігіне таңба кодтары түсіріледі. Әрбір маркаланған өнім бақылау-кассалық аппарат арқылы тіркеледі. Егер таңбаланған аяқкиім кассадан тыс сатылып кетсе, оның өндіруші не импорттаушыдан бері келе жатқан цифрлық ізі сауда орнында шорт кесіледі. Яғни, салықшылар тауар чек берілмей сатылғанын біледі.

ІІ-кезең – келесі 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әрбір аяқкиім жұбының өндірістен бастап бөлшек саудада клиентке сатылғанға дейінгі қозғалысы жаппай тіркеледі, аяқкиімдерге ілеспе электронды құжаттар рәсімделеді.

ІІІ-кезеңде – 2022 жылдың 1 наурызынан бастап, ішкі нарықта қалған, тиісті белгісі соғылмаған аяқкиімдерге таңба басуға тыйым салынады. Бұл жерде билік Ресейден сатып алынатын DataMatrix кодтарын қолдан жасау мүмкін болмайтынына сенімді.

IV-кезеңде – алдағы жылдың 1 сәуірінен бастап, таңбаланбаған өнімді көтерме және бөлшек саудада сатуға тыйым енгізіледі. 

Бұл мерзімдердің сақталуына, қойылған көрсеткіштерге қол жеткізуге, осы істі реттеуге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті жауапты болады.

Жалпы, бұл бастама бізге Ресейден келгені мәлім. 2019 жылғы 8 тамызда алпауыт көрші Еуразиялық одаққа мүше елдерді аяқкиімді цифрлық таңбалауға көшуге иліктіріп, тиісті келісімге қол қойғызды. Егер Қазақстан бұл жұмысты ары қарай кешіктіре берсе, онда осы өнімдерін экспорттай алмай қалады. Бірақ өндірушілеріміз ішкі нарықтың сұранысын да өтей алмай отырғанын ескерсек, бұл экспорттың шектелуі экономикаға үлкен ауыртпалық түсірмейтінге ұқсайды.

Қалай болғанда, бастама биылғы жазда жылдам қарқынмен ілгерілесе, таяуда қазақстандықтардың бір жылда қанша аяқкиім сатып алатынына қатысты мәліметтер анықталатынға ұқсайды. Және ол дерек қазіргі болжамдардан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Мысалы, Ресей "маркировканы" ендіргенге дейін ресейліктер жыл сайын шамамен 300 миллион жұп аяқкиім киеді деп тұспалдап келіпті. Ал ұқсас бастама қолға алынған алғашқы жылда-ақ бұл көрсеткіш шамамен 1,9 миллиард жұпқа жетті. Сөйтіп, нарық "тазарған".

ИИДМ мәліметінше, аяқкиімді цифрлық таңбалауды енгізу арқасында біріншіден, заңсыз импорттаушылар түріндегі адал емес, жосықсыз ойыншылар нарықтан аласталады. Екіншіден, көлеңкелі айналымның жойылуы нәтижесінде қазақстандық аяқкиім нарығының ауқымы қазіргі 149,5 миллиард теңгеден 2025 жылға қарай 439,1 миллиард теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Бұл нарықты инвесторлар үшін қызықты етеді, отандық тауарды өндірушілер санының артуына ықпал етеді.

Үшіншіден, саладан жиналатын салықтық және кедендік төлемдер 24,5 миллиардтан 2025 жылға қарай 72 миллиард теңгеге дейін өспек.

Алайда  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл қадамның тұрмысы төмен адамдарға соққы болатынын жасырмады: алдын ала бағалау бойынша "тазартылған" нарықта аяқкиімдердің 9%-ы жоғалып кетеді, ал қалған өнімдердің бағасы дүрк көтеріледі.

"Бұл табысы аз халықтың сатып алу қабілетін төмендетеді. Басқаша айтқанда, заңды аяқкиімнің бағасы Қазақстан халқының белгілі бір бөлігі үшін көтере алмастай тым қымбат болмақ", – деп түйді министрлік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу