Билік құрылымына жасанды интеллект кіріп жатыр

1759

Қазақстанда ЖЗ шекарадағы кезекті реттейді, табиғи апаттарды бақылайды, бизнес-процестерді басқарады, басқа да қызметпен айналысады.

Билік құрылымына жасанды интеллект кіріп жатыр Фото: canva.com

Елімізде биыл жасанды зерде (ЖЗ) мамандарын даярлау басталмақ.

Ол University Alliance of Science and Technology жоғарғы оқу орындарының альянсы әзірлеген "Жасанды интеллект" атты жаңа бакалавриатта білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асады деп жоспарланған. Сол арқылы алдағы үш жылда алғашқы ЖЗ бакалаврлары даярланып шығуға тиіс.

Бағдарлама Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру ұйымдарына арналған 2024 жылғы Жол картасына енді. Құжатты қазақстандық және халықаралық сарапшылар бірлесе әзірлеген екен.

Келесі оқу жылында Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ), Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), Astana IT University (AITU), К.Сағадиев атындағы халықаралық бизнес университеті (UIB) және Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (Energo University) осы "Жасанды интеллект" бағдарламасы бойынша шәкірт оқытуға кіріседі. Осы университеттер жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім саласында жасанды зердені қолданудың ЖОО аралық стандартын әзірлеп шықты.

Бұл ақпарат Алматыда өткен, оқытушыларға арналған ЖЗ бойынша жазғы мектепте жарияланды. Онда сондай-ақ Украина, Түркия, Әзербайжан және өзге елдерден келген эксперттер қатысты.

Astana IT University ғылым мен инновациялар жөніндегі проректоры Андрей Белощицкийдің айтуынша, қазіргі кезде ЖЗ саласындағы мамандарға деген қажеттілік бүкіл әлемде өсіп келеді. Ондай майталман мамандардың еңбегі алтыннан да құнды, тиісінше өте жоғары жалақы алады.

Сондықтан жаңа білім беру бағдарламасы "темірді қызған кезде соқ" дейтіндей, ең қажетті кезде қолға алынып отыр. Дарынды, арманшыл, амбициозды жастар тарапынан бұл мамандыққа сұраныс жоғары болары даусыз.

"Жасанды зерде бойынша білім беру бағдарламасының ашылуы – тек болашақ айтишілер үшін ғана емес, сонымен қатар түрлі салалардағы мамандар, соның ішінде болашақ деректер аналитиктері үшін өте маңызды бағыт. Бұл ретте жазғы мектеп осы саладағы оқытушыларымыздың кәсіби деңгейін арттыруға септеседі деген үміттеміз. Бұл тұтастай алғанда студенттерді оқыту сапасын арттыруға және олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына ықпал етуге тиіс", – деді Андрей Белощицкий.

Жиында белгілі болғандай, қазақстандық университеттер өз тәжірибесіне ЖЗ-ны белсенді енгізуде екен. ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллиннің мәліметінше, америкалық Силикон алқабының аналогы – Alma Valley іске қосылған, онда ЖЗ-мен байланысты 15-тен астам жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді.

Отандық біраз университеттерде Apple, Microsoft, Huawei, Cisco, Kaspersky Lab, 1C, SAP және басқа да әлемдік танымал вендорлардың зертханалары, сертификаттау орталықтары ашылды.

"Атамекен" ұлттық палатасының қолдауымен Жоғарғы сотта ЖЗ арқылы талдау және болжам жасау модульдері белсенді жұмыс істеп жатқаны айтылды.

Сарапшылар жасанды зерденің әлемге, адам өміріне қарқынды енуін қазақстандық еңбек нарығы да, жоғарғы білім жүйесі де мұқият ескеріп, соған бейімделуі қажет деп отыр. ХАТУ ректоры Асқар Хикметов ЖЗ-нің кең өркен жаюы көптеген дәстүрлі мамандықтың жойылуына соқтыратынын, олардың орнына жаңалары пайда болатынын еске салды. Барлық жастар, мамандар керекті, тиімді нәтижелерге қол жеткізуі үшін ЖЗ алдына міндеттерді дұрыс қоя білуге үйренуі керек.

Айтқандай, осының алдында ғана, өткен апта соңында Премьердің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен ЖЗ бойынша Үкіметте жеке кеңес өтті. Яғни, бұл мәселеге енді билік мемлекеттік деңгейде мән бере бастағанға ұқсайды. Ол жиында халық пен бизнеске арналған мемлекеттік сервистерге жасанды интеллект элементтерін қауіпсіз енгізу мәселелері талқыланған.

Әйтпесе, ЖЗ-ны тыңшылар, хакерлер, қаскөйлер түрлі дерекқорлардан мемлекеттік құпияны, коммерциялық құпияны, сондай-ақ азаматтардың дербес деректерін және басқасын ұрлауға, жөнсіз түзетулер енгізуге пайдалануы мүмкін.

Тұтастай алғанда, ЖЗ элементтерін енгізу бойынша жұмыс – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында жүргізіледі және ол мемаппараттың қызметін бюрократиядан арылтуға, азаматтар мен бизнестің өмірін жеңілдетуге бағытталады.

Кеңесте бірқатар мемлекеттік органдар жаңа ЖЗ-сервистерді енгізу нәтижелерін ұсынды. Одан белгілі болғанындай, бүгінде жасанды зердесі бар білім беру көмекшісі, табиғи апаттарды бақылап, мониторинг жүргізуге арналған сервис енгізілген. Қазақстан шекарасындағы электронды кезектерді түзуге ЖЗ көмектесуде. "Бәйтерек" холдингіндегі бизнес-процестерді автоматтандыру да ЖЗ көмегімен жүзеге асырылуда екен.

Вице-премьер Ғ.Қойшыбаев "Бәйтерек" холдингіне қызмет көрсетудің "бірыңғай терезесі" қағидаты негізінде барлық қаржылық қызметтерді eGov мобильдік қосымшасына шығаруды тапсырды.

Жасанды интеллектті пайдалану арқылы бизнестің бюджеттен субсидия, кредит және басқа да ақшаны алу туралы өтінімдерін қарау мерзімдерін едәуір қысқартуды жүктеді.

Бұған қоса, ЖЗ билікке бизнеспен жұмысты проактивті форматқа көшіруге көмектеспек.

"Үкімет өмірдің барлық салаларында жасанды зердені енгізу бойынша белсенді жұмысын жалғастырады. Мұнда деректердің қауіпсіздігіне және заңнамалық нормалардың сақталуына ерекше назар аударылатын болады. Аталған шаралар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және бизнесті дамытуға ықпал ететін мемлекеттік басқарудың неғұрлым тиімді және ашық жүйесін құруға бағытталған", – деп атап өтті Ғалымжан Қойшыбаев.

Жалпы, Қазақстан ЖЗ енгізуге біршама дайын. Oxford Insights қалыптастырған рейтингке – 2023 жылға арналған жасанды интеллектке дайындық индексіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің арасында 72-орынға шықты. Бұл рейтингке Қазақстан өз өңірінде – Оңтүстік және Орталық Азияда Үндістан мен Түркиядан кейін 3-орында тұр.

Алайда бұл үдерісті билік тежеп келеді. Оның тіпті заңнамалық актілері де дайын емес. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жасанды зердені енгізу бойынша алғашқы қадамдар сонау 2017 жылы қабылданған "Цифрлық Қазақстан" мембағдарламасы аясында басталды. Мәселен, пилоттық режимде ЖЗ денсаулық сақтау саласына енгізілген.

Дегенмен, осы саланы реттейтін жеке құжатты Үкімет әлі күнге қабылдай алмай келеді. Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған "Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасында ЖЗ ендіру бойынша тек жекелеген іс-шаралар көзделді. Оның өзінде былтыр бұл ұлттық жоба жойылды.

Салдарынан, бүгінде "Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары" және "2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы" сияқты бірқатар құжатта жасанды интеллект бағыты бойынша кейбір міндеттер мен іс-шаралар ғана айқындалған.

Цифрлық даму министрі болып тұрған тұста Бағдат Мусиннің командасы әзірлеп, биылғы ақпанда жариялаған "Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын" Үкімет шикі деп танып, әлі күнге бекітпеген. Оның тағы қанша уақыт пысықталып, қашан өмірге жолдама алатыны тағы белгісіз. Соның кесірінен, бұл саланы дамыту шаралары жартыкеш болып тұр.

Цифрлық даму министрлігі Қазақстанның осы саладағы артықшылығы мен олқылығын атады. Кемшілігі көбірек көрінеді.

Өйткені деректердің қолжетімділігі, цифрлық әлеует, құқықтық базаның цифрлық бизнес-модельдерге бұрыннан бейімделуі – Қазақстанның күшті жақтары болып табылады.

Ірі жеке технологиялық компаниялардың болмауы, венчурлік капиталдың қолжетімсіздігі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) салымдардың жеткіліксіздігі – әлсіз жақтары болып табылады. Яғни, көбісі қаржының тапшылығына тіреледі. Оның үстіне бұл – толық тізім емес.

"Мемлекет, халық, бизнес тарапынан жасанды интеллект технологиялары туралы хабардарлықтың төмен деңгейі де саланың дамуына кедергі. Қазақстанда көптеген адам бұл технологиялардың қалай жұмыс істейтінін және оларды әртүрлі салаларда қалай қолдануға болатынын білмейді. Бұл технологиялық әзірлемелер мен инновациялық белсенділікке сұраныстың төмен деңгейіне байланысты. Бұдан бөлек, қазақстандық компаниялар инновацияларға инвестиция салуға және жасанды интеллект технологияларын пайдалануға құлықсыз", – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.

Ендеше олқылықтардың орны толмай, кемшіліктер кешенді жойылмай, ЖЗ ендіру – Үкіметтегі түрлі кеңестерде талқылаудан көп аса алмауы мүмкін.

Онда қазақстандық университеттерді "Жасанды интеллект" бағдарламасы бойынша бітірген жастар не мамандығына қатысы жоқ басқа жұмысқа тұруы немесе жаппай шетелге кетуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу