Билік Салық кодексінен ЕТЖ көрсеткішін алып тастамақ. Бұл нені білдіреді?

5691

2022 жылдан бастап елде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 60 мың теңге болады.

Билік Салық кодексінен ЕТЖ көрсеткішін алып тастамақ. Бұл нені білдіреді?

Үкімет ең төменгі жалақыға табыс салығын салу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мұны ең төменгі жалақыны көтеруге бағытталған салық заңнамасына енгізілген түзетулерден байқауға болады.

Елдегі ең төменгі жалақының өсуі тұрғындар үшін жағымды жаңалық болғанымен, оның бюджетке тигізетін оң әсері шамалы еді. Себебі салық заңнамасына сәйкес ең төменгі жалақыға табыс салығы салынбайды. Тек ол үшін стандартты салық шегерімі ЕТЖ пайдаланылатын, яғни ЕТЖ неғұрлым көп болса, салық жеңілдіктері де соғұрлым жоғары еді.

Сондықтан ол өскен кезде тұрғынның тікелей қолына берілетін жалақы мөлшері артатын. Алайда оның кері жағы да бар. Бұл – жеке табыс салығынан (ЖТС) түсетін түсімдерден айырылу.

Алдағы жылдан бастап ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 60 мың теңгеге дейін арттыру жеке табыс салығынан түсетін түсімдер бюджеттің кіріс бөлігіне теріс әсерін тигізбейді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің inbusiness.kz редакциясына жіберген сауалхатында жазылған. Тіпті аталған түсімдер өсуі де мүмкін.

"Салық кодексінде ЕТЖ-ға байланыстыру 1 ЕТЖ мөлшерінде ЖТС бойынша стандартты шегерім болып саналады және ол әлеуметтік салықтың ең аз мөлшері бөлігінде бар. ЕТЖ-ны пайдаланбау үшін көрсетілген мөлшерлерді айлық есептік көрсеткішке ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, әрі ЕТЖ Салық кодексінде қолданылмайды. Осылайша, ЕТЖ мөлшерінің артуы жеке табыс салығы бойынша бюджет түсімінің азаюына әкеп соқтырмайды, сондай-ақ шегерімдер есебінен қолға тиетін жалақыны арттырмайды", – деп жазылған Ұлттық экономика министрлігі жіберген сауалхатта.

Осыған дейін Президент ең төменгі жалақыны салық, әлеуметтік және басқа салаларда есептік көрсеткіш ретінде пайдаланбауды тапсырған еді. Осыған байланысты Қаржы министрлігі ЕТЖ-ны АЕК-ке айналдыру жұмысы қалай жүргізілетінін түсіндірді.

"Ұлттық экономика министрлігі аталған мөлшерді АЕК-ке ауыстыруды ұсынып отыр: 1 ЕТЖ орнына 14 АЕК (2021 жылы – 40 838 теңге). Шегерімнің мұндай мөлшері ЖТС бойынша бюджетке түсетін түсімдердің төмендемеуіне мүмкіндік береді. Осылайша, ЕТЖ мөлшерінің ұлғаюы ЖТС бойынша шегерімдерге әсер етпейді", – деп жазылған Қаржы министрлігі жіберген сауалхатта.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодекске (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу туралы заңға тиісті түзетулер әзірлеген.

Осыған дейін ең төменгі жалақыға табыс салығы салынбаған, әрі ол Салық кодексінде бекітілген еді. Алайда алдағы жылдан бастап, ең төменгі жалақыға да салық салынбақ. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 2022 жылы 1 АЕК 3063 теңге деңгейінде белгілеу ұсынылды. Осылайша, стандартты шегерім шегі 42 882 теңге (14 АЕК) болады, ал елде ең төменгі жалақыны алатындар 17,1 мың теңге – 1 711 теңге айырмасымен (60 мың және 42,8 мың теңге аралығында) табыс салығын төлей бастайды.

"Мемлекет басшысы 2021 жылғы 31 тамыздағы №21-3735 қарармен Қазақстан Үкіметінің Салық кодексіне ЕТЖ-нің жоспарлы мәнін емес, 14 АЕК-ке парапар сома базасында салық салынатын кірісті есептеу бөлігінде өзгерістер енгізуге қатысты ұсынысын қолдады", – деп жазылған сауалхатта.

Айгүл Тулекбаева

Аударған: Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу