Биыл 70 мың ескі автокөлік металға айналады

5931

Өткен жылы тозған техникасын тапсырған азаматтарға 13 833 млрд теңге төленді. 

Биыл 70 мың ескі автокөлік металға айналады

Мемлекеттік квотаның толық игерілуіне байланысты былтыр желтоқсанда уақытша тоқтатылған ескі көлікті утилизациялау бағдарламасы бүгін іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Істен шыққан көлік құралдарын жоюға қабылдау 2022 жылғы 5 - қаңтардан қайта басталады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тозығы жеткен 70 мың ескі көлікті қабылдауға квота бөлді. 5 - қаңтардан бастап көлік қабылдаудың электронды кезегі ашылып, өңірлердегі 18 бекеттің жұмысы жанданады", – деп нақтылады (Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы) ӨКМ операторы ЖШС.

Белгілі болғандай, айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруіне байланысты биыл көлік құралының санаты мен жиынтығына қарай автокөлік иелеріне 165 402 теңгеден бастап 606 474 теңгеге дейінгі аралықта өтемақы беріледі.  

Біле жүріңіз, былтыр ел азаматтары ескі көлік қабылдау бағдарламасы бойынша үкіметке 50 005 тозған техникасын тапсырды. Оның 37 495-і – жеңіл, 4 040-ы – жолаушы тасымалдайтын, 8470-і – жүк көлігі, 2 226-сы – трактор, 828-і – комбайн болды. Ескі автокөлігін өткізген азаматтарға 13,833 млрд теңге төленді. 

Тозған техникасын тапсырғандардың көшін шымкенттіктер бастады. Шырайлы шаһардың тұрғындары 12 068 көлікті ақшаға айырбастады. Алматылықтар 5 175 көлік тапсырып, екінші орынға орналасса, тараздықтар 4 788 техника өткізіп, үшінші орынға табан тіреді. 3 239 бірлік автокөлік а тапсырған қарағандылықтар төртікті түйіндеді. Қабылданған техниканың барлығы Қарағанды қаласының "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағындағы ескі автокөліктерді темірге айналдыратын зауытта бөлшектеледі.

"Бір тәулікте шамамен 200 ескі автокөлікті жоямыз. Металға айналған автокөліктер мыс қорыту зауытына жіберіледі. Ескі автокөліктердің пластмассаларын Алматыға, шиналарын Пришахтинскі қаласына жөнелтеміз", – деді зауыттың қаржы директоры Иосифжан Сұранқұлов.

Естеріңізге салайық, осыдан 6 жыл бұрын елімізде ескі көлікті қайта өңдеуге  қабылдау жобасы қолға алынды. Шара шеңберінде 17 қалада ескі көліктерді қабылдау пункттері ашылды. Көлік иелеріне темір тұлпарларының жағдайына қарай өтемақы берілді. Бұған қоса ескі көліктің орнына отандық автокөлік сатып алуға ниет білдіргендерге сертификат ұсынылды. 

Атап көрсетерлігі бүгіннен бастап еліміздің 14 аймағында тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникасы да қабылданады. Бұл үшін 5 мың квота бөлінді.

"Электронды кезектің бірінші кезеңі 5 қаңтардан бастап 2021 жылы шаруа қожалықтарының жергілікті әкімдіктерге ұсынған тізімі бойынша ашылады. Әкімдіктердің тізімінде 1,5 мыңнан астам комбайн мен трактор бар. Тізімдегі техника қабылданғаннан кейін жеке тұлғалар мен шаруа қожалықтарына электронды кезектің екінші кезеңіне қатысу мүмкіндігі беріледі. Мұнда әкімдікке жүгінудің қажеттігі болмайды, әркім өз кезегін өзі белгілейді. Толық жиынтықтағы комбайнға 2 млн теңгенің сертификаты беріледі. Ал толық емес жиынтықтағы комбайнға 1,5 млн теңгенің сертификаты ұсынылады. Толық жиынтықтағы трактор үшін құны 1 млн, толық емес жиынтықтағы шынжыр табанды немесе дөңгелекті машиналарға 560 мың теңгені құрайтын сертификат беріледі. Сертификатты Қазақстанда құрастырылған кез келген санаттағы көлікті сатып алу кезінде қолдануға болады. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алатын адам 4 сертификатты біріктіріп пайдалана алады. Өзге санаттағы көлікті сатып алатын кезде 2 сертификатты қосу мүмкіндігі беріледі. Сертификат 12 айға жарамды болады", – деп түсіндірді ӨКМ операторы.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу