Биыл Қазақстандағы мұнай өндірісі төмендейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
22698

2018 жылмен салыстырғанда осы жылы "қара алтын" өндірісі 1,4 млн тоннаға азаймақ.

Биыл Қазақстандағы мұнай өндірісі төмендейді

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Министр 2019 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлерінің болжамын ұсынды.

Оның айтуынша, өткен жылы жалпы ішкі өнім көлемі 58,8 трлн теңгені құраған. Бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база болмақ.

"2018 жылмен салыстырғанда мұнай өндірісі 1,4 млн тоннаға немесе 1,5 пайызға төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынын төмендетпек. Алайда қызмет көрсету секторы бойынша жоғары өсім күтіліп отыр. Оның өсіміне ішкі сұраныстың ұлғаюы себеп болмақ", – деді Руслан Дәленов үкімет отырысында.

Министр сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұрын мақұлданған деңгейде сақталатынын айтты. Яғни, биыл мұнай бағасы 1 барреліне 55 АҚШ доллары, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 370 теңге, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз деңгейінде сақталмақ.

Өнеркәсіп өсімі 1,6 пайызды құрайды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі тау-кен өнеркәсібіне қарағанда жоғары өсім көрсетпек.

"Экспорттың болжамы 54,4 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 0,3 млрд АҚШ долларына өсті. Импорт болжамы 32,9 млрд АҚШ доллары деңгейінде сақталды", – деді министр.

2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. Дәлірек айтсақ, биыл жалпы ішкі өнім 64,3 тлрн теңге көлемінде қалыптасады деген болжам бар. Бұл бұрынғы болжамнан 323,5 млрд теңгеге артық. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9 409 АҚШ долларын құрайды.

"Республикалық бюджеттің кірістері 7 трлн теңгеге бағаланады. Бұл бекітілген жоспардан 200,4 млрд теңгеге жоғары. Негізгі өсім қосылған құн салығынан, шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж салығынан, сондай-ақ салықтық емес түсімдерден қалыптасады деп күтілуде", – деді Руслан Дәленов.

Жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін 2019 жылға арналған болжамға бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 250 млрд теңгеге ұлғайтып, 2 700 млрд теңгеге дейін жеткізу қажет. Сондай-ақ тапшылықты жалпы ішкі өнімге қарағанда 1,5 пайыздан 2,1 пайызға дейін ұлғайту ұсынылды.

"Тікелей инвестициялар қорын құру үшін Ұлттық қордан 370 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферт қарастырылған. Бұл ретте, түсімдер мен пайдалануды ескергенде Ұлттық қордың таза түсімдері оң нәтижеде болады", – деді ұлттық экономика министрі.

Республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 11,9 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу