Биылғы жиналатын астық көлемі елді нанмен және ұнмен толық қамтуға жетеді – Тамара Дүйсенова

2250

Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. 

Биылғы жиналатын астық көлемі елді нанмен және ұнмен толық қамтуға жетеді – Тамара Дүйсенова Фото: inbusiness.kz

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz

Оның айтуынша, елдің бірқатар астықты өңірлеріндегі ауа-райының қолайсыз жағдайына байланысты бұл мәселе өзекті болып тұр.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тауар өндірушілерді қолдау мақсатында келесі шаралар қабылданды. Астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді;  қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданбай несиелер мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асырмақ; "Азық-түлік келісімшарт корпорациясының" қорлары негізінде тұқым қоры қалыптасады; агроөндіріс кешенін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу мәселесі пысықталуда. Бұл шара ауылшаруашылық өндірушілерін қолдау мақсатында астықты тікелей сатып алуды да көздейді", - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында. 

Тамара Дүйсенова өңірлік деңгейде ТЖ режимі жарияланған Жамбыл облысының шаруаларына өтемақы төлеу үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын, бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. 

"Бұдан басқа ішкі нарықта бидай бағасын тұрақтандыру және "параллельді импорт" әкелуді болдырмау мақсатында 2024 жылдың 11 сәуіріне дейін – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және басқа да үшінші елдерден Қазақстан аумағына теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салу мерзімі ұзартылды. Биылғы жиналатын астықтың күтілетін көлемі елімізді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатынын атап өткім келеді"", - деп толықтырды Премьер-Министрдің орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу