"Біздің жасқаншақ басшылар Ресейдің қант экспортын шектеуіне жауап бере алмайды"

6098

"Бұрын айтқанға көніп келдік – бүгін де ауыз аша алмаймыз". Экономист Жарас Ахметов Ресейдің осы жылдың тамыз айына дейін қант пен бидай экспортына тыйым салуына осылай баға берді. 

"Біздің жасқаншақ басшылар Ресейдің қант экспортын шектеуіне жауап бере алмайды"

Оның айтуынша, бір экономикалық одақтағы Ресейдің біржақты шешіміне Қазақстан тарапы жауап беріп, ол жаққа да қажетті тауардың экспортын тоқтатуы тиіс. Алайда Жарас Ахметов "жасқаншақ басшылардан ондай ірілік күтпейтінін" айтады.

Даудың басы

Даудың басы РИА Новости ақпарат көзінен тараған мәліметтен басталды. Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, Ресей Еуразиялық экономикалық одақтағы елдерге бидай мен қант экспортын тоқтатқалы отыр. Ондағы кеден комиссиясы сондай шешім қабылдаған. Яғни экономикалық одақтағы бес мемлекетке Ресей 2022 жылдың 31 тамызына дейін бидайды, ақ қант пен қант шикізатын сатпайды.

Ресейдің кедендік комиссиясы бұл шараның уақытша екенін хабарлайды. Әйтсе де Ресей тарапының бұл шешімі қазақстандық кейбір экономистердің сынына ілікті. Біржақты шешім "Қазақстан ЕАЭО-дан шығуы тиіс" деген күнделікті талқыланып жүрген мәселені тағы өзектендіре түсті.

"Ресей еш ойланбастан өз мүддесі үшін біржақты шешім қабылдайды. Неліктен біз олай ете алмаймыз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтан шығуымыз керек! Біздің өзімізге тиесілі кедендік кодекс пен дербес экономикалық саясат керек. Сонда ғана инфляциямен күресе аламыз. Әйтпегенде Ресейдегі инфляция мен дефицит біздің елді шатқаяқтатып жібереді", – деп жазады экономист әрі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан әлеуметтік желіде.

Қазақстанда қант үш айға жетеді

Ресейдің бидай экспортына тыйым салғаны Қазақстан үшін аса зор шығын емес. Себебі Қазақстанның өзі де бидай экспорттаушы елдердің бірі. Әйткенмен қантқа келгенде жағдай басқа. Мәселен, 2021 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында Қазақстан шет елдерден 104,6 мың тонна ақ қант сатып алған. Оның ішінде ең зор үлес – Ресейге тиесілі (92,1 мың тонна). Одан бөлек аталған кезеңде Қазақстан елге 96,6 мың тонна қант шикізатын импорттаған. Оның едәуір бөлігі Бразилия (73,7 мың тонна) мен Мексикаға (23,2 мың тонна) тиесілі.

Ресей тарапының біржақты шешіміне көп өтпей Бақыт Сұлтанов басқаратын Сауда және интеграция министрлігі реакция білдірді. Министрлік әдеттегі Қазақстанда негізгі азық-түлік тауарларының қорлары жасалғанын хабарлайды. Атап айтқанда, өңірлер мен сауда желілері одағының ақпараты бойынша тұрақтандыру қорлары мен сауда нысандарында қант қоры шоғырланған.

"Олар 3 ай бойы халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін жеткілікті", – деп хабарлайды министрліктен.

Министрлік қантты жеткізушілердің географиясын кеңейтіп, тәуекелдерді төмендету шеңберінде дайын қант өндіру үшін басқа елдерден шикі қант сатып алу жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Осылайша, Қазақстанда 2022 жылғы тамыз айының соңына дейін кедендік баждарды төлемей 250 мың тонна қант әкелу мүмкіндігі бары хабарланады.

Мүддеміз бұрыннан қорғалмай келеді

Іnbusiness.kz тілшісі осыған байланысты экономист Жарас Ахметовтің пікірін біліп көрген.

Оның айтуынша, Ресей Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бізбен бірге бола тұра ережелердің көптеп бұзғаны соншалық, шынын айтқанда, сол ортақ шарттың тағы бір пунктін бұзуға келгенде ол мүлде бас қатырмайды.

"Біздің проблема тіпті онда да емес. Өкінішке қарай әу баста біздің басшылар келіссөздер позициясында өте әлсіз болған да, экономикалық мүдделерді қорғай алмаған. Біз ылғи есе жібереміз де, өз мүддемізді қорғай алмаймыз. Ресей біржақты тәртіпте осындай шараларды қабылдайтын болса, біздікілер де "ендеше, біз былай жауап береміз" деуі керек болған. Алайда басшылар жасқаншақ болғаннан кейін қолда барды қанағат тұтуға мәжбүрміз", – деді экономист.

Жарас Ахметовтың айтуынша, Ресей тарапы бұған дейін де біржақты тәртіпте тауарларды кіруіне мүмкіндік бермейтін әртүрлі тарифтік емес шектеулер мен кедергілерді қойып келген.

"Біз ылғи сол айтқанға көніп, айдағанға жүріп келдік. Бұл жолы да ештеңе дей алмаймыз. Ал қазір Ресей тіпті батыл әрі озбыр шешімдерді қабылдай бастады. Бұл дұрыс емес", – дейді Жарас Ахметов.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу