Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту – ең басты мақсаттардың бірі.
– Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Реттелетін сатып алуларға бизнес өкілдері өтінім берген жағдайда, оған мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Екі бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту талаптары жоғарылады, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша тұтқындауға тыйым салынды. 2022 жылдан бері кәсіпкерлік саласында тіркелген қылмыстық істердің саны екі есе қысқарды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Инвесторларды негізсіз тексерудің, оларға айыппұл салудың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін "прокурор сүзгісі" енгізілді. Бүгінде прокурорлар инвестор құқығын бұзатын 700-ден аса фактіге тосқауыл қойды. Мұның бәрі бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға зор ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы.