"Болашақ" стипендиясынан айырылғандар мемлекетке 2,3 млрд теңге қайтарған

848

Қазір мыңнан аса отандасымыз осы бағдарламамен шетелде оқып жатыр.

"Болашақ" стипендиясынан айырылғандар мемлекетке 2,3 млрд теңге қайтарған Фото: inbusiness.kz

2024 жылы "Болашақ" стипендиясынан өз еркімен бас тартқан немесе міндеттемелерін орындамағаны үшін стипендиясынан айырылған қазақстандықтардан мемлекеттік бюджетке 2,3 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

11 наурыз күні Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте "Болашақ" бағдарламасының  ақпараттық жүйесі мен шекара қызметінің базасы интеграцияланғанын айтқан болатын. Құзырлы мемлекеттік органнан бұл ортақ жүйе қалай жұмыс істейтінін анықтап білдік.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Бүркіт" ақпараттық жүйесі арқылы сұрау жасап, қажетті деректерді алады. Орталық түлектердің Қазақстан аумағында шарттық міндеттемелерін орындауын бақылау мақсатында олардың еңбек қызметін бақылайды. Сондай-ақ, стипендиаттардың оқу барысын, оның ішінде олардың шетелге шығуы мен оқу аяқталған соң Қазақстанға оралуын бекітілген оқу кестесіне сәйкес қадағалайды", – деп жауап берді министрлік редакцияның ресми сауалына.

Министрлік "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындауға үміткерлерді іріктеу қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, конкурстық іріктеудің жаңа механизмі бекітілді, оның шеңберінде конкурстық турлардың нәтижелерін бағалау жүйесі енгізіліп, кейіннен келесі турға жіберіледі. Мемлекеттік органдардың кадрлық құрамын күшейту үшін үміткерлердің жаңа – "магистр дәрежесін алуға мемлекеттік қызметшілер" санаты тілдік курстардан өту мүмкіндігімен енгізілді.

Бұдан басқа Қазақстан мүшесі болып саналатын халықаралық және өңірлік ұйымдарда еңбекпен өтеу мүмкіндігі көзделген. Бұл бастама БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ТМҰ және басқа да ұйымдарда халықаралық аренада Қазақстанның мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін түлектерді қолдауға бағытталған.

"Конкурстық кезеңдердің бірінен өтпеген үміткерлерге сол күнтізбелік жылы "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін қайта өтінім беруге мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілді. Бұл қадам үміткерлерге кемшіліктерді жойғаннан кейін бағдарламаға табысты қатысуға қосымша мүмкіндік бере отырып, процесті барынша икемді және әділетті етеді. Мұндай тәсіл әлеуетті стипендиаттардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптарды төмендетпей олардың шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді", – делінген жауапта.

Сонымен қатар, конкурсқа қатысу үшін қажетті міндетті құжаттардың тізбесі кеңейтілді. Енді үміткерлер тәуелсіз сараптамалық комиссиясына өздерінің кәсіби және академиялық мақсаттарын, сондай-ақ оқуға деген уәждеме дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін уәждемелік хат ұсынуы тиіс.

"Қазіргі уақытта "Білім туралы" заңды іске асыру аясында "бакалавриат" санатына қойылатын талаптарды қарастыратын нормативтік-құқықтық актілер әзірленуде. Сонымен бірге, бастапқы кезеңде бакалавриат бойынша үміткерлер үшін 10-20 стипендия бөлуді жоспарлап отырмыз", – деп хабарлады Ғылым министрлігі.

Қандай реформалар күтіледі?

"Болашақ" бағдарламасы аясында экономиканың ең қажет салалары үшін мақсатты кадр даярлауға көшу қарастырылған. Бағыттар тізімі 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сәйкес қалыптастырылмақ.

"Мұндай механизм экономикадағы жоғары білікті мамандарға деген тек қазіргі емес, сонымен қатар болашақтағы қажеттіліктерді де ескеруге мүмкіндік береді. Бұл еңбек нарығының болжамдарына, технологиялық дамудың үрдістеріне және жаһандық экономикалық конъюнктураның өзгерістеріне негізделеді. Мақсатты кадр даярлау экономиканың аса маңызды секторларында кәсіби мамандардың тапшылығын азайтуға, "Болашақ" бағдарламасы түлектерінің ішкі еңбек нарығында сұранысқа ие болуын қамтамасыз етуге және елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді", – делінген министрліктің ресми жауабында.

1 мыңнан аса қазақстандық мұхит асып, шетелде оқып жатыр

Бағдарлама іске қосылғаннан бері 15 мыңнан астам қазақстандыққа стипендия тағайындалған. Келісімшартты бұзу себептері: отбасылық жағдайлар, денсаулық жағдайы, оқуын аяқтамау, еңбек өтеу міндеттемелерін толық орындамау, Қазақстанға оралмау, академиялық оқуға орналаса алмау. 

2025 жылға 645 шәкіртақы бекітілді. Оның ішінде магистратура бойынша – 411 стипендия, докторантура – 41, тағылымдамалар – 193.

"2025 жылғы наурыздағы жағдай бойынша "Болашақ" стипендиясынан 1,9% азамат еңбек өтеу міндеттемелерін орындамағаны үшін айырылды.  Бағдарлама ережелеріне сәйкес, бұл тұлғалар мемлекет олардың оқуы үшін жұмсаған барлық шығындарды өтеуге міндетті. Егер олар өз еркімен өтеуден бас тартса, Орталық сотқа жүгінеді. Айта кету керек, бағдарламаның 12,7 мыңнан астам түлегінің 10 мыңнан астамы міндеттемелерін толық орындап, Қазақстанда өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты", – деді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов.

Оның сөзінше, 2024 жылы "Болашақ" стипендиясынан өз еркімен бас тартқан немесе міндеттемелерін орындамағаны үшін стипендиясынан айырылған тұлғалардан мемлекеттік бюджетке 2,3 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.

"Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 1,9%-ы Қазақстанға оралмағаны және келісімшарттық міндеттемелерін орындамағаны үшін "Болашақ" стипендиясынан айырылды.

Қазір 2 479 түлек еңбек өтеу кезеңінде, яғни Қазақстанда өз міндеттемелерін орындап жатыр", – деп хабарлады "Халықаралық бағдарламалар орталығы" редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Бүгінгі таңда "Болашақ" стипендиаттары АҚШ-та (594 студент), Ұлыбритания және Ирландияда (351 студент), Еуропа және Океания елдерінде (144), Ресейде (15), Азияда (6) білім алып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу