Бұқтырма су қоймасы тартылып барады

2362

Бұл туризм саласына қиын болып отыр. 

Бұқтырма су қоймасы тартылып барады   Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері дабыл қағып жатыр. Демалушылар көп келетін су қоймасында қазір су азайып барады. Ал кемелер жағалауға жақындай алатын емес, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Мәселе ШҚО Кәсіпкерлер палатасының жиынында талқыланды. Палата директоры Қайрат Мамырбаев бұл мәселе демалыс базаларының иелерін ғана емес, өңір тұрғындарын да алаңдатып отырғанын атап өтті. 

"Биыл Бұқтырма су қоймасының жағалауы бірнеше ондаған метрге тартылды. Бұқтырма су қоймасы ең тартымды туристік орындардың бірі болып табылады, мұнда маусым мамырдан қазанға дейін созылады. Жағалауда демалыс өткізуге Шығыс Қазақстанның тұрғындары да, көрші мемлекеттердің азаматтары да үнемі келеді. Алайда қазір жағажайлар айтарлықтай құрғап қалды, бұл туризмге кері әсер етеді", – деді Мамырбаев.

Демалыс базаларының бірінің иесі, кәсіпкер Александр Чиликин жағдайдың өте қиын екенін атап өтті. 

"Бүгінгі таңда апатты жағдай болып отыр деуге болады. Біздің кемелерді қайда тоқтататынымызды білмейміз. Сонда адамдарды қалай тасымалдаймыз? Азық-түлікті қалай жеткіземіз? Тіпті білмеймін", – дейді Чиликин.

Ертіс бассейндік инспекциясының су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Семей бөлімінің бас маманы Жасұлан Әлібеков Бұқтырма су қоймасында көпжылдық реттеу жүріп жатқанын айтты.

"Қазір су тапшылығы циклі жүріп жатыр, ағын азайды. Біз көпжылдық деректерді талдадық, сонда 1992, 2009 жылдары шамамен осындай төмен деңгей болғанын көрдік. Бүгінгі таңда бізде Бұқтырма су қоймасының көлемі 28,2 текше шақырымды құрайды. Биыл наурыз айында ең төменгі деңгей болды - 389,37 метр су, көлемі 24 текше шақырым. Бұл жауын-шашынның азаюына байланысты. Су қоймасының деңгейі 2014, 2019 жылдары максималды болған екен. Шамамен 40-45 текше шақырымға жеткен. Сол жылдары тіпті Өскеменде су тасып кеткен еді", – деді ол.

Сарапшылар көпжылдық құлдырау циклі тағы екі-үш жылға созылуы мүмкін деп болжайды. Ал он жылдан кейін су деңгейі қалпына келеді. Айтуларынша, Бұқтырма су қоймасынан су ағызуды азайту  керек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу