Қазіргі уақытта Қазақстанның мақсаты – 2029 жылға дейін шетелден кемінде 150 миллиард доллар инвестиция тарту.
Склярдың айтуынша, Қазақстан әлемдегі тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша үздік 50 елдің қатарында және Орталық Азияда көшбасшы болып табылады. Бұл аймаққа тартылған инвестицияның 60%-дан астамы Қазақстанға тиесілі.
Сонымен қатар, Үкімет алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 450 миллиард долларға дейін екі есе арттыру міндеті тұр.
"Жаһандық трендтерге сай Инвестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдадық, ол 2029 жылға дейін шетелдік инвестицияларды кем дегенде 150 миллиард АҚШ долларына жеткізуге мүмкіндік береді. Былтыр елімізде 2,5 миллиард доллар көлеміндегі маңызды инвестициялық жобалар бойынша 7 келісім жасалды. Сонымен қатар, жалпы сомасы 3 трлн теңге болатын 107 инвестициялық келісім бекітілді. Жыл басынан бері 2 миллиард доллардан астам сомаға 6 келісім мақұлданды", – деді ол.
Айта кетейік, Астанада Жоғарғы соттың ұйымдастыруымен инвестициялық форум өтіп жатыр.
Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Мачей Мадалински және сала басшылары қатысуда.