БЖЗҚ шетелге көшкендерге 9 айда 29,1 млрд теңге зейнетақы төлеген

5097

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 13 триллион теңгеден асты. 

БЖЗҚ шетелге көшкендерге 9 айда 29,1 млрд теңге зейнетақы төлеген

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылдың 1 қазанындағы негізгі көрсеткіштерді жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы мәліметіне сүйенсек, 1 қазандағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарында 13,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинақтары жатыр.

Бұл – ел бюджетінің бір жылдық шығысымен шамалас сома. 

"01.10.2020 жылдан бастап 01.10.2021 жылға дейінгі бір жыл ішінде зейнетақы жинақтарының сомасы 569,5 млрд теңгеге немесе 5% өсті", – деп жазады БЖЗҚ мамандары.

13,1 трлн теңгенің басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналарынан түскенін айта кету керек. Оның мөлшері –12,7 трлн теңге. Бір жылдағы өсім – 4%. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан жиналған сома – 349,5 млрд теңге. Мұндағы бір жылдық өсім – 16%. Ал ерікті зейнетақы жарналарынан 1,6 млрд теңге жинақталған.

"2021 жылдың тоғыз айында салымшылар былтырғы кезеңмен салыстырғанда көбірек қаражат салды. 1 қазандағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 1,2 трлн теңге зейнетақы жарналары түсті. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 439,5 млрд теңгеге немесе 57%-ға артық. Жарналардың жалпы көлемі – 917,4 млрд теңге", – деп жазылған БЖЗҚ-ның ресми мәліметінде.

Қор сарапшылары жылдың 9 айында инвестициялық табыс та артқанын айтып отыр. Мәліметке сенсек, қаңтар-қазан аралығында бір триллион теңгеден астам таза инвестициялық табыс түскен. 

Бір жылдағы өсім 1 пайыз болған. БЖЗҚ мамандары бұл жерде былтыр да қордың инвестициялық табысы жоғары болғанын алға тартып отыр. 

"Бұл жемісті болған өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен асып түсті, нақтырақ айтқанда, 1%-ға немесе 7 млрд теңгеге артық", – делінген қордың баспасөз мәліметінде.

Қор сарапшылары инвестициялық табыстың өсімін елдегі ресми инфляция деңгейімен салтырады. Ресми мәлімет бойынша 9 айдағы инфляция деңгейі – 6,2 пайыз болса, БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстылығы 8,89 пайыз болған. Бұл жерден БЖЗҚ мамандары қазақстандықтардың зейнетақы шотында жатқан ашқасын инфляция жеп қоймағанын айтқысы келіп отыр деп топшылауға болады. 

Жылдық инфляция мен жылдық инвестициялық табыс бойынша да осыған ұқсас тенденция тіркелген. Ұлттық банк басқаруымен БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 12 айда 10,08% болса, жылдық инфляция 8,9% болған.

Қазақстан халқының саны 19 млн деп есептесек, соның 11,7 млн адамында  БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттары бар. Оның 10 909 456-сы міндетті зейнетақы шотын ашқан. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын аударушыларға 534 067, ерікті салымшыларға 54 013 зейнетақы шоты тиесілі.

Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына шамамен 2,1 трлн теңге төленген. Оның 1,9 трлн теңгесін тұрғын үй проблемасын шешу үшін берілген біржолғы зейнетақы төлемдері құрап отыр. Жасы бойынша зейнетақы төлемдеріне – 71,6 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударым ретінде – 47,6 млрд теңге, мұрагерлік төлем ретінде – 43,3 млрд теңге, шетелге көшкендерге төлем ретінде – 29,1 млрд теңге, жерлеу өтемақысы ретінде – 4,0 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер 1,6 млрд теңге төленген.

Есжан Ботақара
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу