БЗТ пайдаланғандар борышкерлер тізіміне ілікпей ме?

6527

Ұлттық банктің дерегінше, 2021 жылғы 25 қазан күнгі жағдай бойынша Қазақстанда баспана жағдайын жақсарту бағытында 474 971 мың азамат зейнетақы жинағын ерте пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Олардың арнайы шоттарына 1 трлн 933,4 млрд теңге біржолғы зейнетақы төлемдері аударылған. 

БЗТ пайдаланғандар борышкерлер тізіміне ілікпей ме?

Рас, бұл соманың 264,8 млрд теңгесін 84 238 өтініш иесі қажетіне жарата алмай, осынша сома БЖЗҚ-ға кері қайтарылған екен.

Ал емделу бағытының көрсеткіштері біршама аздау: 55 550 қазақстандыққа 50 млрд 554 млн теңге БЗТ аударылды. Оның ішінде 12 593 адамның 7 млрд 503 млн теңгесі қорға кері қайтарып алынды.

Осылайша, қазірдің өзінде 433 708 азамат (баспана бойынша – 390 733, емделу бойынша 42 975) БЗТ игілігін нақты көрді. Қоныс тойын тойлағандардың отбасы мүшелерін қоса алғанда, президенттік жобаның жемісін 1-1,5 миллиондай адам көрді деп айтуға болады.

Өзі жиған зейнетақысын күнібұрын өз жағдайын жақсартуға жұмсай алған қазақстандықтар билікке дән риза. Соның бірі Айгүл Исмағұлова:

"Осындай тамаша мүмкіндік бергені үшін мемлекетке алғыс айтқым келеді. Зейнетақы жинақтарымды жеке тұрғын үй құрылысына пайдалана алдым. Мен өзім БЗТ-ны пайдалануға екі рет өтініш бердім. Екеуінде де өтінішті қабылдаудан оны мақұлдауға дейінгі үдеріс өте жедел өтті, қаражат жылдам қолға тиді. Осы мүмкіндіктің арқасында өзімнің өмірлік арманымды іске асырдым. БЖЗҚ-дан аударылған жинақ сомасына құрылыс компаниясы газды блоктан баспана тұрғызып, шатырына дейін жауып берді. Қуанышымда шек жоқ. Шын жүректен ризашылығымды білдіремін", – дейді А. Исмағұлова "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымына өтінішінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі тұңғыш жолдауында алғаш рет "азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға пайдалануы мәселесін пысықтауды" Үкіметке тапсырған болатын.

БЗТ алушы шетелге көшсе,салықтық қарызы не болады?

Дегенмен өзге азаматтарды басқа мәселе алаңдатады. Олар БЗТ-ны пайдалану нәтижесінде мемлекеттік бюджет алдында борышкер атанбаймыз ба деп алаңдайды.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандарының түсіндіруінше, Салық кодексіне сәйкес БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері де табысқа жатады, тиісінше, одан 10% жеке табыс салығы ұсталады.

Осы орайда биылғы 24 маусымда Салық кодексіне өзгеріс енгізілген. Оған сәйкес, БЗТ-дан 10% жеке табыс салығын (ЖТС) ұстау кейінге қалдырылды: оны азамат зейнетке шыққанда бөліп төлей алады.

Салық кодексінің 351-1 бабында тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсалған біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС төлеу ерекшеліктері көзделген. Азамат ЖТС ұстау бойынша екі тәсілдің бірін таңдай алады: біріншісі – біржолғы, яғни БЗТ аудару кезінде бірден әрі тегіс төлеп тастай алады. Екіншісі бойынша зейнеткер атанғанда, БЖЗҚ белгілеген график бойынша ай сайын тең үлестермен 16 жылдан аспайтын мерзім ішінде төлейді.

Мысалы, 10 миллион теңге БЗТ алса, 1 млн теңге салық төлеуге тиіс. Оны зейнеткерлікке шығатын заманға қалдырса, біраз бөлігін инфляция мен девальвация "жеп" қойып жеңілдетуі мүмкін. Әрі осы уақыт ішінде заң өзгеріп, Президент салықтық кешірім жасауы да ғажап емес. Сондықтан БЗТ алушылардың басым көпшілігі екінші тәсілді таңдауда.

Сонымен бірге азаматтарды, әсіресе, кәсіпкерлерді "осының бір зияны тимес пе" деген сауал мазалайтын көрінеді.

"Зейнетақы жинағымның бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында алу кезінде ЖТС төлеуді кейінге қалдырдым. Осы салықтық берешек кейін алдымнан шыға келмес пе екен? Мысалы, соған бола, салық бойынша қарызың бар деп, шетелге шығармай тастамай ма? Әйтпесе, саяхаттауға, іссапарға шетелге шығып тұру керек", – дейді К. Ғизатулина.

Елді алаңдатқан сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаев жауап берді. Ол БЗТ-ға жеке табыс салығын есептеудің және ұстаудың ерекшеліктері, егжей-тегжейі Салық кодексінің 351-1-бабында айтылғанын ескертті. Егер зейнетақы жинағын ерте пайдаланған азамат төлемді кейінге қалдыру тәсілін таңдаса, зейнетке шыққанда ЖТС төлеуге міндетті болады.

"Салық кодексіне сәйкес, салықтық берешек дегеніміз – бересі (недоимка) сомасы, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдардың төленбеген сомалары. Бұл ретте бересі дегеніміз – салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің есептелген, есепке жазылған және мерзімінде төленбеген сомалары. Осы айтылғанды ескерсек, ЖТС төлемінің кейінге қалдырылған сомасы салықтық берешек болып табылмайды. Ендеше зейнетке шыққанға дейін бұл сома жеке тұлға үшін ешқандай теріс зардап-салдар әкелмейді", – деді Ә. Алтынбаев.

Әрине, осы азаматтар зейнеткер атанғаннан кейін салық органына ЖТС-ті есептеу туралы өтініш жазып, оны өз бетінше төлемесе, онда өсімпұл, айыппұл жазылуы мүмкін.

Егер азамат шетелге тұрақты тұруға көшсе, онда БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын алу кезінде ЖТС-ті төлеуі шарт. БЗТ алушы өмірден өтсе, салық қарызы оның зейнетақы жинағына иелік ететін мұрагерінен ұсталмақ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу