COVID-19 кесірінен инфрақұрылымдық ірі жобалар тоқырады

24949

Жобаға жауапты ирандық компания қос жақтан қыспаққа қалған.

COVID-19 кесірінен инфрақұрылымдық ірі жобалар тоқырады

Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында келесі жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квота екі еседей қысқартылатынын жариялады. Осыдан кейін аймақ әкімдері кәсіпорындардан жатжұрттық жұмысшыларды қуа бастады. Кейбір өңір шетелдік жұмыс қолына мүлдем зәру емесін мәлімдеп те тастады.  

Әрине, мұнысы шындық ауылынан алыс нәрсе. Себебі, білім жүйесі кеңес кезінен ретке келтірілмей келе жатқан Қазақстанда заманауи талаптарға сәйкес мамандарды даярлау дұрыс жолға қойылмаған. Содан астананы салуға, ірі мұнай-газ, химия, тіпті ауыл шаруашылық нысандарды тұрғызуға шетелдік мамандар тартылып келеді. Олар өздерімен бірге біліктілікті, инновациялық тәсілдерді ала келеді.

"Жоғарыдан тапсырма берілсе, оны орындауда белсенділік танытқан жөн" деген шолақ белсенділерден құқай көрген ирандық "Tunnel Sadd Ariana" басшылығы жыл басында Мемлекет басшысына хат жазады.

Әлемнің біраз елдерінде инженерлік-құрылыс жобаларына қызмет көрсететін "Туннель Садд Ариана" жабық акционерлік қоғамы Шымкент қаласында өз филиалын ашқан болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі "Арыс–Түркістан 1" және "Мақтаарал 1" ирригациялық-дренаждық жүйелерін жетілдіру үшін осы компаниямен келісімшартқа отырған.

Сол контрактіні орындау үшін ирандық кәсіпорын шымкенттік филиалының 200-ден астам қызметкерін, жергілікті жұмысшыларды жұмылдырады. Мұның сыртында оларға жөн-жосық көрсету үшін Иран ислам республикасынан 8 білікті кеңесші маманды алғызған. Оларға Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы "С3" визасы берілді.

"Бұл жобалар ел үшін стратегиялық мәнге ие және бірінші кезекте Түркістан облысының тұрғындары үшін әлеуметтік маңызды. Компаниядағы 300-дей жұмысшының 90 пайызы жергілікті тұрғын. Тек Қазақстанда жоқ мамандар – бірен-саран инженерлер, сарапшылар, технологтар ғана шетелден шақырылды. Олардың қатысуынсыз жоба жүзеге асырыла алмайды", – деп шағымданды "Туннель Садд Ариана" қазақстандық филиалы директорының міндетін атқарушы А.Назарбаев Президент Қ.Тоқаевқа хатында.

"Арыс–Түркістан 1", "Мақтаарал 1" – ұлттық жоба, олар Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің қарызына қаржыландырылуда. Қос жоба да 2021 жылғы қарашада іске қосылуға тиіс.

Алайда жобалар шетелдік мигранттармен күрес науқаны кесірінен күйзеліске ұшырады.

"Виза алудағы қиындықтар, ең қажетті шетелдік мамандарды тартуға рұқсаттың берілмеуі жобаларды салу бойынша міндеттемелердің уақытылы және лайықты орындалуына соққы болды. Салдарынан Дүниежүзілік банктің қаражаттары игерілмей қалуы мүмкін", – дей келе компания виза мен рұқсатнама алуға мемлекет көмектеспесе, наурыз айында құрылыс тоқтатылуы мүмкін екенін ескертті.  

Ирандық компанияға 2019 жылы 88 маманды әкелуге квота берілген, ол тек 8-ін ғана шақырыпты. Алдында 2020 жылға 120 жұмысшыға квота ұсынылды. Енді оның бірде-бірін тартуға рұқсат берілмеді. Сондықтан "Tunnel Sadd Ariana" филиалының директоры және бас архитекторы болған ирандық азаматтар да еліне қайтарылған. 

Мұның бәрі – шетелдік жұмыс күшін шектеу аясындағы қадамдар болатын. Иран компаниясы жергілікті шенеуніктердің тегеурініне елордадағы биліктің көмегімен төтеп беруден үміттенген еді.

Бірақ қазіргі кезде ушыққан Қытай індеті және оған қарсы төтенше шаралар компанияға еш үміт қалдырмады. Өйткені Иранда COVID-19 ушығып тұр. Бұл елден адамдардың келуіне тыйым салынды.

"ИИР-де коронавирустың кең таралуына және Қазақстан Үкіметінің айрықша карантиндік шаралар қабылдауына байланысты форс-мажор жарияладық. Шетелде іріктелген мамандарды "Арыс–Түркістан 1" және "Мақтаарал 1" жобаларын іске асыру үшін Қазақстанға әкелу мүмкін болмай қалды. Оның үстіне жергілікті еңбек инспекциясы Қазақстандағы барлық ирандық персонал дереу елді тастап кетуі керектігін талап етті. Екі жобада 30 ирандық штаттық қызметкер – сарапшылар, инспекторлар, кеңесшілер мен мамандар жұмыс істеген еді", – дейді компания өкілі Мусави Рахими.

Иранның осы компаниясы Қазақстанда 71 миллиард теңге тұратын "UGAM" инвестициялық жобасын іске асырмақ болыпты. Дегенмен, ол жоба да "жөргегінде тұншықтырылды".

Түркістан облысындағы "Мақтарал 1" жобасының өзі 8 мың гектарды алып жатқан ірі жоба. Оның құны 10 миллиард теңгеден асады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу