Дархан Айдаулов: Кәдеге жарату алымының төмендеуі халыққа кері әсер етеді

5762

Қазақстан автобизнес қауымдастығының Стратегиялық даму жөніндегі директоры Дархан Айдаулов inbusiness.kz тілшісімен утилизациялық алым, жеңілдетілген автонесие және отандық автоөнеркәсіптің болашағы туралы әңгімелесті.

Дархан Айдаулов: Кәдеге жарату алымының төмендеуі халыққа кері әсер етеді

– Кәдеге жарату алымы 50%-ға төмендетілгеніне қарамастан, автоәуесқойлар наразылық танытып, петиция жариялады. Олар утилизациялық алым бағасын шет мемлекеттегі бағамен теңестіруді немесе мүлдем алып тастауды талап етті. Қалай ойлайсыз, елде кәдеге жарату алымының мөлшері қандай болуы керек?

– Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде (ЕАЭО) жалпы импорттық тариф кедендік баж бен кәдеге жарату алымынан қалыптасатынын ескере отырып, кәдеге жарату төлемінің мөлшерін Ресей Федерациясындағы мөлшермен үйлестіру қажет болды. Өйткені бұл ЕАЭО кеңістігіндегі ең ірі нарық.

Кәдеге жарату алымы ескі автокөліктен құтылу мен автопаркті жаңартудың тәсілі ғана емес, техникалық регламент пен қауіпсіздік талабына сай келмейтін автокөліктердің ЕАЭО аумағынан тасымалдануына тосқауыл қоятын шара.

Кәдеге жарату алымының төмендеуі халыққа кері әсер етеді. Мұны атап өткен жөн. Себебі жиналған қаражат тұрғындардан ескі автокөліктерді сатып алуға және су жаңа автокөліктерді жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасына жұмсалады. Бұл шара отандық автомобиль паркін жаңартуға және халықты қолдауға бағытталған.

– Үкімет кәдеге жарату алымы алынып тасталса, Қазақстан ескі автокөліктердің ордасына айналатынын, салдарынан отандық машина жасау саласына нұқсан келетінін алға тартып отыр. Осы рас па?

ЕАЭО-ның ішкі нарығында кедендік шекараның болмауы біздің нарыққа техникалық регламентке сай келмейтін ескі көлік құралдарының еркін енуіне жол ашады. Бұдан экологияға залал келеді, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді. Себебі аукциондардан арзанға сатып алынған автокөліктердің арасында суға батқандары болады. Оларың техникалық жағдайын ешкім тексермейді.

– Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр еліміздің 71 мың азаматына алғашқы жарнасыз, 7 жылға 4% автокөлік сатып алу мүмкіндігі берілетін мәлімдеді. Жоғарыдағы шартпен автокөлік сатып алу құқы кімдерге және қандай автокөлік сатып алуға беріледі?

Өздеріңіз білетіндей, жаппай сегментте сатылатын автокөліктердің 75%-дан астамы ел аумағында өндіріледі. Олардың құнына кәдеге жарату алымы кірмейді. Іс барысында азаматтардың Hyundai, KIA, Chevrolet, Lada, JAC сынды автобрендтердің түрлі модельдерін сатып алуына қолдау көрсетілуі керек деп санаймыз.

– Қалай ойлайсыз, автонесиелеудің жаңа шарты автокөлік бағасын шарықтатып жібермей ме?

Несие бағдарламалары автокөліктің құнына әсер етпейді. Керісінше азаматтарға жаңа көлік сатып алуға мүмкіндік береді.

Автокөлік бағасының қымбаттауына логистикалық қызмет құнының өсуі, әлемдік нарықта автокөлік жасауда қолданылатын мыс, алюминий, қорғасын сынды негізгі металл бағасының құбылуы, қосалқы бөлшек құнының артуы сияқты жағдайлар негіз болады. Бұған қоса автокөлік бағасының өзгеруіне модельдік желінің жаңартылуы, шетел валютасының бағамы, инфляция деңгейі және басқа да экономикалық факторлар әсер етеді.

– Отандық автоөнеркәсіптің болашағы жайлы не айтасыз?

– АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің көп жылдық даму тарихымен қатар қоятын болсақ, Қазақстан автоөнеркәсібінің небәрі 12 жылдық даму тарихы бар. Соңғы 5 жылда машина жасау саласына инвестор ретінде General Motors, Hyundai, KIA, Renault, JAC, KAMAZ сынды трансұлттық компаниялар тартылды. Бұл шара әлемдік автоөнеркәсіптің трансформациясы мен ТМД елдерінің нарығын дамыту аясында жүзеге асты. Біз өзіміздің автоқұрамдық базамызды дамыту қажет екені туралы жиі айтамыз. Локализация деңгейі тек компоненттік база есебімен есептелмейтінін атап өткен жөн. Жергілікті қамту үлесі Қазақстандағы қосылған құннан құралады. Бұған жұмысшылардың жалақысы және машина жасауға бағытталған түрлі қызмет кіреді.

Компоненттерді өндіруге келетін болсақ, бұл бағыт енді пайда болды.

2021 жылы Қостанай қаласында компонент өндіру бойынша оқшаулау орталығы қолданысқа берілді. Алдағу уақытта шойыннан қозғалтқыш бөлшектерін құю, орындық, пластикалық корпус бөліктерін жасау сынды жобалар жүзеге асырылуға тиіс. Осының барлығының өміршеңдігі инвесторлардың қолдауына, мемлекеттің ұзақ мерзімді және жүйелі саясатына байланысты болады.

Өндірушілердің құзыретін дамытуға, инженер кадрларды көбейтуге, өндіріс көлемі мен технологиялық мүмкіндікті жаңғыртуға, өндірушілердің жаһандық тізбегіне кіруге сонымен қатар компоненттік базаны ілгерілетуге бағытталған ұзақ мерзімді даму стратегиясы бар. Осы стратегия отандық автоөнеркәсіпке серпін беруге тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу