ЕАЭО аясындағы саудада Ресей үлесі 92 пайыздан асты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
21332

Кезінде отандық кәсіпкерлерге алып нарықты ашады деп құрылған Еуразиялық одақ әзірге үмітті ақтай алмай тұр.

ЕАЭО аясындағы саудада Ресей үлесі 92 пайыздан асты

Қазақстан мен ЕАЭО арасындағы өзара сауда-саттық 2018 жылдың қорытындысы бойынша 19 миллиард доллардан асқан. Алайда оның басым көпшілігі елімізге тасқындаған, дүкендер мен сауда орындарының сөрелерін толтырып, қазақстандық өнімдерді ысырған одақтастарымыздың импорты болып шықты. Ал Қазақстанның оларға – Ресейге, Беларуське, Арменияға және Қырғызстанға өткізе алған тауарларының экспорты тіпті 6 миллиард долларға да жетпеді.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің деректерін талдаған Finprom сарапшылары хабарлады. Еліміздің  Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін өзге төрт мемлекетпен сыртқы саудасы өткен жылы 19,1 миллиард долларға жетті. Бұл алдыңғы жылғыдан бірден 10,1%-ға көп. Яғни, бір қарағанда өзара алыс-беріс ауқымы арындап артуда. Өйткені 2017 жылы бұл көрсеткіш небары 17,1 миллиард доллар ғана болған.

Бірақ қазіргі кезде өзара тауарайналым құрылымындағы ішкі нарығымызға ағындай құйылған импорттың үлесі ғаламат 69,2%-ды құрады. Тиісінше, "одақтастарымыз" біздің ішкі нарықты толтырудан 13,2 миллиард доллар табыс тапқан. Ал бір жыл ішінде Қазақстан өз тауарлары мен қызметтерін "одақтастарына" мардымсыз 5,9 миллиард доллар көлемінде ғана өткізе алған. Отандық экспорттың өзара саудадағы үлесі небары 30,8%-ды ғана құрайды.

Осы көрсеткіштер биыл да өзгеріссіз қалатын түрі бар. 2019 жылдың қаңтар айының қорытындысында ҚР мен ЕАЭО арасындағы тауарайналым 1,4 миллиард долларды құрады.

Әділін айта кету керек,  Еуразиялық одақ елдері қатарында барлық мүшелер аталғанымен, шынында, бұл аймақтағы нарықты ен жайлап отырғаны – Ресей ғана. Санкциялық соққының астында қалған солтүстік көрші өз назарын көршілеріне аударуда. Нәтижесінде, РФ ЕАЭО елдерінің Қазақстанмен өзара тауарайналым құрылымында 2018 жылы 92,5 пайызды еншілеген. 2019 жылы да осы үлесін сақтауда. Беларуське былтыр 3,5 пайыз тиесілі болса, биылғы жыл басында үлесі 3 пайызға дейін кеміген. Бұл ретте Қырғызстан өз үлесін өткен жылғы 3,9 пайыздан осы жылы 4,5 пайызға дейін арттыра алды. Армения болса, 0,1 пайыздық еншісін екі жыл қатарынан сақтап отыр.  

Кейбір сарапшылар ресейлік тауарлар экспансиясын "бейбітшілік үшін төленетін құн" деп санайды екен. Саясаткер, қоғам қайраткері Айдос Сарым Қазақстанның әлемдегі өзге елдермен, әсіресе, батыспен қарым-қатынасын жақсартуға баса көңіл бөлгені маңызды екенін айтады.

"Әйтпесе, Қазақстан жағдайында халықаралық оқшаулану деген нені білдіреді? Бұл Ресеймен және Қытаймен жалғыз, бетпе-бет қалу қатері төнеді деген сөз. Және бұл қауіп үлкен дәрежеде Ресейге қатысты, өйткені оның іс-қимылдары уақыт өткен сайын көршілері үшін еш болжауға келмейтін әрі қауіпті болып барады. Әрине, осы тәрізді үрейлерді есепке алмауға да болады, бірақ бұл мемлекет еліміздің маңызды экономикалық серіктесі деп аталғанымен, шынында, Ресей елімізге келетін инвестициялар мен біздің сататын экспортымыздың бар-жоғы 9–10%-ын ғана қамтамасыз етеді. Қазақстанға интеграциялық жобаларға қатысу үшін тым жоғары құн төлеуге тура келуде. Ресеймен арадағы саудадағы теріс сальдоны, одан жоғалтып жатқан миллиардтаған долларды әртүрлі түсіндіруге – шығын, теңгерімсіздік немесе тіпті алым-салық деп те атауға болады. Бірақ бұл қазақтық төл "Карабахы" немесе "Донбасы" секілді шаладай бықсыған қарулы қақтығыстың тууынан жақсы", – дейді Айдос Сарым Мәскеудегі Карнеги орталығына жазған мақаласында.

Өзге одақтастарының мүдделерімен санаспай, ЕАЭО аясындағы кейбір маңызды шешімдерді Ресейдің тосқауылдап тастайтыны да әдетке айналған. Таяуда ұйымның ішкі нарықтардың жұмыс жасауы жөніндегі консультативтік комитетінің 8-ші отырысында  Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің барынша кесірлі кедергілерді жою бойынша өкімдеріне Ресейдің қол қоймауы мәселесі жеке қаралды.

Нақтылай кетсек, ұсынылған ақпаратқа сәйкес, Беларусь пен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны өзге елдердің азаматтарының көліктің жер үсті түрлерімен кесіп өтуі туралы өкім РФ-ның қол қоймауы салдарынан ұйымға кері қайтарылған. Сөйтіп, бұл маңызды құжатқа басқа қатысушы мемлекеттердің қол қою үдерісі тоқтатылыпты.

"Аталған өкімге қол қойылмаған жағдайда Қазақстан, Қырғызстан және Армения азаматтары Ресейдің Беларусьпен арасындағы мемлекеттік шекарасын кесіп өткенде кедергіге жолығуы мүмкін: олардың жүру үшін көлік түрлерін таңдауы шектеледі. Атап айтқанда, темір жол және автомобиль көліктерін пайдалану мүмкін болмай қалады, тек авиациялық көлікке ғана жол ашық. Қазақстандық тасымалдаушылар үшін аталған шектеулердің енгізілуі белгілі бір тәуекелдер тудырады, бірінші кезекте жүк жеткізу кезінде олардың қаржылық және уақыт шығындары артады", – деп хабарлады осы орайда "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы.  

Отандық кәсіпкерлердің қамын ойлаған, мүддесін ілгерілеткен Ұлттық палата  Еуразиялық одақтың ішкі нарықтарындағы кедергілерге қатысты бизнестің түйткілді мәселелерін жедел қарап, келісімді шешімдер қабылдауға мән беруде. Осы мақсатта биылғы жыл басында "Атамекен" жанынан келісім комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына мәжіліс депутаттары, мүдделі меморгандардың вице-министрлері және басқа да лауазымды тұлғалары, сондай-ақ "Атамекен" КҰП өкілдері кіріп отыр. 

Бұл комиссия бизнес қаққан дабылдарға тезірек ден қойып, мәселелерді тиімді пысықтамақ, сонымен қатар ЕАЭО аумағында бой көтеретін отандық кәсіпкерлердің проблемалық жағдайлары мен мәселелеріне жедел үн қатуға ниетті.

Әрине, одақтасудың оң жақтары да бар. Мәселен, ұйым арқасында инвестициялық белсенділік жанданып, Қазақстан экономикасына ЕАЭО елдерінен келетін инвестиция көлемі артқан. Ұлттық банктің мәліметінше, 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша осы өңірлік серіктестерімізден ұлттық экономикамызға құйылған шетелдік инвестиция ағыны 1 миллиард 233,1 миллион долларға жетті. Бұл алдыңғы жылғы ұқсас кезеңге қарағанда, 30,9%-ға көп.

Рас, әзірге Қазақстанға келген шетелдік инвестициялар құрылымындағы Еуразиялық одақ мемлекеттерінің жиынтықты үлесі небары 7,1% ғана. Жалпы алғанда, әлем елдері ел экономикасына өткен жылы 17,3 миллиард доллар қаржы салған.

Әйткенмен, бұл көрсеткіштегі ЕАЭО елдерінің үлесі бұрынғыдан өскенін де айта кеткен жөн, айталық, бір жыл бұрын, 2017 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында үлесі айтуға да тұрмайтын 5,9%-ды құрады.

Қалай болғанда, шетелдік инвестициялар көлемінің ұлғаюы түптеп келгенде, өндіріс ауқымын және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік бермек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу