ЕАЭО-ның бірыңғай қаржы нарығын құру баяу жүруде

21349

Қаржылық интеграциялану қадамдары реттеушілік арбитражды және қаржылық тұрақтылыққа қосымша тәуекелдер тудырмауы керек.

ЕАЭО-ның бірыңғай қаржы нарығын құру баяу жүруде

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері қаржы нарықтарының интеграциялану үрдісі өте баяу жүруде, әрі ол белгіленген мерзімінде (яғни, 2025 жылға қарай) аяқталмауы мүмкін. Бұл туралы "Еуразиялық интеграция" ХІІ халықаралық конференциясында стратегиялық әзірлемелер орталығы кеңесінің төрағасы, РФ бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин мәлімдеді.

"Қаржылық интеграция жөнінде құжаттарды сол кезде өзім дайындаған болатынмын.  Сол 2011 жылы, 2025 жыл ұзақ уақыт секілді көрінді. Мәселен,  Қазақстанның банкіне берілген лицензия Ресейде де заңды болып табылатындығын алайықшы. Мен ресейлік реттеушілердің ұстанымын түсініп отырмын, сондықтан бұл мәселеге байыппен қараймыз.  Стандарттарды біріздендіріп,  бірыңғай тәсілдемелерді жүзеге асыру қажет болады. Біз бір-бірімізге сенуге тиіспіз.  Ал әзірше баяу келе жатырмыз, мерзімінде аяқтай алмауымыз мүмкін", – деп атап өтті Ресейдің бұрынғы қаржы министрі.

Ал Ресейдің бас банкі төрағасының орынбасары Ксения Юдаева осы саладағы үрдістерді қайта екшеу жүріп жатқанына тоқталды.

"2008 жылғы жаһандық дағдарыстан кейін бұл салада жаһандық тұрғыдан қайта екшеу жүрді. Еуропада 2010-2012 жылдары орын алған дағдарыс аталған тақырыпты қайта ойластыруға әсер етті. Мен  мұнымен не демекпін? Осыған дейін реттеуді алып тастау да жақсы шешім деп саналып келді. Дегенмен реттеулерді шектен тыс алып тастау мен ырықтандыру  реттеушілік арбитражды және қаржылық тұрақтылыққа айтарлықтай тәуекелдер тудырады", – деп түсіндірді банкир.

Сол себепті "қаржылық интеграциялануға қадамды реттеушілік арбитраж бен қаржылық тұрақтылыққа қосымша тәуекелдер тудырмайтын етіп жасауға тиіспіз", - деп сөзін сабақтады  Юдаева ханым.

ҚР ОБ төрағасы орынбасарының айтуынша,  ЕАЭО-қа мүше елдердің реттеушілері  азаматтардың қаржылық қызметтерге қолжетімділігін жақсарта отырып, алайда олардың құқықтарын бұзбай әрі қарай интеграциялануға мүмкіндік беретін өзара іс-қимылдарды іздеп, таңдау жасауда.

"Қазір орталық банктер арасында осындай тұстар талқыланып жатыр", – деп атап өтті Юдаева ханым.

Естеріңізге сала кетейік,  ортақ қаржы нарығын құру 2025 жылға белгіленген.  Сол уақытқа дейін ЕАЭО қаржы нарықтарында жұмыс істеудің, оны реттеу және қадағалаудың бірыңғай ережесін әзірлеу көзделген. Аталған мәселелер үйлестірілген соң салалық ұлтүстілік орган құру жоспары бар.  Жаңадан пайда болатын орган ЕАЭО келісіміне сәйкес Алматыда орын тебетін болады.  Ескерерлігі сол, бұл жағдайда бірыңғай банк және бірыңғай валюта туралы сөз болып отырған жоқ.

Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеулер орталығының мәліметі бойынша,  2017 жылдың орта шенінде ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың тұжырымдамасы әзірленіпті. Құжат оны құрудың шарттары, мерзімі, механизмдері мен тетіктерін айқындайды.

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің мүшелері одақ мүшелерінің ұлттық заңнамаларына ережелер мен талаптарды жақындатудың бағыттары мен тәртібін айқындайтын бірыңғай қаржы нарығын құру саласындағы ЕАЭО мүше елдердің заңнамаларын үйлестіру туралы келісімді мақұлдады.

Қазіргі таңда валюталық құқықтық қатынастарды реттеуге келісілген тәсілдемелер туралы шарттың, ЕАЭО мүше мемлекеттің брокерлер мен дилерлерін екінші бір мүше мемлекеттің биржасына қатысуға рұқсат ету келісімінің, кредиттік тарихы құрамына енгізілген мәліметтермен алмасу жөнінде келісімнің жобалары бекітуге дайындалуда.

Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу