Екібастұз қаласында бірден бірнеше зауыттың құрылысы доғарылды

3985

Билік Екібастұздың кешенді даму жоспарын жарға жықты. Онда енді көмір химиясы және көмір өнеркәсібі ғылыми-зерттеу орталығы да, индустриялық аймақ та құрылмайтын болды.

Екібастұз қаласында бірден бірнеше зауыттың құрылысы доғарылды Фото: baq.kz

Ресеймен іргелес орналасқан шаһарымыздың тағдыры шынымен алаңдатады. Медиаменеджер Әсет Матаев жергілікті мамандармен әңгімелесе келе, Екібастұзда алдағы қыста жылу құбырлары субұрқаққа айналады деген болжамды жеткізді. Мамандар биылғы қыста ахуал былтырғыдан нашар болады деп отыр. 

"Екібастұздағы Машһүр Жүсіп көшесі – орталық көше саналады. Қала әкімдігінің жанында. Онда гидравликалық сынақтар (қысыммен тексеру) басталды. Мамандар ахуал нашарлайды деп отыр. Ал кеше ғана Энергетика министрлігі қос жылу электр орталығының "дайындығын" мәлімдеп еді: Риддер ЖЭО – ертең, Екібастұз ЖЭО – бүгін-ақ қосуға дайын деп баяндаған", – деп жазды Ә.Матаев Telegram-арнасында.

Өз кезегінде Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Илья Рожков Риддер мен Екібастұз ЖЭО-ларының қысқа дайын еместігі туралы ақпарат құралдарында тараған мәліметті жоққа шығарды. Оның айтуынша, жылу режиміне байланысты бұл екі қалада жылыту маусымы қазан айының соңында басталады. Дегенмен, екі объекті де қазірден іске қосуға әзір көрінеді.

"Екібастұзда үш қазандық жұмысқа қабілетті. Ендеше бүгіннен жылыту маусымын бастап кете аламыз. 30 қыркүйекте жылу беруге кірісуге ниеттіміз. Оған дейін жылу құбырларын сумен шайып тазартуды аяқтауымыз керек. Әйтпесе, лай, қоқысты жылу жүйелеріне қуып тығамыз. Қыркүйек айы аяқталғанша, су жылытылатын №11, №14 және №15 қазандықтарды жөндеу тәмамдалады. Қосалқы жабдықтарды жөндеуді аяқтап жатыр. №6, №7, №9 энергетикалық қазандықтар дайын. Отын жөнінен проблема жоқ. Өйткені ЖЭО-ның өзі "Богатырь" көмір кенішінің қасында орналасқан", – деді комитет басшысының орынбасары И.Рожков.

Алайда жергілікті мамандар бұл көркем есепке күмәнданады. Қай жақтың айтқаны дұрыс екенін алдағы қақаған қыс көрсетеді.

Қалай болғанда, Екібастұздың жалғыз жылу жүйесі ғана емес, бүкіл тіршілігі оптимизмге дем бермейді.

2021 жылғы 16 қарашада Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдап, "Павлодар облысының Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын" бекіткен болатын. Сонда түрлі деңгейдегі шенеуніктер мен әкімқаралар бұл қаланы жарқын болашақ күтіп тұрғанын, оның өркендеуі тың қарқын алатынын ауыздарынан суы құри әңгімелеген.

Содан бері екі жылға толар-толмас қана уақыт өтті. Ұлттық экономика министрлігі сол кешенді жоспардағы шаралардың қаржыландыруын бірнеше еседей кемітіп тастады. Екіншіден, оның жобаларын жойып жатыр.

Мәселен, 2021 жылы кешенді жоспар аясында республикалық,  жергілікті бюджеттерден және басқа көздерден тарту есебінен жалпы саны 114 іс-шараны қаржыландыру жоспарланып еді. Енді министрлік олардың санын 65-ке дейін азайту туралы Үкіметке ұсыныспен шықты.

Екі жыл бұрын 26 іс-шараға олигархтар 824 928,4 млн теңге жеке инвестицияларын құяды деп белгіленген. Үкіметтің жаңа қаулысы жобасында 426 788,5 млн теңгенің 15 іс-шарасы туралы ғана сөз болуда.

Екібастұз ел қазынасынан да біраз қағылады. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен іске асыру көзделген іс-шаралар саны 75-тен 50-ге қысқаратын көрінеді. Бұл ретте бұған дейін республикалық бюджеттен – 64 727,4 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 33 485,6 млн теңге бөлінетіні бекітілді.

Бірақ жаңа қаулы қабылданған соң, республикалық бюджеттен Екібастұздың дамуына бағытталатын сома – 27 619,1 млн теңгеге, ал жергілікті бюджеттен берілетіні – 21 944,9 млн теңгеге дейін төмендейді.

Ұлттық экономика министрлігі қаланың кешенді жоспарын секвестрлеу үшін түрлі сылтау тапты.

Мысалы, қала әкімдігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Білім және ғылым министрліктерімен бірлесіп, Екібастұз көмір химиясы және көмір өнеркәсібі ғылыми-зерттеу орталығын құруға тиіс еді. Бүгінде аталған екі министрлік те жойылып, бөлшектеліп кетті. Орталық Азияда теңдесі жоқ, қазақстандық ғылымның бір жетістігіне айналуға тиіс болған ғылыми орталық 2023 жылы ашылады деп жоспарланды. Оған екі жыл бойы 500 млн теңгеден, яғни миллиард теңге бағыттады. Орталық сол бойы құрылмады.

"Екібастұз көмір химиясы және көмір өнеркәсібі ғылыми-зерттеу орталығы – жекеменшіктегі институт болатыны анықталды. Ал жеке ғылыми орталық үшін бюджеттен қаражат бөлуге болмайды. Егер оны құруға қаражатты жер қойнауын пайдаланушылар бөлсе, оның жөні басқа: олар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға өз табысының 1%-ын бөледі. Бірақ ғылыми орталық қызметі сол жеке инвесторлар қаражаты есебінен қамтамасыз етілген жағдайда бірқатар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі. Бұл ұзақ уақытты алады", – деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Екібастұзда жаңа Индустриялық аймақ ашу қарастырылды. Ол Павлодар облысы әкімдігінің қаулысымен 2022 жылы құрылуға тиіс еді. Оның аумағында іске асырылатын инвестициялық жобалар портфелін  де аймақ әкімдігі қалыптастырып, бекітуге міндеттелген. Индустриялық аймақ ақыры құрылмады, сондықтан оны кешенді жоспардан алып тастай салу ұсынылды. Жоспар жоқ, проблема да жоқ.

Әкімдікке жергілікті шағын және орта бизнесті өркендету үшін қолданыстағы шағын индустриялық аймақтың ауданын ұлғайту жүктелген. Ол да орындалмағандықтан, құжаттан жойылғалы тұр. Неге? Себебі, "Жұмыс істеп тұрған шағын индустриялық аймақтың өзі толтырылмаған, бос алаңдар бар, тиісінше оның аумағын кеңейтуге қажеттілік те жоқ".

Қаланың әр ауданында тоқсаныншы жылдардағыдай жарық өшіп қалып, халық мен бизнес қараңғыда, қаңтарылып отырады. Содан қолданыстағы "Екібастұз-1150" 500 кВ подстанциясына қосылатын "500/220/10 кВ жаңа подстанциясын" салу жоспарланды. Бұл істі де билік сәтсіздікке ұшыратты. Экономика министрлігінің дерегінше, жоба доғарылды. Өйткені "жобаны іске асыру мерзімін айқындау кезінде ТЭН мен ЖСҚ әзірлеу жөніндегі жұмыстар ескерілмеді". ТЭН (техникалық-экономикалық негіздемесін) әзірлеу жұмыстары тек 2023 жылы басталды. Оның қашан аяқталатыны белгісіз. Бұл жұмыстың "аяқталмау қаупі болғандықтан", оны жүзеге асыру да 2025 жылға дейінгі жоспардан алып тасталады.

Екібастұзда жұмыс таппай қиналған адамдарға орын тауып беру үшін бірнеше зауыт тұрғызу жобаланған еді. Енді олардың бәрі салынбай жатып, тоқтатылды. Министрліктің түсіндіруінше, олардан түрлі себеппен инвесторлардың өздері бас тартыпты.

Салдарынан, қалада әрқайсысының құны 5 миллиард теңгеге жететін Металлургиялық көмір электродтарын өндіретін зауыт, Жартылай кокс шығаратын зауыт, Электромеханикалық зауыт салынбайтын болды.

Қымыз және салқындатылған ет өндіретін ферманың, нан-тоқаш және макарон өнімдерін өндіру кешенінің ашылуы да белгісіз мерзімге кейінге қалды. Инвесторлар оларды қаржыландыруда проблемаға тап болған.

Облыс әкімдігі Екібастұзда мал шаруашылығымен айналысқысы келетін отбасыларға әрқайсысы 100 бас аналық ірі қара малдан тұратын қожалықтарын ашуға, фермерлер желісін құруға уәде еткен. Ол бастамадан да бас тартылмақ: "Бұл жоба оператордың және қолданыстағы іске асыру тетігінің болмауы салдарынан доғарылады".

Құрылмай жатып құрдымға кеткен жобалар Екібастұзда көп.

Жалпы, егер дамытудың жөні мен жосығын, қалауы мен қисынын тапса, бұл өлке гүлденіп кетер еді. Екібастұз қаласы – қараң қалған мекен емес, Қазақстанның аса ірі индустриялық және энергетикалық орталығы саналады. Оны құлдыратқан, қанаған – бұрынғы биліктің еркелетіп өсірген олигархтары екенін сарапшылар ашық айта бастады.

Екібастұз экономикасының негізгі ұстыны – өнеркәсіп. Өнеркәсіп құрылымында өндіруші сектор мен электрмен жабдықтаудың үлес салмағы жоғары. Облыстың өнеркәсіп өнімі көлемінде олардың үлесі 87%-ды құрайды.

Энергетиканы онда екі қала құраушы кәсіпорын ұсынады: 1-МАЭС, 2-МАЭС. Олар бүкіл республиканың электр энергиясының 21,3%-ын немесе облыста – 48%-ын өндіреді.

Қаладағы тау-кен өндіру саласының жетекші кәсіпорындарына "Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты" ЖШС, "Богатырь Көмір" ЖШС, "ЕЭК" АҚ, "Восточный" разрезі, "Ангренсор Энерго" ЖШС жатады.

Жылына 33,2 млн тонна кен, 62,5 млн тонна көмір өндіріледі.

Екібастұздың жұмысқа жарамды, экономикалық белсенді халқының саны 83,5 мың адамды құрайды. Жалпы халық саны 150 мыңға жуықтады.

Яғни, сонша шағын қала емес.

Бұл ретте оның проблемалары бастан асады. Үкімет алдағы бесжылдықта шешілуі қажет проблемалар қатарына келесілерді енгізді:

  • өңірдің өнеркәсіптік бағдарлануына байланысты экологиясы қатты нашарлаған;
  • өңірді сумен, жылумен жабдықтау мәселесі өткір тұр. Бүгінде су құбыры желілерінің тозуы 63,9%-ды, кәріз желілерінде – 68,1%-ды, жылу желілерінің тозуы – 83,9%-ды құрады. Соңғы уақытта апаттар саны жиілеп кетті;
  • қаланың автожолдарының сапасы сын көтермейді. Екібастұздың жеке секторы орналасқан көшелерінде әлі күнге асфальт төселмеген, онда қала халқының үлкен бөлігі, шамамен 60 мың адам тұрады;
  • Тұрғын үйге мұқтаждар саны 5 308 адам: оның ішінде жетімдер – 457, көп балалы отбасылар – 263, әлеуметтік осал адамдар – 2 905;       
  • Экология нашарлағандықтан, тұрғындардың ерте қайтыс болуы проблемаға айналды. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші бір жылда 3%-ға артты. Сондай-ақ, ана мен бала өлімі көрсеткіштері екі есе өскен. Мұның негізгі себептері ретінде кадр тапшылығы, медициналық ұйымдардың шектен тыс тозуы да аталды:
  • Қалада спорттық инфрақұрылым тапшы:
  • Балабақша тапшылығы да шектен шықты. 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші небары 49,7%.

Осы күрмеулі мәселелерді Үкіметтің қалай шешетіні түсініксіз. Өйткені қолданыстағы дамытудың кешенді жоспарының жарға жығылғаны үшін бір де бір шенді жазаланбады.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу