Екінші деңгейлі банктерді қаржылық қолдауға дәндетпеу керек

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
20794

Халықаралық валюта қорының сарапшылары Ұлттық банк пен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ақша алу дұрыс емес екенін айтты.

Екінші деңгейлі банктерді қаржылық қолдауға дәндетпеу керек

Халықаралық валюта қоры Қазақстанның Ұлттық банкіндегі және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржымен екінші деңгейлі банктерге қолдау көрсету дұрыс емес деп санайды. Мұндағы мамандардың мәлімдеуінше, қаржы институттары бюджеттен қаржыландырылуы тиіс.  

"Екінші деңгейлі банктерге уақытша және қайтарымды түрде қолдау көрсету қажет. Қаржы Ұлттық банк пен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан емес, бюджеттен алынуы керек", – деп мәлімдеді халықаралық валюта қоры.

Шетелдік сарапшылар  Ұлттық банктің "7-20-25" ипотекалық бағдарламасына құнды қағаз шығару арқылы қаржы тартуы мен зейнетақы активтерін екінші деңгейлі банктердің облигацияларына инвестициялау үшін БЖЗҚ-дан 200 млрд теңге жұмсауы сияқты бастамаларын сынға алып, екінші деңгейлі банктердің несиесін субсидиялау мемлекеттің экономикадағы рөлін азайту саясатына қайшы келетінін алға тартты.

"Банктерге демеуқаржы берумен емес, оларды тұрақтандыру, күшейту ісімен айналысқан дұрыс. Бұл үшін клиенттердің қаржы институттарына деген сенімін арттыру қажет", – деп мәлімдеді халықаралық валюта қоры.

Қор өкілдерінің сөзінше, Қазақстанда банк секторын сауықтыру ісі жүзеге сәтті асырылды. Екінші деңгейлі банктердің табысы еселенді, ішінара проблемалық кредиттердің мәселесі шешілді және несиелендіру көлемі артты. Бірақ бұл істі әдетке айналдырып, екінші деңгейлі банктерді дәндетпеу керек.

"Проблемалық кредиттер қоры" мен "Цеснабанктің" 450 млрд теңге кредитті сатып алу-сату туралы келісімшартқа қол қоюы және бұл келісімге Ұлттық банктің құнды қағаздарды сатып алушы ретінде қатысуы алаңдаушылық туғызады. Қазір "Цеснабанк" кредиттік тәуекелді басқару тәсілдерін жетілдіру жағын қарастырып жатыр. Ал қарыздың 70%-ға жуығы шетел  валютасында ұсынылған", – деп дабыл қақты халықаралық валюта қорының мамандары.

Олар Қазақстанның қаржы реттеушісіне тәуекелдерді мұқият зерттеуге кеңес беріп, Қазақстан қор биржасы мен "Астана" халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысты пікір білдірді.

Халықаралық валюта қоры өкілдерінің айтуынша, Қазақстан қор биржасы мен "Астана" халықаралық қаржы орталығының мүддесі мен мақсаты ұқсас. Алдағы уақытта түсініспеушілік тууы мүмкін.

"Нарықты дамыту үшін нақты бағыт пен жоспар құру қажет. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын жеке компанияның басқаруына беру мәселесі де өзекті. Бұл іске үкімет пен қаржы реттеушісі қатар араласуы керек", – деді шетелдік сарапшылар.

Халықаралық валюта қоры мамандарының мәлімдеуінше, таяу болашақта Қазақстанға инфляциялық таргеттеу мәселесін күн тәртібіне қойып, оның күрмеуін шешу қажет. Бұған қоса экономиканы бюджеттен қаржыландыруды қысқарту керек.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу