Экономикадағы өсім еселене ме?

4234

Қаржыгерлер қауымдастығы жыл қорытындысы бойынша еліміздің негізгі макроэкономикалық индикаторларына арналған болжамды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz.   

Экономикадағы өсім еселене ме? Фото: prodengi.kz

Қаржыгерлердің болжамынша, келер жылы ырыққа көнбей отырған инфляциямен күресу мемлекет алдында тұрған ең басты міндеттің бірі болмақ. Бұл ретте сыртқы ортаның ықтимал тәуекелдері елдің ішкі жалпы өнімінің өсуін бәсеңдетіп қана қоймайды, сонымен қатар инфляциялық қысымды төмендету бағытындағы жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін.

"Мүмкін-ау деген экзогендік тәуекелдердің қатарына өңір пен әлемнің ең ірі экономикаларындағы тұрақсыздықты, дамушы елдерде өсіп келе жатқан қарыздық және валюталық тәуекелдерді, санкциялық шектеулер мен сауда "соғыстарын", дамушы нарықтардан өтімділіктің одан әрі жылыстауын және ірі қаржы конгломераттарының дефолтқа ұшырауын, сондай-ақ әлемдік орталық банктердің мөлшерлемелерінің ұзақ мерзімді өсуіне байланысты жаһандық экономикадағы терең рецессияны жатқызуға болады. Аталған факторлар 2023 жылы негізгі макроэкономикалық индикаторлардың даму траекториясын айқындамақ", – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Қауымдастықтың болжамына ден қойсақ, осы жылдың IV тоқсанында ішкі жалпы өнімнің өсуі бірінші жартыжылдықтағы 4,6 пайыздық көрсеткіштен 2,5 пайызға дейін біртіндеп төмендейді. Бұл негізінен тау-кен өнеркәсібінің динамикасына байланысты (-1,0 пайыз). Ал экономиканың өзге салаларындағы өсім 3 пайыздан жоғары болмақ (ауыл шаруашылығы – 8,2 пайыз, байланыс – 7,1 пайыз, құрылыс – 5 пайыз, сауда – 4,1 пайыз, көлік – 3,9 пайыз).

"Қараша айының ортасында Каспий құбыр консорциумындағы бірінші шығарылатын айлақтағы (ВПУ-1) жөндеуді аяқтау, энергия ресурстарының (мұнай, газ, уран) бағаларын ең жоғары мәндерден түзету, қазақстандық мұнайды шетелге тасымалдаудағы қиындықтар, рекордтық инфляцияға байланысты монетарлық жағдайларды қатаңдату және 2021 жылдың жоғары базасы жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің мәнін 2,5-2,9 пайыз аралығында қалыптастырмақ. Яғни, экономика аталған шек көлемінде өспек", – дейді қаржыгерлер.

Қауымдастық жасаған болжамға сүйенсек, теңге бағамы қолайсыз факторлардың қысымы салдарынан төмендей береді. 2023 жылы доллар 497,1 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл қазіргі деңгейден (470,35 теңге) 5,7 пайызға жоғары. Жаһандық шикізат нарығындағы ахуал және АҚШ-тағы жоғары мөлшерлемелер саясатын жалғастыру теңгеге қысым көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар рубльдің алдағы уақытта әлсіреуі және аймақтағы күрделі геосаяси жағдай ұлттық валюта бағамына теріс әсер етуі ықтимал. Ал ішкі макроэкономикалық факторлар бағамның құбылмалылығын реттейтін болады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну бағалары индексінің өсімі 20 пайыздан асуы мүмкін. Ал 2023 жылы 14,3 пайызға дейін баяулауы ықтимал. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы осындай болжам жасап отыр.

"Қараша айының қорытындысы бойынша тұтыну бағалары жылдық мәнде 19,6 пайызға өсті. Осылайша, Ұлттық банктің тамызда жасаған "2022 жылғы инфляция 16-18 пайыз болады" деген болжамының жоғары дәлізінен асып түсті. Елдегі баға өсуінің негізгі драйвері – азық-түлік компоненті (+24,1 пайыз). Ал азық-түлік емес инфляцияның өсімі бұдан аздау (+18,6 пайыз), ал ақылы қызметтердің инфляциясы одан да әлсіз (+14,1 пайыз). Жыл соңына қарай, яғни мерекелер қарсаңында тұтынушылық сұраныс артуда. Бюджеттік ынталандыру да өсіп жатыр. Баға қысымы жеміс-көкөніс маусымының аяқталуына, импорттық тауарлардың қымбаттауының жалғасуына, жеткізу тізбегіндегі іркілістерге, сондай-ақ экономикадағы теңгерімсіздіктердің сақталуына байланысты да күшеюі мүмкін. Тиісінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну бағаларының индексі 20 пайыздан асуы мүмкін", – делінген Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарламасында.

Болжамға сүйенсек, базалық мөлшерлеме 2023 жылдың бірінші тоқсанында жоғары болып қалады. Бірақ біртіндеп төмендеуі мүмкін. Бұл ретте 2023 жылдың соңына қарай пайыздық мөлшерлеме қазіргі деңгейден (16,75 пайыз) 13,5 пайызға дейін төмендеуі ықтимал.

"Банк секторы активтерінің, оның ішінде несие портфелінің өсуі соңғы жылдардағы екі таңбалы мәндерден 2023 жылы бір таңбалы санға дейін баяулауы мүмкін. Несиелендірудің баяулауы қарыз алушылардың несиелік тәуекелдерінің өсуіне байланысты болуы ықтимал. Ірі кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу сегментінде нарықтық өнімдер бойынша мөлшерлемелер өндірістің рентабельділігіне байланысты болмақ. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар жағына қарай сұранысты қайта теңгерімдеу орын алуы мүмкін. Бұл ретте оларды одан әрі қысқарту және қолданыстағы көптеген жеңілдікті бағдарламалардың қалдық көлемінің төмендігі 2023 жылы жаңа қарыздар берудің жалпы динамикасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз", – дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу