Мемлекет осы тамыз айында Ұлттық қордан 600 миллион доллар қаржы алып, нарыққа сатпақ. Бұған қоса, Ұлттық банк елдің алтын-валюталық резервтеріне де қолды мол салды. Тамызда одан 230-250 миллион долларға дейін қаржы сатуға ниетті.
Салыстырсақ, республикалық бюджетті трансферт қаржымен қамтамасыз етіп, ондағы алапат қарқынмен артып бара жатқан тапшылықты "жабу", жыртығын жамау үшін Үкімет өткен шілде айында Ұлттық қордан 506 миллион доллар алған болатын.
Бұған қоса, билік Қазақстанның алтын-валюталық резервтерінен 115 миллин доллар валютаны биржаға төкті. Бұл сома осы айда екі есе артпақ.
Соған қарамастан, шілденің қорытындысында ұлттық валюта 0,5%-ға әлсіреп қалды. 1 АҚШ долларының бағамы 474,15 теңгеден асты.
Халық пен бизнес өткен бір ғана айда 3,7 миллиард доллар сатып алды.
Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, шенеуніктер Ұлттық қордан 3,5 триллион теңгедей қаржы алып, шығындап қойды. Бұл ретте Үкімет 2024 жыл бойы Ұлттық қордан 3,6 триллион теңге ғана алуға уәде еткен. Яғни, жылдық норманы шамамен жарты жылда-ақ (!) жеп қойды.
Сарапшылар дәстүрлі түрде жылдың соңы – ең шығынды мерзім екенін еске салады. Контрактілер жабылып, олар бойынша есептесуі шарт. Мемлекеттік борыштың негізгі бөлігі де жылдың екінші жартысында төленуге тиіс. Мектептер, әлеуметтік, басқа нысандар құрылысы аяқталып, орындалған жұмыстардың ақысы аударылуы қажет.
Онда ұлттық валютаның және бюджеттің жағдайы енді не болады?
Осы және басқа сауалдарға телеграм-арнасында жауап іздеген экономист Айдархан Құсайынов тығырықтан шығар бір жол – теңгені салмақты девальвациялау болатынын ескертті.
Өйткені аталған төлемдердің, сондай-ақ зейнетақы, жәрдемақы, жалақы бойынша мемлекеттің міндеттемелерінің көбі теңгемен есептеледі. Доллар қымбаттаса, ол үшін көбірек теңге басуға болады.
Тағы бір жол – бюджеттен қаржыландырылатын бағдарламаларды, жобаларды жаппай қысқарту. Бірақ бұл елді есеңгіретеді.
"Бүгінде бюджеттік қысқарту-секвестрдің қоғамды, мемлекетті салмақты есеңгіретулерге соқтырмауы мүмкін емес. Жұмыстарға аванстар төленген, олар орындалған, барлығы атқарылған жұмыс үшін мемлекеттің есеп айырысуын күтіп отыр. Мердігерлердің, субмердігерлердің, қызмет пен материалдарды жеткізушілердің және басқасының күні соған қарап тұр. Демек, бюджетті қысқарту – өте ауыр соққы жасау және бизнесті, көптеген кәсіпорынды өрескел алдап соғу дегенді білдіреді. Бұл төлем төлемеулер толқындарын тудырады. Ал, салықтық алымдарды әкімшілендіру ісі жандандырылғанда, бұл толқындар банкроттыққа соқтырады", – деп болжады Айдархан Құсайынов.
Валюталық нарықтың ахуалы не болады?
Тамыз айында Ұлттық қордан (ҰҚ) трансферт түрінде 550-600 миллион доллар, алтын-валюталық резервтен (АВР) 250 миллион долларға дейін алынса, жоспардағы көлем тақыл-тұқыл болады.
Экономистің айтуынша, биылғы қыркүйек-желтоқсан айларына Ұлттық қордан – небәрі 450 миллион доллар және алтын-валюталық резервтен – 610 миллион доллар көлемінде ғана қолжетімді валюта қалады.
"Қорыта айтқанда, күзгі-қысқы 4 айға 1 миллиард доллардан аса қаражат бар. Бұл аз. Себебі, 2024 жылы ҰҚ мен АВР-ден ай сайын орта есеппен 850 миллион доллар сатылып тұрды. Қарапайым тілмен айтқанда, нарықта мұндай көлемде сатуды жалғастырса, валюта тек қыркүйекке және шамалысы қазанға жетеді. Осылайша, қолдағы жоспарлы ресурстар қыркүйекте бітеді. Ендеше ел 2 қыркүйектегі Президенттің жолдауында не айтылатынына қарап отыр деп тұспалдауға болады", – деді экономист.
Сарапшылар содан кейін елде девальвация болуы мүмкін деп жорамал құруда.
"Девальвация қажет пе, қажет емес пе деген мәселе жоқ. Девальвациядан қашып құтылу мүлдем мүмкін емес! Өйткені қазіргі бағам экономикалық шынайылықты көрсетпейді. Не дұрыс айнаға қарап, бой-басыңды түзейсің, немесе ары қарай фотошоп суретіңді пайдалануға мәжбүрсің. Жалған иллюзиядан арылу керек. Бюджеттің жыртығы – өте зор: 2 триллион теңгеден асты. Ол тапшылықты ақшаны әрлі-берлі ауыстыратын схемалармен жаба алмайсың. Ұлттық қор табыс әкелетін портфельді инвестор болып қалуға тиіс, 2 триллионнан асатын акцияларды табу үшін кем дегенде 8-10 триллион теңге болатын капитализациясы мол, акциялары биржада айналатын алып мемлекеттік компаниялар керек. Қазақстанда сонша компания жоқ", – деп түсіндірді экономист Айдархан Құсайынов.
Айта кету керек, республикалық бюджетке нысаналы трансферттерді Президент өз шешімімен ұлғайта алады.
Ал, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті көбейту мәселесін дауыс беру және қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу арқылы Парламенттің қос палатасы шешеді. Бұл – тездеткеннің өзінде бір-екі айға созылатын процесс. Депутаттар болса, жазғы каникулынан тек қыркүйекте оралады. Ар жағында жылдың бітуіне 4 ай ғана қалады.
"Тағы бір тығырық сол, нысаналы трансфертті бюджеттің ағымдағы шығындарына пайдалануға рұқсат етілмейді. Проблема болса, ағымдағы бюджетке тікелей қатысты. Сондықтан кепілдендірілген трансфертті қайтадан ұлғайтуға тура келеді. Бәлкім, Президент жаңа жолдауында нысаналы трансфертті өзі арттыратын шығар. Ал, Парламенттен – кепілдендірілген трансфертті барынша тездетіп өсіруді табанды түрде сұрайтын болар", – деп қорытты экономист Айдархан Құсайынов.
Өз кезегінде Ұлттық банк "теңгенің девальвациясы болмайды!" деп үзілді-кесілді айта алмады. Тек оның бағамына әсер ететін факторларды атаумен шектелді.
"Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2024 жылғы тамызда Ұлттық банк Ұлттық қордан 500-600 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылуын күтеді. Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты шеңберінде валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді мақсат етеді. Қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы – нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдерінің көлеміне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді", – деп мәлімдеді монетарлық реттеуші.