Ел чемпиондары Суперкубок финалына дайын ба?

451

Қазақстан Суперкобогын "Қайрат" пен "Ақтөбе" командалары сарапқа салады. Матч 22 ақпан күні "Астана Арена" стадионында 15:00-де басталады.

Ел чемпиондары Суперкубок финалына дайын ба? Фото: Қайрат ФК

Ресейлік екінші дивизионның "КАМАЗ" клубы (2:4) мен РПЛ "Химки" командасынан (0:2) жеңілгеннен кейін "Қайраттың" Түркиядағы маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынындағы жеңіссіз сериясы жеті ойынға жетті. Ал 2025 жылғы маусымның ресми матчтарының басталуына санаулы күндер қалды.

Маусымға дайындықтарын аяқтаған алматылықтар мүмкіндігінше матчтарды "жабық" форматта ұйымдастырды. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында команда жеті кездесу өткізді. Нәтижесінде, екі тең ойын және бес жеңіліс тіркелді. Мұндай статистика көңіл көншітпейтіні айдан анық.

Ал, "Ақтөбе" футбол клубы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында бүгін, 15 ақпанға жоспарланған тулалық "Арсеналға" қарсы өтуі тиіс жолдастық матчтан бас тартты.

"Қызыл-ақтардың" баспасөз қызметінің хабарлауынша, бапкерлер штабы футболшыларға түсетін физикалық жүктемені азайту үшін осындай шешімге келген. Команда Қазақстан Суперкубогы алдындағы соңғы ойынын 17-ақпанда Грозныйдың "Ахматына" қарсы өткізеді. Осы ойыннан кейін ақтөбеліктер екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтап, 22 ақпанда өтетін "Қайратпен" суперкубок матчына Астанаға жол тартады.

Алдағы "Қайрат" пен "Ақтөбе" кездесуіне тоқталар болсақ, алматылық ұжым Қазақстан Суперкубогынан бір күн бұрын, 21 ақпанда "Астана Аренада" ашық жаттығу өткізбейді. "Ақтөбе" БАҚ өкілдері үшін 15 минут бойы ашық жаттығу жұмыстарын өткізеді. Ал алматылық команда соңғы жаттығуын Астанаға аттанар алдында клуб базасында өткізеді. Осылайша Рафаэль Уразбахтин шәкірттері "Астана Арена" алаңына тек Суперкубок ойынына ғана шығады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымда "Қайрат" Премьер-лиганың чемпионы атанса, "Ақтөбе" Қазақстан кубогын жеңіп алған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу