Соңғы жылдары чемпионаттарға қатысу үшін төленетін жоғары жарна клубтарға қаржылық ауыртпалықты күшейтті. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы бұл жарналарды 10%-ға төмендету туралы шешім шығарды.
Бұл өзгеріс реформаның алғашқы қадамы. Жарналардың азаюы клубтарға қаржылық қиындықтарға алаңдамай, жарыстарға белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, былтырғы жылы ҚПЛ клубтары 55 миллион теңге, бірінші лига клубтары 25 миллион теңге, екінші лига клубтары 15 миллион теңге жарна төлейтін. 2024 жылғы маусымға 13 ҚПЛ клубы – 715 млн теңге, 16 бірінші лига клубы – 400 млн теңге, 24 екінші лига клубы – 360 млн теңге төледі.
Жалпы клубтардың жарналары 1 миллиард 475 миллион теңгені құрады. Ал ендігі кезекте бұл сомма 10%-ға азаймақ.
Бұған қоса, футбол инфрақұрылымын реформалаудағы маңызды қадамдардың бірі – төрешілерді қаржыландыру жүйесін өзгерту болды.
Бұған дейін матчтағы төрешілерге кететін шығындарды қабылдаушы клуб өз мойнына алатын. Ал бұл командаларға қосымша салмақ түсіретін. Енді бұл шығынды Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) өз есебінен жабады.
Бұл өзгеріс клубтардың қаржылық жүктемесін азайтып қана қоймай, төрешілік жүйенің ашықтығын қамтамасыз етіп, мүмкін болатын мүдделер қақтығысын болдырмауға септігін тигізеді.
Реформа аясында төрешілерге қатысты тағы бір өзгеріс енгізілмек. Енді олардың есімдері тек матч күні жарияланады. Бұл шешім төрешілерге ойынға дейінгі қысымды азайтып, сыртқы ықпалдан қорғауға бағытталған. Осылайша, арбитрлер өз міндетін барынша объективті әрі тәуелсіз атқара алады.
Кәсіби футбол жарыстарын ұйымдастыру құқығының ҚФФ-ға қайтарылуының тағы бір маңызды қыры – матчтардың трансляция сапасын айтарлықтай жақсарту және медиа мүмкіндіктерді кеңейту.
Өзгерістер спорттық жағына ғана емес, көрермендер үшін трансляцияларды тартымды етуге де бағытталған. Бұл ең алдымен техникалық сапаны жақсартуды қамтиды.
Бейне сапасын арттыру, операторлар мен режиссерлердің кәсіби жұмысын жетілдіру, сондай-ақ заманауи технологияларды пайдалану арқылы жанкүйерлерге ойын барысын мейлінше жоғары деңгейде ұсыну.
Мұндай қадам көрермендердің қызығушылығын арттырып қана қоймай, футболға жаңа жанкүйерлерді тартуға да ықпал етеді. Бұған дейін көрермендер матчтардың сапасыз көрсетілімі мен жалпы медиа қолдаудың әлсіздігіне жиі шағымданған еді.
Реформаның басым бағыттарының бірі – осы мәселелерді түбегейлі шешіп, футболдың көрерменге қолжетімділігін арттыру.
Жалпы, бұл реформалар отандық футболдың дамуына жаңа серпін беріп, клубтардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және төрешілер жүйесіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді.