Елде әділ салық қашан салынады?

1232

Жақында қолданыстағы Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

Елде әділ салық қашан салынады? Фото: inbusiness.kz

Тиісті заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Жалпы елімізде салық жүйесін реформалау барысы жүріп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту қажеттігі туралы мәселе көтерген болатын.

Елде әділ салық салынады деуге бола ма? Жаңа құжатта қандай ұсыныстар ескерілмеді? Кодекстегі түзетулерді тиімді деп айта аламыз ба? 2025 жылдан бастап Салық кодексінен кейбір арнайы салық режимдері алынып тасталып, жаңа арнайы салық режимдері енгізілуі мүмкін. Бұл қарапайым қазақстандықтар мен бизнеске қалай әсер етеді? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайты сарапшының пікірін білді.

Экономист Бауыржан Ысқақов Салық кодексіне түзетулердің енгізілуін қалыпты жағдай деп есептейді.

"Қазір бюджет тапшылығын көбінесе салық түсімдерден бөлек, Ұлттық қордың тікелей мақсатты трансферттері арқылы да жауып отырған мемлекетпіз. Біздің салығымыздың 100 пайыз мемлекеттің тапшылығын жоюға мүмкіндігі жоқ. Осы мақсатта жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – болашақта салықтық түсімдер мен салық төлеушілердің санын арттырып, салық төлейтін кәсіпорындарға берілетін мүмкіндікті көбейте отырып, болашақта Ұлттық қорға қол сала берудің де алдын алу. Егер де Салық кодексіне енгізілген өзгертулер тікелей кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің жұмысына ыңғайлы болса, Ұлттық қордың қаражатын көбейтуге берілген мүмкіндік деп айтар едім. Енді әділ салық салу режимі болу үшін бірінші кезекте салық салатын кәсіпорындардың жұмысына мүмкіндік беруіміз керек", - деді сарапшы.

Салық салу бір басқа, сол кәсіпорындардың қызмет көрсетуіне жағдай жасау бір басқа, деп есептейді ол.

"Біз кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретіндей ортаны қалыптастыруымыз керек. Егер де біз сондай инвестициялық ортаны қалыптастырсақ, онда салық салынатын база да көбейеді. Сол үшін әділ салық салу туралы айтпас бұрын, біз оған қандай жағдай жасадық дегенді де көтеруіміз керек", - деп атап өтті экономист Бауыржан Ысқақов.

Сарапшы жаңа құжатта көптеген ұсыныс ескерілгенін баса айтты.

"Мыңнан астам сарапшының, әртүрлі халықаралық ұйымдардың, басқа да азаматтардың ұсыныстары ескерілді деп айтуға болады. Ескерілмеген деп нақты айту ертерек. Өйткені құжат толыққанды 2025 жылдан бастап күшіне енеді. Яғни жалпы әлеуметтік салық кодексіне айналуы мүмкін деген үмітіміз бар. Арнаулы салық режимдерін айтатын болсақ, кейбір түрлері алынып тасталып, жаңадан салық режимдерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік беріліп жатыр", - деп толықтырды спикер.

"Учёт" компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев Салық кодексіне енгізілген негізгі өзгерістердің қатарында бір уақытта екі арнаулы салық режимін пайдалануға рұқсат берілуін атап өтті.  

Сөзінше, арнаулы салық режимін арнайы мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы қолданатын жеке кәсіпкерлер осы режим бойынша қызметке жатпайтын кірістер алған жағдайда енді екінші салық режимін қолдануға құқылы.

"2024 жылдың 13 шілдесінен бастап бейрезиденттер үшін жалпыға бірдей декларацияның күшін жою маңызды. Енгізілген түзетулерге сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары болып табылатын бейрезиденттер 2023 және 2024 жылдардағы активтер мен міндеттемелер және кірістер мен мүлік туралы декларацияларды ұсынудан босатылды. Коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары (қатысушылары) мен акционерлері де 2024 жылы декларацияны ұсынудан босатылды", - деді ол.

Сарапшының сөзінше, Салық кодексіне ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар алуға және ғылыми орталықтар құруға арналған шығыстарды шегерімге жатқызуды ретке келтіретін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, интернет-ақпараттық агенттіктер мен желілік басылымдар үшін есепке қою үшін алым мөлшерлемелері айқындалды.

"Бизнестің "көлеңкелі экономикаға" кетпей, салық жүктемесінің әділ және ақылға қонымды болуы маңызды. Біреудің артық табысы болуы мүмкін, ал біреуге аяғынан нық тұруға мүмкіндік беру қажет. Инвестициялардың ұлғайып, бюджетке салық түсімдерін әкелетін салық салынатын өрістің кеңейгені жөн. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, зейнетақы аударымдарын, медициналық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларды шешуге және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға мүмкіндік береді", - деп толықтырды Максим Барышев.

 

Оның айтуынша, қолданыстағы Салық кодексіне енгізілген өзгерістер  қазіргі бағдардың қажетті түзетулерін ескеруі мүмкін.

"Біз 2025 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілуі жоспарланған жаңа Салық кодексінің жобасын жетілдіру туралы ойлап отырмыз. Әрине, елеулі пысықтаулар қажеттілігіне, бағдарламалық қамтамасыз етудің дайын еместігіне және басқа да факторларға байланысты (құжатты) қолданысқа енгізуді 2026 жылдың 1 қаңтарына ауыстыруды сұрап отырмыз. Өкінішке қарай, жаңа Салық кодексінің жобасы кейбір маңызды аспектілерді ескермейді. Бухгалтерлер мен кәсіпкерлер тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттар және биометриялық сәйкестендіру сияқты пилоттық жобалардан шаршағандықтан, "пилоттық жобаларды жоюдың нақты ережелерін белгілеу қажет. Сондай-ақ оңайлатылған декларация негізінде салық салудың бұрыннан үйреншікті режимін сақтап, ҚҚС бойынша шекті арттыру керек. Сонымен қатар, дивидендтерге жеке табыс салығын жоюды сұраймыз. Бұл инвестицияларды тартуға және елдегі кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді", - деп есептейді М.Барышев.

Салық кодексіндегі түзетулерді тиімді деуге келе ме?

"Бұл түзетулердің қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Әрине, салық заңнамасындағы кез келген реформа оның экономика мен бизнес ортасына әсерін бағалау үшін уақытты қажет етеді. Бір қарағанда, белгілі бір мәселелерді жедел шешу үшін өзгерістер бірден жасалып жатқан сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай түзетулер де оң нәтиже бере алады. Бұл өзгерістер елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға, салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, бизнес үшін ашық және әділ жағдай жасауға көмектеседі деп үміттенеміз. Алайда көп нәрсе бұл түзетулердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына байланысты", - "Учёт" компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев.

Сарапшы тиімді реформалар заңнамадағы өзгерістерді ғана емес, барлық мүдделі тараптың белсенді атсалысуын талап ететінін баса айтты.

2025 жылдан бастап Салық кодексінен кейбір арнайы салық режимдері алынып тасталып, жаңа арнайы салық режимдері енгізілуі мүмкін. Сарапшыдан бұл өзгеріс қарапайым қазақстандықтар мен бизнеске қалай әсер ететінін сұрадық. Максим Барышев "жеңілдетілген" және "бөлшек салық" арнаулы салық режимдерін жою туралы қызу пікірталас жүріп жатқанын айтты. Айтуынша, жаңа арнаулы салық режимдері жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында талқыланып жатыр.

Максим Барышев қазіргі таңда 1 млн 900 мың салық төлеуші "жеңілдетілген", 31 мың салық төлеуші бөлшек салық режимінде жұмыс істеп жүргенін айтты.

Бүгінде жаңа Салық кодексінің жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды. Тиісті құжатты жария талқылау 15 шілдеге дейін жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу