Елде инфляцияны тежеу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

5859

Азық-түлік тауарлары бір жылда 11,4% қымбаттаған. 

Елде инфляцияны тежеу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Биыл тамызда елдегі инфляция өсуін жалғастырып, жылдық мәнде 8,7% болды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Осылайша, инфляция деңгейі қатарынан төрт ай бойы өсіп келеді. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға айтарлықтай әсер етеді. 2021 жылғы тамызда азық-түлік тауарлары жылдық динамикада 11,4% қымбаттаған. Бұл жалпы ұсыныстың мерзімді теңгерімсіздігімен байланысты. Соңғы жылдары көкөністер бағасы айтарлықтай өсіп,
ет, өсімдік майлары, қант және жұмыртқа қымбаттады.

Азық-түлік бағасының өсуі өндірушілердің бағаны көтеруге ықпал еткен, сондай-ақ өткен жылы жиналған астық қорларының сарқылуы ұсыныстың төмендеуіне және әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі де жағдайға әсерін тигізген.

Кейінге қалдырылған сұраныс және импорт бағалардың көтерілуі әсерінен ақылы қызметтер мен азық-түлік емес тауарлар бағасы да өсті. Бұл инфляцияға да әсер етті. Осылайша, тамызда азық-түлік емес тауарлардың бағасы 7,3%, ал ақылы қызметтер жылдық динамикада 6,6% көтерілді.

Бұл жағдайда мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – үкімет, жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) және қаржылық реттеуші ұйыммен бірлесе отырып, инфляцияны "коронавирусқа дейінгі" деңгейге төмендету болып саналады. Биыл 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Қазақстан халқына Жолдауында да атап өткен еді.

17 өңірдің алтауында инфляция деңгейі республикалық мәннен асып түскен.
Маңғыстау (9,7%), Түркістан (9,5%) және Ақтөбе (9,2%) облыстарында көрсеткіш жоғары деңгейде.

Сондықтан барлық ЖАО, әсіресе осындай проблемалы өңірлерде бағаны төмендетуге, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына баса мән берілуі тиіс. Бүгінде ЖАО-да инфляцияның өсуін тежеу үшін барлық қажет құралдар бар. Бұл – сауда ережелері, тұрақтандыру қорлары және сауда желілерін несиелеу, көтерме сауда орталықтары, делдалдық операцияларды бақылау және тексеру.

Мемлекет басшысының инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын орындау, әрі орта мерзімді мақсатқа қол жеткізу үшін үкімет тауарлар өндірісі, экспорт пен импорттың теңгерімін қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты молықтыру, сондай-ақ АӨК өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асырады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы – 6% және 2023-2024 жылдары 5% дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты шеңберінде инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешені пысықталып жатыр. Мұндағы негізгі құрал – базалық мөлшерлеме. Оның өзгеруі ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелері арқылы инфляция деңгейіне әсер етеді. Мысалы, базалық мөлшерлеменің артуы ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелерінің өсуіне, кейін қаржы нарығындағы қаражаттың қымбаттауына алып келеді, бұл халық пен кәсіпорындардың тұтыну мен жинақтауға қатысты шешімдер қабылдауына әсер етеді.

Тұтынудың төмендеуі және жинақтаудың жоғарылауы инфляцияға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар базалық мөлшерлеменің артуы ұлттық валюта бағамының нығаюына және инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді.

2021 жылғы 13 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25%-дан 9,5%- ға дейін көтеріп, соңғы шешімді қабылдады. 

Сондай-ақ белсенді түрде қалпына келіп жатқан тұтынушылық сұраныс, сондай-ақ электр энергиясы, газ және жанар-жағамай бағасының өсуі де жағдайға қысымды күшейтеді. Салдарынан жылдық инфляция 8,7%, ал тамызда инфляция деңгейі 8,8% болды.

Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету бойынша Үкімет тарапынан ұсынылған шараларды тиімді іске асырылған жағдайда Ұлттық банк баға тұрақтылығына қол жеткізе отырып,
ақша-кредит шарттарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға дайын екенін атап өтті.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу