Елде кәсіпкер көп болса, экономика өседі – АҚШ елшісі

23598

Қазақстандағы АҚШ елшілігі стартаптарға 120 мың доллар бөлген.  

Елде кәсіпкер көп болса, экономика өседі – АҚШ елшісі

Бүгін Назарбаев Университетінің инновациялық кластері алаңына Central Asia Startup Show (CASS) атты инновациялық өнімдер ұсынатын стартап жобалардың халықаралық таныстырылымы өтті.

Шараға Қазақстанның тоғыз қаласы мен Орталық Азияның төрт елінен келген қатысушылар 50 стартап жоба ұсынды. Көрме залындағы стендтердің бірінің жанында тұрған жас жігіт өз қолымен жасаған "ақылды үйге" арналған реле жұмысын түсіндірді.

"Қашықтан басқарылатын мына сіріңкенің қорабындай құрылғыны үйіңіздегі тұрмыстық техникаңызға қосып қоясыз да, әлемнің кез келген жерінен смартфон арқылы басқара бересіз. Бағасы да қымбат емес", – деп үстел үстінде тұрған шамды телефон арқылы жағып, өшірді.

Латын негізді қазақ әліпбиін виртуалды шынайылыққа енгізіп балаларға үйрететін жоба да бар. Енді бір стартап гүл өсіруге арналған. Бөлме гүлдерінің өсуін автоматты түрде қадағалайтын ақылды жүйе жасалған. Бұдан басқа, сөйлейтін бот, мүгедектер арбасына арналған электр жабдығы, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған робот терапиясы, арзан дәрі-дәрмек іздеу, заңгер-кеңесші, бизнеске көмекші жүйе және тағы басқа инновациялық шешімдерді осы жерден табуға болады.

Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер мырза inbusiness.kz тілшісіне АҚШ елшілігі Назарбаев Университетімен бірлесе отырып іске қосқан Tech Central Asia атты стартаптарды ілгерілету бағдарламасы Орталық Азиядағы сапалы IT-жобаларды қолдау орталығына айналғанын айтты.

"Tech Central Asia бағдарламасы болашақ кәсіпкерлерге бизнесін дамыту үшін дағдылар үйреніп, қаржы табуға көмектеседі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама Орталық Азияның ірі қалаларында стартаптар желісін кеңейтуді көздейді. Жобаға қатысу үшін Орталық Азия елдерінен мыңнан астам өтінім келіп түскен еді. Соның 66 таңдалып алынып, арасынан үздік шыққан жиырмадан астам жоба бүгінгі шараға қатысуға шақыру алды. Бәсекелестік өте жоғары. Ұсынылатын ІТ-шешімдер негізінен ауыл шаруашылығы, білім беру саласы, әлеуметтік мәселелерге қатысты және ең көбі – тұрмысты жеңілдетуге арналған. Мобильді технологиялар мен компьютер адам өмірін қаншалықты жақсартатынын байқауға болады", – деді елші.

Уильям Мозер мырза елшілік ІТ-жобаларға неліктен қолдау көрсететінін былайша түсіндірді: "Бағдарлама төңірегінде жақсы идеялар мен кәсіпкерлер жиналған. Идеялардың іске асуына қолдау көрсету маңызды. Осындай шаралар өз кезегінде Орталық Азия елдері экономикасының әртараптануына әсер етеді. Кәсіпкері көп елдің экономикасы өсетініне сенімдімін. Бұл осы бағдарламаның ғана мақсаты емес, Орталық Азия елдерінің ортақ мақсаты", – деді Уильям Мозер.

АҚШ елшісі кәсіпкерлердің білімін арттырудың маңыздылығын атап айтты.

"Жобаларға қолдау көрсету үшін 120 мың АҚШ долларын бөлдік. Бұл қаражат тек жобаның өзіне ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлеге білім беру мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тренингтер жүргізуге де бөлінді. Өйткені, орныққан бизнеске де, жаңадан қадам басып келе жатқан кәсіпкерге де білім қажет", – деді Уильям Мозер мырза.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу