Қазақстанның сыртқы қарызы тарихи рекордқа – 50 триллион теңгеге жетпек

10760

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының аналитикалық орталығы 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысын шығарып, республиканың жиынтықты бюджетіне шолуын жариялады.

Қазақстанның сыртқы қарызы тарихи рекордқа – 50 триллион теңгеге жетпек Фото: canva.com

Қаржыгерлер қалыптасқан жағдайды талдай келе, тіксінтетін көптеген жайтты әшкереледі.

Біріншіден, биылғы алғашқы үш айда елдегі экономикалық белсенділік былтырғыға қарағанда, 3,9%-ға артты. 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында әлемде мұнай бағасы жоғары болды (81,8 vs 82,1). Қазақстанда қара алтын өндірісі шамалы (+0,3%) болса да ұлғайды. Осының бәріне қарамастан, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бюджетке салықтық түсімдер көлемі қатты азайған.

Салыстырсақ, 2023 жылғы ұқсас кезеңде салықтық түсімдер керісінше, 20%-ға өсті.

Атап айтқанда, Үкімет тексерулер санын көбейтіп, бизнесті сілкілеп, тіпті инвесторларға дейін миллиардтаған айыппұл салып, қосымша салық өндірткеніне қарамастан, 2024 жылғы қаңтар-наурызда 5,5 трлн теңге ғана салық жинай алды. 2023 жылдың басқы үш айында 5,7 триллион теңге салық жиған еді.

Екіншіден, негізінен, жергілікті бюджетке салық төлейтін шағын және орта бизнеске жүктеме артты, олар алым-салықты артығымен аударуда.

Нәтижесінде, жергілікті бюджеттер корпоративті табыс салығы бойынша жоспарды – 106 миллиард теңгеге, әлеуметтік салықты – 129 миллиард теңгеге, жеке табыс салығы жоспарын – 199 миллиард теңгеге асыра орындады.

Алайда тікелей орталыққа – республикалық бюджетке қаржы аударатын ірі бизнестің, олигархияның, импорттаушылардың кем төлей бастағаны байқалады. Салдарынан, қосылған құн салығы бойынша түсімдер – 157 миллиард теңгеге, кедендік төлемдер – 161 миллиард теңгеге, корпоративті табыс салықтары – ғаламат 289 миллиард теңгеге құлдырап кетті.

Үшіншіден, осы жылғы бірінші тоқсанда салық алымдары бойынша бүкіл жылдық жоспардың 19,9%-ы ғана орындалды. Салыстырсақ, өткен жылғы ұқсас кезеңде 23%-ы орындалған еді.

Төртіншіден, дәл осы кезде жиынтықты бюджеттің шығыстары алапат қарқынмен өсіп барады. Тек үш айда бюджет шығыны бірден 17%-ға немесе 966 миллиард теңгеге шығандап кетті.

Осылайша, жалпы алғанда бірінші тоқсанда ғана мемлекеттік бюджеттің шығыстары ғаламат көлемге – 6,8 триллион теңгеге жетті.

Бұл оның кірістерінен 18%-ға немесе 1,1 триллион теңгеге көп. Яғни, Үкімет көрпесіне қарай көсіліп отырған жоқ.Оның үстіне бұл еліміздің 17 облысының басым көпшілігін – 11-ін басып қалған зұлматты тасқынға дейінгі шығындар. Топан су мемлекеттің шығысын күрт арттыратын түрі бар.

Бесіншіден, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) тағы бір алаңдатарлық үрдіске назар аудартты. Тәуелсіздіктің өткен онжылдықтарында бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға, жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар төлеуге жұмсалатын. Сәйкесінше, бұрын бюджет шығыстарының өсімі де әлеуметтік салаға тиесілі еді.

Енді жағдай күрт өзгерді. Бюджеттік шығыстар өсімінің 92%-ы – мемлекеттік қарызды өтеудің (биылғы үш айда +721 миллиард теңгеге өсіп кетті) және мемлекеттік қарызға қызмет көрсетудің (164 миллиард теңгеге көбейді) еншісіне тиіп отыр.

Салдарынан, жиынтықты (республикалық және жергілікті) бюджеттің жалпы шығысындағы мемлекет борышына кететін шығысының үлесі алапат 26%-ға жетті. Басқаша айтқанда, Қазақстан тапқан-таянғанының төрттен бір бөлігінен астамын шетелдік қарызын "жабуға" жұмсайды.

Алтыншыдан, ҚҚҚ сарапшылары назар аудартқандай, билік бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін жаңа қарыздар алуда. Мысалы, ел Үкіметі бюджеттік дефициттің жыртығын "жабу" мақсатында 2024 жылы 6,6 триллион теңге қарыз алуды жоспарлаған болатын, мұның өзі 2023 жылғыдан 844 миллиард теңгеге көп еді.

Алайда, енді белгілі болғанындай, бұл сома одан да артып кеткен. Өткен үш айдың өзінде мемлекет 1,9 триллион теңге заем алды, бұл жоспардағыдан 680 миллиард теңгеге көп.

Соның кесірінен, мемлекет жылдық жоспарда белгіленген қарыздың 28,1%-ын бірінші тоқсанда-ақ алып, жұмсап қойды. Салыстырсақ, 2023 жылғы алғашқы тоқсанда бұл көрсеткіш тек 20,5% болған.

Үрейлі көрсеткіштер мұнымен таусылмайды. Үкімет болашақ ұрпаққа сақталған Ұлттық қорды қомағайлықпен "жеп" қоюда. Аталған кезеңде Ұлттық қордан республикалық бюджетке 1,45 триллион теңге алып қойылды. Бұл "бір жыл бойы алынады" деген жоспардың 40,3%-ы.

Үкімет алдына Ұлттық қордан бір жыл ішінде 1,6 триллион теңгеден артық қаражат алмау міндеті қойылған еді. Ол орындалмады, биыл қордан кем дегенде 3,6 триллион теңге шығындалады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мемлекеттің борышы алда тек арта беретінін ескертті.

"Жиынтықты бюджеттің шығыстары жоғары қарқынмен өсуде. Бұл ретте шығыстардың өсуіне бүкіл дерлік үлесті мемлекеттік қарызды өтеу және оған қызмет көрсету баптары қосып жатыр. Мемқарыз бойынша міндеттемелердің шығыстарының өсу тенденциясы тек өрістейді: 2024–2025 жылдары Қаржы министрлігіне еурооблигацияларының ірі көлемдерін өтеуге тура келеді. Бұл шығыстардағы күрт өзгерістерге соқтырып, валюта нарығына қысым көрсетуі мүмкін. Қорыта айтқанда, бұрын әлеуметтік бағдарлануымен сипатталатын Қазақстан бюджеті енді "қарызға батқан" сатысына өтті", – деген байламға келді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары.

Парламенттегі "Ақ жол" фракциясының жетекшісі Азат Перуашев қазіргі бюджетті "түпсіз тесікке" теңеді. Бизнес қанша тырысқанымен, оны салықпен толтыру мүмкін емес.

Бюджеттің шығыстарын бақылау әлсіреді. Жоғарғы аудиторлық палатаның экс-төрайымы Наталья Годунованың еш сый-сияпатсыз отставкаға жіберілуінің бір сыры сонда болса керек. Бақылау болмаған жоқ, бюджетті жемсауына айналдырған жемқорлар көбейді және олар ел қаржысын заңды жолмен таран-тараж ететінді шығарды.

Мысалы, Павлодар облысындағы Зеленая роща ауылында 80 оқушыға арналған ауылдық мектепті салуға небары 58 миллион теңге толығымен жеткен. Көрші Моисеевка ауылында небәрі 50 оқушыға арналған шағын мектептің құрылысына бұдан 12 есе көп қаржы – 750 миллион теңге жұмсалған. Бұл үш жыл бұрынғы есеп-қисап.

Қазіргі кезде Үкімет пен әкімдіктер жалдаған мердігер компаниялар – құрылыс консорциумдары 5 миллиард теңгеден арзанға мектеп салмайды. Араны ашылып барады.

Былтыр "Жайлы мектеп" жобасының аясында 1 ғана оқушының орны мемлекетке 3,6 миллионнан 8,3 миллион теңгеге түсетіні белгілі болды. Салдарынан, небәрі 1,5-2,5 мың оқушыға арналған сыйымдылығы орташа мектептердің құрылысы қазынадан әрқайсысы 5,8-9 миллиард теңгеден талап етеді.

Жол құрылысында баламалы материалдар мен инновациялық әзірлемелер қабылданбай, еленбей жатыр, олар әрбір километрдің шығынын 20-30%-ға арзандатар еді. Бұрындары 1 шақырым жолды салу бюджеттен әрі кетсе, 600 миллион теңгені талап ететін. Бүгінде қос жолақты трассаның 1 шақырымын төсеу құны 2 миллиард теңгеге дейін шарықтаған.

"Мұндай мысалдар жетіп артылады және барлық өңірде, барлық салада белең алды. Соның кесірінен, 2024-2026 жылдары мемлекеттік қарыздарға қызмет көрсетуге елдің бүкіл табысының үштен бір бөлігін – 5,7 триллион теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл тек басы ғана: мемлекеттің қарызы қазіргі 34 триллионнан 2028 жылға қарай 50 триллион теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Қазақстандықтарға қарызға өмір сүрудің не екенін түсіндіру керек емес: жалақының үштен бірі кредитті өтеуге кетсе, ол қандай өмір?! Үкімет қаржылық сауаттылық бағдарламасын қабылдап, белсенді жүзеге асыруда, оның аясында азаматтарды қарызсыз өмір сүруге үйреткен сыңай танытады. Бірақ мемлекеттің өзі көрпесіне қарай көсіліп, табысына қарай өмір сүруге үйрене алмай келеді", – деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу