Электромобильдер мұнай ғасырының аяқталуын қалай жеделдетіп жатыр?

2258

Осы онжылдықтың соңында дүниежүзінде сатылған көліктердің жартысына жуығы электр қуатымен жүруі мүмкін. Және де мұндай машиналар қазірдің өзінде Қытай нарығының төрттен бірін жаулап алған. 

Электромобильдер мұнай ғасырының аяқталуын қалай жеделдетіп жатыр? Фото: Reuters.com

Дубайда өтіп жатқан COP28 климаттық саммитінде қазба отынды пайдалануды қысқарту қарқыны баяу деген уәж көп айтылды. Бірақ делегаттар байқаған бір жағымды тенденция сол – қазір бүкіл әлемде электромобиль (EV- electric vehicle) парктері кеңейіп, экологиялық таза көлікке сұраныс таңқаларлық деңгейде өсіп жатыр.

Осы сала сарапшыларының пікірінше, кейінгі жылдары электромобильдер сатылымының артуы жаһандық мұнай тұтыну деңгейін шарықтау шегіне жеткізу процесін жеделдетуі мүмкін. Оның үстіне, үкіметтер батареямен жүретін көліктердің бағасын түсіру үшін субсидиялар бөліп, жасыл технологияны жетілдіруге көп күш салып жатыр.

Штаб-пәтері Парижде орналасқан және өнеркәсібі дамыған 29 ел кіретін Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) болжамынша, әлемдік мұнай тұтыну деңгейі өзінің шегіне осы онжылдықтың соңында жетіп, тәулігіне 103 миллион баррельді құрайды. Ал 2040  жылы тәулігіне тек 105 миллион бөшке мұнай өндірілмек.  

"Ойынды өзгертуші – электрификацияға көшуге саяси қолдау. Соның нәтижесінде транспорт секторы тарапынан мұнайға сұраныс айтарлықтай азайып барады. Көлік саласы – қазба отынға жаһандық сұраныстың негізгі факторы", - дейді ХЭА-ның энергетикалық модельдеу жөніндегі маманы Апостолос Петропулос "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

ХЭА-ның дерегінше, дүниежүзіндегі мұнайға сұраныстың 60 пайызы - көлік секторынан. Соның 10 пайызы - АҚШ-тың транспорт саласының үлесінде. Бұл көрсеткіштер азаюы керек. ХЭА-ның болжамынша, 2030 жылға қарай электромобильдер мұнайға әлемдік сұранысты күніне шамамен 5 миллион бөшкеге қысқартпақ.

ХЭА-ның өзге бір мәліметінше, бүгінде әлемде сатылып жатқан барлық автомобильдердің 13 пайызға жуығы – электромобильдер. Осы онжылдықтың соңына дейін бұл көрсеткіш 40-45 пайызға дейін өсуі ықтимал.

2015 жылы қабылданған Париж климаттық келісіміне сәйкес, жаһандық температура индустриалдық дәуірге дейінгі деңгейінен 2 градустан артық аспауы керек. ХЭА-ның мәлімдеуінше, бұл мақсатқа сәйкес келу үшін 2030 жылы дүниежүзілік нарықта сатылған көліктердің 70 пайызы электромобильдер болуы қажет.

Сатылым бұл белеске көтеріле ала ма, ол жағы әзірге белгісіз.

АҚШ-та General Motors, Ford, Stellantis тәрізді электромобиль шығарушылар соңғы апталарда бұндай машина шығаруды жеделдету жоспарынан бас тартты немесе кейінге қалдырды. Себебі жұмыс күшіне шығын көбейіп, пайыздық мөлшерлеменің біршама жоғары болуы өсімді баяулатып отыр.

Дегенмен, ұзақмерзімдік перспективада электромобиль аккумуляторларының арзандауы мүмкін. Сондықтан электр қуатымен қозғалатын көлік нарығы дамуын жалғастырады деген оптимистік болжам бар.

Қытайда арзанырақ

Сала сарапшыларының пікірінше, болашақта электромобильдерді енгізу жылдамдығы оның бағасына және зарядтау станцияларының көбеюіне байланысты болады. Қытай екі жағынан да басымдыққа ие.

Ұлыбританияның JATO Dynamics зерттеу фирмасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың ортасында Қытайда орташа электромобильдің бағасы 31 165 еуро (33 964 доллар) тұрды. Және де мұнда ең арзан электр көлігі бензинмен жүретін ең арзан баламалы автомашинадан 8%-ға арзан болған. Бұл жаппай мемлекеттік субсидиялардың және электромобиль өндірісінде өте маңызды саналатын сирек металлдың қол жетімділігінің арқасында мүмкін болып отыр.

Электрлік көліктер Қытай нарығының төрттен біріне ие және бұл ел жаһандық өсімге жетекшілік етуі ғажап емес.

Америка Құрама Штаттарында, керісінше, электромобильдің орташа бағасы Kelley Blue Book автомобиль зерттеу компаниясының деректеріне жүгінсек,  53 000 доллардан асады, бұл бензинмен жүретін көліктен шамамен 5 000 долларға қымбат.

Америка Құрама Штаттары, сондай-ақ, қоғамдық зарядтау станцияларының жалпы саны бойынша Қытайдан біршама артта қалды. Электрлендіру институты қазан айында жарияланған ресми құжатына сүйенсек, Америка Құрама Штаттарында 52 000-ға жуық, Еуропада 400 000-дей, ал Қытайда 1,2 миллионға жуық қоғамдық зарядтау станциялары салынған.

Осыған қарамастан, ХЭА болжамынша, 2030 жылға қарай электромобильдер АҚШ-тағы жаңа автокөліктердің 50%-на дейін өспек. Өйткені, жетілдіріліп жатқан технология, бағаның түсуі және жанармай құятын станциялардағы қымбатшылық жүргізушілерді EV-ті таңдауға итермелейтін тәрізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу